«Жер аманаты»: жер қайтаруда жүйелілік бар
Фото: Жасанды интеллектҚазақстан – жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын, табиғи ресурсы мен кеңістігі мол мемлекет. Ұлан-ғайыр аумақтың басым бөлігі ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал өсіруге қолайлы. Тіпті жайылымдық жер көлемі жөнінен еліміз әлемде алғашқы бестікке кіреді. Мұндай көрсеткіштер сырт көзге елде жер мәселесі жоқтай көрінуі мүмкін. Алайда көптеген ауылдық елді мекендердің айналасында мал жаятын жердің тапшылығы жылдар бойы шешімін таппай келеді. Кең байтақ даласы бар ел үшін бұл – расында да парадоксқа толы жағдай.
Бұл мәселе мемлекет деңгейінде де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында кемінде 5 миллион гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару қажеттігін атап өтті. Бұл бастаманың түпкі мақсаты – игерілмей бос жатқан немесе заңсыз пайдаланылып келген ауыл шаруашылығы жерлерін қайта айналымға енгізіп, ең алдымен ауыл тұрғындарының игілігіне беру. Яғни, жер – нақты еңбек етіп, оны тиімді пайдаланатын адамдардың қолында болуы тиіс деген қағида алға шықты.
Осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында «Amanat» партиясының жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, еліміздің барлық өңірінде жүйелі жұмыстар қолға алынды. Комиссияның басты міндеті – пайдаланылмай жатқан немесе заң талаптарына қайшы игерілген жерлерді анықтап, мемлекет меншігіне қайтару және оны әділ әрі тиімді үлестіру.
Бүгінде осы мәселені оңтайландыру мақсатында аймақта нақты жоспар бекітілген. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, биыл облыс бойынша 30 мың гектар жерді қайтару көзделіп отыр. Осы жоспар аясында өткен жылдың желтоқсан айында облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Жахановтың қатысуымен аудандарға бөлініс жасалып, нақты межелер белгіленді. Соның ішінде Қазалы ауданына 4500 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару міндеті жүктелген.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің дерегіне сәйкес, жыл басынан бері жалпы көлемі 900 гектар болатын 3 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Дегенмен бұл көрсеткіш жоспарланған межемен салыстырғанда әлі де жеткіліксіз.
Жалпы алғанда, Қазалы ауданында 2022 жылдан бастап 2025 жылдың қыркүйегіне дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы 72 500 гектар жерді қайтарып, қайта айналымға енгізу жоспарланған. Алайда бүгінгі күнге дейін бұл бағыттағы жұмыстар толық қарқын алған жоқ. Қазіргі таңда бар болғаны 26 325 гектар жер ғана қайта айналымға енгізілген. Оның ішінде 21 465 гектар жер ауыл маңындағы жайылымдық аумақтарды кеңейту мақсатында арнайы резервке қалдырылған.
Сонымен қатар 695 гектар жерге қатысты белгілі бір шектеулер бар. Атап айтқанда, бұл аумақтар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізіне жақын орналасуына, Сырдария өзенінің су қорғау аймағына кіруіне және «Сібір ошағы» деп аталатын қауіпті аумаққа жатуына байланысты жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай отыр.
Қайтарылған жерлерді тиімді пайдалану бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, жалпы көлемі 13 089,9 гектар болатын 54 жер учаскесі конкурсқа шығарылып, ағымдағы жылдың 26 наурызындағы жер комиссиясының шешімімен 4750 гектар жерді қамтитын 17 учаске нақты пайдаланушыларға табысталды. Ал қалған 8339,9 гектар жерді құрайтын 37 учаске бойынша қайта конкурс жариялау жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, 10 925,1 гектар жерге қатысты жерге орналастыру рәсімдері әлі де жүргізіліп жатыр.
Ауыл халқы үшін жер – жай ғана ресурс емес, тіршіліктің өзегі. Мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін жайылым – негізгі күнкөріс көзі. Сондықтан елді мекендер маңындағы жайылым тапшылығы мәселесі халық арасында жиі көтерілуі заңды. Бұл түйткілді шешу үшін мемлекет тарапынан түрлі тетіктер қарастырылып, нақты шаралар қолға алынуда.
«Жер аманаты» жобасы аясында тиімсіз пайдаланылған немесе мақсатсыз игерілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Ең маңыздысы – қайтарылған жердің игілігін нақты еңбек етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға ниетті азаматтар көруі тиіс. Сонда ғана жер өзінің шынайы құнын ақтап, ауыл экономикасының дамуына серпін береді. Алдағы уақытта белгіленген жоспарлар толық орындалып, ауыл тұрғындарының жайылымға деген қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі деген үміт бар.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














