Күлкі мен ойға толы кеш
Өнер – халықтың рухани азығы.Ал театр – сол азықтың қайнар бұлағы. Жақында киелі өнердің шамшырағын жағып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған керемет туынды сахналанды.Қазалы қалалық мәдениет үйінің сахнасында көрсетілген қойылым–белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың 1 актілі, 4 көріністі «Құдағилар» комедиясы.
Қойылымның басты мақсаты – ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын дәріптеу, театр өнері арқылы халыққа мәдени демалыс сыйлау болатын. Сахна төрінде өрбіген оқиғалар желісі, әзіл мен шынайы өмір астарласқан сюжеттік иірімдер және әртістеріміздің жоғары шеберлігі көрермен қауымды бірде күлдіріп, бірде терең ойға қалдырды.Қазақ халқының салт-дәстүрін, отбасылық қарым-қатынастар мен құда-жекжаттар арасындағы қызықты жағдайларды әжуалайтын Сұлтанәлі Балғабаевтың «Құдағилар» комедиясын сахналық нұсқада көрермен назарына режиссер Бақыткелді Надиров ұсынды. Құдағилар арасындағы тартыс пен отбасылық құндылықтарды шебер жеткізген қалалық мәдениет үйі жанындағы халық театрының шығармашылық ұжымына көрермендердің ыстық ықыласы мен толассыз шапалағы берілген ең үлкен баға болды.Қойылымның сәтті шығуына әртістеріміздің еңбегі орасан. Сахна төрінде кейіпкерлерінің жан дүниесін ашып, көрермен жүрегінен орын тапқан жандар кімдер? Гүлрайхан рөлінде –Толғанай Күнділдаева, Сайдаш рөлінде –НұрсәулеБаймұратова, Назипа рөлінде –Айлуна Ағайдар, Баймұрат рөлінде –Асылбек Көшербаев, Мейрамғали рөлінде –Ғасырбек Аралхан, Раушан рөлінде –Аңсаған Оспан.Сондай-ақ, қойылымның әсерін арттырып, музыкамен және жарықпен көркемдеген –Дастан Пірімбаевтың еңбегін ерекше атап өтуге болады.
Театр – адам жанының тазаруына жол ашар орта. Қазалы қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары осы қойылым арқылы көрерменге тек көңіл-күй ғана емес, отбасылық қарым-қатынастың нәзік тұстарын да таныта білді. Өнер ұжымының алдағы уақытта да жаңа қойылымдарымен халықты қуанта беретініне сенім мол.
Айнұр ӘЛИ














