Профессор жерлесіміз ЮНЕСКО-ның Алтын медалімен марапатталды
Өткен, 2025 жылды Сыр өңіріндегі тамыры терең, тарихы кенен қасиетті Қазалының киелі топырағында дүниеге келіп, кіндік қаны тамған, туып-өскен, ержетіп, орта және арнаулы орта білім алған, онан әрі білім қуып, бар өмірін ғылым жолына арнаған профессор Орақ Жолмырзаұлы Алиевтің 80 жасқа толуы жерлестері үшін мақтануға тұрарлық мерей той жылы болды десек артық айтқандық емес.
Өйткені, 1945 жылдың 15-мамыры, мамыражай көктемде жарық дүние есігін ашқан жерлесіміз соңғы алпыс жылда өмірде алға қойған мақсатына жету жолында білім қуып, туған елден тыс жерлерде болды, өмір сүрді. Бірақ, жыл сайын қолы қалт еткен сәттерде, еңбек демалыстарында елден қол үзген жоқ. Сондықтан ауылдағы әулетінен тараған туған-туыстары, қайда жүрсе де қол үзбеген сыныптас, тағы басқа достары мерейтойыңызды ауылдан бастағанды жөн көрді. Оның үстіне бұл қуанышты мерекеге өмірлік жұбайы Сәулеге қосылып, жаңа өмір бастағандарына елу жыл – жарты ғасыр толған Алтын тойлары қосылды. Сонымен туған жерде үш күн бойы салтанатты мереке болды. Тағылым аларлық үлгілі өткен тойға қатысқан ел ақсақалдары ризашылықпен баталарын берді.
Осы кезден бастап ауылдан шыққан академик Орақ Жолмырзаұлы Алиев жайлы аудандық, облыстық, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде мақалалар жарияланып, теледидарларда түрлі кездесу кештері жайлы хабарлар беріліп жатты.
Сонымен қатар, сексен жасқа жеткен мерейтой жылында бар өмірін білім-ғылымға арнаудан жалықпайтын Орақ ағамыз тек Қазақстан ғана емес, әлемнің бірсыпыра елдеріндегі әріптестері, жанашыр тілектестерімен қатар жерлестерін де тағы бір қырынан көрсетіп, таңқалдырды. Соның нәтижесінде «Тұран-Астана» университетінің жаңа ғимаратының мәжіліс залында оның алдымен шетелдік әріптестері мен достарына арналған баспадан жаңа шыққан «Білім жолындағы тар жол, тайғақ кешу» атты орыс тілінде жазған кітаптың тұсаукесерінің куәгері болдық. Сонымен қатар, бұған арнайы шақыртумен қатысқандар осында ашылған профессор Орақ Жолмырзаұлының атындағы «Білімтану-зерттеу ғылыми орталығында» болып, пікір алысты. Ал, осы 2026 жылдың қаңтар айының басында Астана қаласында Орақ Жолмырзаұлы Алиевтің 80 жасқа толуына арналған мерейтойлық конференция өтті. Бұған еліміздің білім-ғылым саласындағы тілектес әріптестері және достарымен қатар Ресейдің бірнеше қалаларынан, Белоруссиядан, Өзбек, Қырғыз республикаларынан әлемге атышулы ғалымдар қатысып, баяндамалар жасап, өздерінің риясыз көңілінен шыққан жүрек тебірентерлік тілектерін айтты.
Осыдан кейін ізінше профессор Орақ Жолмырзаұлы Алиевтің 80 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі Одақтық дәрежедегі Ұйымдастыру комиссиясынан мерейтой иесінің Татарстанның Қазан қаласындағы ЮНЕСКО-ның «Миротворец Планеты» аталымы бойынша «Роза Мира» алтын медалімен марапатталғаны жайлы аса қуанышты хабар келді. Көп ұзамай осы жоғары награданы тапсыру үшін Ресейдің Москва қаласынан шақыру алған еді.
Жуырда жерлесіміз Орақ Жолмырзаұлы Алиев Москваға барып, ЮНЕСКО-ның қатысуымен ұйымдастырылған БРИКС-тің халықаралық конгресінде болып, омырауына жоғарыда аталған «Роза Мира» алтын медалін жарқыратып тағып, қоса берілген арнайы дипломын алып қайтты.
Жерлесіміз Орақ Жолмырзаұлының халықаралық дәрежедегі Алтын медальмен Қазақстанда марапатталған тұңғыш және әзірше жалғыз адам екендігін атап айтуымыз керек.
Міне, осындай жағымды жаңалықты жерлестеріне хабарлай отырып, құтты болсын айтамыз!
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Қазалы ауданының Құрметті азаматы.
Астана қаласы.














