Еңбегімен елге елеулі
Әр халықтың дүниетанымы, рухани байлығы, тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрі дәл осы мәдениет деген асыл ұғыммен ұштасып жатыр. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Сонымен қатар мәдениет – адамзат тұлғасын деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Осынау асыл салада қызмет атқарып, бейнетінің зейнетін көріп отырған жанның бірі – киномеханик, мәдениет саласының ардагері Мейрамбай Әлімбаев. Сенбіде Бозкөл ауылдық мәдениет үйінде ардагердің 85 жылдығына орай «Еңбегі ерен – нар тұлға» атты киноүзінділерін сахналаудан облыстық байқау өтті.
Аталған байқауға облыстың түкпір-түкпірінен, Сырдария, Жалағаш, Қазалы аудандарынан барлығы алты ұжым қатысып, бақ сынады. Сырдың үздіктері жиналған өнер додасының шымылдығы ауыл әкімі Ақылбек Бөлебайдың алғысөзімен түрілді.
– Бүгінгі байқаудың негізгі мақсаты еңбек адамын, Мейрамбай ағамыз секілді азаматтарды насихаттау, жас ұрпақтың кино саласына деген қызығушылығын арттыру, өнерлі жастардың шығармашылығын дамытып, халыққа таныту болып табылады. Өйткені келешек жастардың қолында. Сонымен қоса мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Осы сәтті пайдалана отыра барша мәдениет саласының мамандарын мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – халқымыздың бай мәдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтарды жұдырықтай жұмылдыратын мерейлі күн. Бұл – қалам сертін қалтқысыз атқарып жүрген ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатуда көмегін аямайтын кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нәрін сыйлайтын театр және опера әртісінің, өңірлерлердегі мәдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегін елеп, алғыс айтатын кəсіби мереке, – деді ауыл әкімі өз сөзінде.
Мұнан соң байқау басталып, қатысушылар бір кезең бойынша әртүрлі киноны сахналады. Оның ішінде көрермен жүрегінен орын тапқан көріністер көп болды. Одан кейін сарапшылар қорытындысы шығып, нәтижесінде байқаудың бас жүлдесін Әйтеке би кенттік мәдениет үйі жанындағы драма ұжымы жеңіп алды. Бірінші орынды Жалағаш ауданындағы Жаңадария ауылдық мәдениет үйі ұжымы иеленсе, екінші орынды Бозкөл ауылдық мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесі мен Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылы алды. Ал үшінші орынды Тасарық ауылдық клубы мен Бекарыстан би ауылының драма үйірмесі місе тұтты. Жеңімпаздар арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар алды. Осылайша облыстық киноүзінділерін сахналау байқауы өз мәресіне жетті.
Серік АҚМЫРЗА