Жүрек соғысын күзеткен шипагер
Халықтың денсаулығы – елдің басты байлығы. Осы жолда заманауи медицинаның озық үлгілерін игеріп, адам өмірін арашалауда аянбай еңбек етіп келе жатқан ұжымның бірі – Қазалы аудандық орталық ауруханасының кардиология бөлімі. Жүрек-қан тамырлары ауруларымен күресте өңірдегі жетекші орталыққа айналған бөлімнің құрылғанына көп уақыт өтпесе де, қол жеткізген табыстары мен құтқарған адам өмірлерінің саны айтарлықтай үлкен.
Тарих белестері мен жаңа дәуір
Іргетасы 2019 жылы қаланған кардиология бөлімі содан бері аймақ тұрғындарына үзіліссіз шипа дарытып келеді. Дәрігерлер мен мейіркештердің кәсібилігінің арқасында бөлімнің беделі күн санап артты. Дамудың жаңа сатысы ретінде өткен жылдың қаңтар айында кардиология бөліміне жаңадан салынған, заманауи талаптарға толық сай келетін еңселі ғимарат берілді.
Бүгінгі таңда заманауи орталық 40 төсек-орынға шақталып, аймақтағы 4 бірдей ауданның Байқоңыр қаласы, Қармақшы, Арал, Қазалы аудандары және теміржол ауруханасының жүрек дертіне шалдыққан барлық науқастарын қабылдап, емдеуде. Бөлімде күніне орта есеппен 4-5 ота, ал ең қызған сәттерде 8-10 отаға дейін жасалып, мыңдаған жанның өмірге қайта келуіне жағдай жасалуда.
Білікті басшы – біріккен ұжымның қай кезде де ісі іркілмейтіні бұлжытпас заңдылық. Яғни кез келген сәтті жұмыстың артында ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы тұратыны анық. Бөлімнің ашылған күннен бастап қалыптасуына, заманауи технологияларды енгізуіне бірден-бір еңбек сіңірген тұлға – бөлім меңгерушісі, тәжірибелі кардиолог Ләззат Жұбанова десе артық айтқандық емес.
Ләззат Серікқызы бөлім жұмысын басқарып қана қоймай, хирургтар жасайтын күрделі оталардың басы-қасында үнемі табылады. Ол ота үстінде науқастың жалпы жағдайын, қан қысымын, ЭКГ көрсеткіштерін бақылап, егер кенеттен жүрек тоқтап қалу қаупі туындаса, жедел іске кірісіп, алғашқы көмекті ұйымдастырады. Адам өмірін қыл үстінен арашалап, оны осы дүниеге қайта алып келу Ләззат Серікқызы бастаған дәрігерлер бригадасының күнделікті ерлігі деуге әбден болады.
Ақ халатты басшының айтуынша, технология мен диагностиканың үндестігін ұтымды реттей білген кардиология бөлімі ең озық медициналық құрылғылармен жабдықталған. Мұнда жүрек-қан тамырлары ауруларының барлық түрлері емделіп, жоғары деңгейдегі коронарография процедурасы жасалады.
Бүгінде науқастардың нақты диагнозын анықтау үшін бірқатар заманауи аппарат сәтті қолданылуда. Жүрек УДЗ (УЗИ) аппараты мен ЭхоКГ – жүректің құрылымдық жұмысын нақты көруге мүмкіндік береді. Холтер – жүрек соғысының тәуліктік жұмысын үздіксіз бақыласа, СМАД аппараты – артериялық қан қысымының тәуліктік мониторингін жасайды.
Бөлім меңгерушісі Ләззат Серікқызы кәсібилік пен мейірімділік мекеніне айналған бөлімде қызметкерлер өз ісіне аса ұқыптылықпен қарайды дегенді алға тартты. Кардиология бөлімінде 35-40 қызметкерден тұратын, өз ісіне адал үлкен ұжым еңбек етеді. Олай болдса, дәрігердің емін науқастың бойына дарытатын, түнімен кірпік қақпай күзетте тұратын мейіркештер мен тазалық сақшыларының есімін ерекше атап өткен жөн. Осы қасиетті шаңырақта қызмет ететін маман қызметкерлердің толық тізімі ұсынылған:
Айгүл Нұрмағанбетова – ұжымның жұмысын үйлестіруші, тәртіп пен жауапкершіліктің ұйытқысы, бөлімнің аға мейіркеші. Ол басқару және арнайы диагностика жасауда алдына жан салмайтын білікті маман. Жүрек қатпарларын дәл анықтауда дәрігерлердің оң қолы санатындағы Парасат Арықпаева – УДЗ мейіркеші қызметін мінсіз атқарады. Құралай Әділбек науқастарды емдеу кезінде система, уколды сездірмей лезде салатын егу мейіркеші. Ем-дом шаралары мен инъекцияларды асқан ұқыптылықпен орындайтын маман.
Емдеу палаталары мен постардағы мейірімділік күзетін мінсіз атқаратын ақхалатты қызметкерлердің де орны ерек. Осындай емделушілердің жағдайын сәт сайын қадағалап, дәрі-дәрмектің уақытылы берілуін пост мейіркештері: Мәншүк Шаған, Гүлмира Шамишат, Марал Тлеуқұлова, Гүлшара Арыстан, Асия Азиева, Салтанат Айтуған, Гүлдана Есетова, Aсылзат Рахматали, Қарлыға Орынбаева, Гүлсанат Сырлыбаева, Әсел Түлепбергенова қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Назерке Өмірзақова мен Назерке Қарлыбай қазіргі күні бала күтіміне байланысты декреттік демалыста.
Шаруашылық және қолайлылық бағытын реттейтін Салтанат Росбек – шаруашылық кіші мейіркеші. Бөлімнің мүлкі мен шаруашылық қажеттіліктерін реттеуші.
Айгүл Үндір – ас таратушы, науқастардың уақытылы әрі құнарлы тамақтануын қадағалайтын қамқор маман. Сонымен бірге кіші мейіркештер: Зина Досмағанбетова, Гүлзинаш Сейталиева, Ольга Вальнова, Мөлдір Каменова, Жансұлу Тұрсынбай, Гүлгүл Өтеген, Аққағаз Өмірзақова мен Ақтолқын Садуақасова тазалық пен жайлылық сақшылары қатарында. Олар палаталардың мінсіз тазалығы мен санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ететін еңбекқор жандар.
Дәрігерлік жанайқай: Науқастарға кеңес
Бөлім мамандарының айтуынша, соңғы жылдары жүрек ауруларының жасаруы мен жиілеуі байқалады. Бұған басты себеп – заманауи қоғамдағы аз қозғалыс, фастфуд пен майлы тағамдарды шектен тыс тұтыну. Сонымен қатар жастар арасында энергетикалық сусындар (Дизи, горилла) мен газдалған тәтті өнімдерге деген әуестік қандағы холестеринді көбейтіп, қан қысымының көтерілуіне әкеп соғады. Сондықтан шипагерлер ұжымы әрбір азаматты белсенді қозғалуға, дұрыс тамақтануға және жүрек саулығына бей-жай қарамауға шақырады.
Қазалы аудандық ауруханасының кардиология бөлімі жоғары технология мен шексіз мейірімділік тоғысқан киелі мекен. Ләззат Жұбанова бастаған, аға мейіркеш Айгүл Нұрмағанбетова қостаған ұйымшыл ұжымның әрбір мүшесі адам жанының арашасы болу жолындағы қиын да жауапты қызметтерін мақтанышпен атқарып келеді. Олардың ортақ еңбегінің арқасында қаншама шаңырақтың түтіні түзу ұшып, қаншама жүрек қайтадан нық соға бастады. Тұрғындарға өмір сыйлаған абзал жандардың еңбектері елене берсін демекпіз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА















