Білім саласы өкілдерімен кездесу өтті
Бүгін аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық мәслихат депутаттары Ерболат Мұхаш, Эльмира Нұрмағанбетова және Есет Табынбаев білім саласының өкілдерімен кездесу өткізді.Кездесу барысында Атқарушы хатшы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталып, партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысын кеңінен баяндады. Атап айтқанда, елді мекендерді газдандыру, шалғай ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, автомобиль жолдарын жөндеу және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар сөз болды. Сонымен қатар әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамалар да қамтылды.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Атап айтқанда, көше жолдарын жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, түнгі жарықтандыру мәселелері көтерілді. Өз кезегінде депутаттар әр сұраққа түсіндірме беріп, оларды бақылауға алатынын жеткізді.Сала қызметкерлері халық қалаулыларының ел игілігі жолындағы бастамаларына қолдау білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.














