Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдан шыққан академик

Ауылдан шыққан академик

Жуырда еліміздің бас қаласы Астанадағы «Тұран-Астана» университетінің ғылыми кеңесінің шешімімен «Профессор О.Ж.Алиевтің білімтану зерттеу орталығы» ашылды. Орталықтың алғашқы шағын тұсау кесер рәсіміне қатысқан университет ректоры про­фессор Гүлжамал Жапарова, ҚР Ұлттық банкінің бірінші төрағасы Ғалым Байназаров, тұңғыш қазақ ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің экс депутаттары Ирак Елекеев, профессорлар генерал-лейтенант Абай Тасболатов пен Төлеген Қуанышев, философия ғылымдарының докторы Досмұхамед Нұрахмет, дәстүрлі медицина орталығының президенті Жасан Зекейұлы, орталық басшысының студенттік замандастары мен достары профессор Батыргелді Шымшықов, доценттер Күлзира Ысқақова, Жангелді Шымшықов, Білімтану зерттеу орталығының техникалық хатшысы Орынбасар Баймағамбет, тағы басқалар жүрекжарды игі де ізгілікті ниет-бата-тілектерін айтып, сәттілік тіледі.

Астана қаласындағы «Тұран-Астана» университетінің биыл ғана жаңадан салынып, пайдалануға берілген сегіз қабатты жаңа оқу ғимаратынан Орақ Жолмырзаұлы атындағы арнайы «Білімтану зерттеу орталығының» ашылуы біз үшін де үлкен мақтаныш болды. Сондықтан өзінің жанкешті тынымсыз еңбегімен тек қана респуб­ликамыз да емес, әлемдік деңгейде ұланғайыр жетістіктерге жетіп жүрген, мақтануға тұрарлық жерлесіміз Орақ Жолмырзаұлының қуанышына ортақтасу үшін Астана қаласында тұратын бір топ қазалылықтар мен аралдықтар арнайы барып, құтты болсын айттық.
Ғылым жолында өмір бойы жан-жақты ізденуден жалықпайтын Орақ Жолмырзаұлы бірден іске кірісіп, «Білімтану зерттеу орталығының» тұжырымдамасын жасап, оның ұраны мен мұратын, атқаратын қызметтерін, мақсаты мен міндеттерін айқындап, талдап үлгеріпті.
– Бұл «Білімтану зерттеу орталығы» халықаралық аяда жұмыс жасайтын ұйым. Сондықтан өз ойларыңыз бен пікірлеріңізді (қажет деп тапсаңыздар) үш тілде – қазақ, орыс, ағылшынша білдіріп, жазуларыңызға болады, ‒ дейді ол. Сонымен қатар арнайы келіп, қуаныштарымен бөліскенімізге шын жүректен ризашылығын білдірді.
Алиев Орақ Жолмырзаұлы «Тұран» білім беру корпорациясының вице-президенті, «Тұран-Астана» университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан экономикалық ғылымдар Академиясының вице-президенті, Шаруа­шылық философиясы академиясының ака­демигі (Ресей), М.В.Ломоносов атындағы ММУ жанындағы философиялық-эконо­микалық ғылыми жиналыстың толық мүшесі, «Еуропа-Азия» Халықаралық гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, Ақпараттық психология ғылыми-зерттеу орталығының (Ресей) құрметті профессоры, Халықаралық саяси экономиялық қауымдастықтың мүшесі.
Отандық екі және шетелдік он ғылыми журналдың ғылыми-редакциялық кеңесінің мүшесі, 350-ден астам жарияланған еңбектің, оның ішінде 2 жеке ғылыми монографияның, 3 кітапшаның, 3 оқу құралының авторы. Бұрынғы КСРО-ның орталық ғылыми журналдарында және қазіргі заманғы шетелдік басылымдарда 150-ге жуық мақаласы жарияланған.
КСРО Жоғары және орта арнаулы білім министрлігінің үздік студенттік ғылыми жұмысы үшін Құрмет грамотасымен (Мәскеу, 1972 ж.), ҚР БҒМ-нің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «ҚР білім берудің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, А.Байтұрсынов атындағы күміс және алтын медальмен, Л.Н.Гумилев атындағы медальмен, «ТМД ӘЛЕМІ» қоғамдық бірлестігінің «Ғылыми қызметтегі еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қызылорда облысы Қазалы ауданының құрметті азаматы.
Сонымен бірге осындай жағымды жаңалықтарымызды бүгінгі күн талабына сай шығып келе жатқан Қазалы аудандық «Қазалы» ақпараттық-танымдық, қоғамдық-саяси газетіне арнайы жолдап, сүйікті оқырмандарының да оқып білгенін қаладық.
Кіріспе сөзімнің соңында айтарымызды біреу біліп, біреу білмес. Бұл күндері тек Сыр өңіріне ғана емес, еліміздің мақтанышына айналған, ғылым шырақшысы атанған білімтанушы, ғылымтанушы, руханияттанушы, ауылдан шыққан академик Орақ Жолмырзаұлы Алиевтің өмір жолынан хабардар етуді жөн көрдім.
Орақ Жолмырзаұлы Алиев кейін әулет үлкендерінің айтқанындарының негізіндеөзі зерттеп анықтағанындай 1945 жылдың жаз айларында, яғни 15 шілдеде туғанмын деп есептейді. Қазалы ауданының орталығы Жаңақазалы қыстағында (қазіргі Әйтеке би кенті) қарапайым отбасында жарық дүниеге келген. Туған жеріндегі сол кездегі №71 жетіжылдық (қазіргі №204 Ы. Алтынсарин атындағы) мектебін бітірген соң Қазалы қаласындағы ауылшаруашылық техникумын тамамдаған. Алғашқы еңбек жолын механик болып Көкшетау облысынан бастап, онан әрі Кеңес Одағы кезінде әскери азаматтық борышын өтеген. Осыдан кейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, білімін терең де жан-жақты жетілдіруге ден қояды. Жоғарғы оқу орнын философия-экономика факультетінің «Саяси экономия» мамандығы бойынша жақсы бітірген Орақ Жолмырзаұлы студенттерге дәріс берумен қатар бірыңғай ғылыммен айналысу жолын қалап, қиындықтарына мойымай, тәуекел жасай отырып, келешек осы бағытта өз алдына үлкен мақсат қояды.
Бар өмірін ғылым жолына арнаған ол Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларына жол тартып, үлкен ғұлама ғалымдарымен етене араласып, тәжірибе алмасып, көп нәрсе үйренеді. Соның арқасында Орақ Жолмырзаұлы докторлық диссертациясын Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде ойдағыдай қорғап, айды аспанға шығарғандай болған еді.
Менің Орақ Жолмырзаұлымен етене танысып, бірге тығыз қарым-қатынаста пікірлес болғаныма соңғы он жылдың бедері болды. Өйткені, ол бірыңғай білім-ғылым қуып, бар ғұмырын ел астаналарында өткеріп келеді. Бірақ ол туған жер ‒алтын бесігінен қол үзген емес. Ағайын-туыс, дос-жаранның қуаныш-қайғысына қатысып, өзі оқыған мектебіне жиі-жиі келіп, мектеп ұстаздарымен, оқушы жастармен кездесіп сұхбаттасуға да уақыт таба біледі.
Бір-бірімізді сағына іздеп, әрдайым кездескен сайын ағамыздың айтқан ақыл-кеңесінен, өткен өмір жолынан сабақ алғандай боласың. Әрбір айтқан сөздері данадай, жан-жақты білімдарлығына таңқала табынамын. Оның бәрі тынбай ізденіп, көп оқитындығының, онан өзіне керегін алып,көңілге тоқитындығының, ерен еңбекқорлығының нәтижесі. Ол бірнеше бағытта қатар жұмыс жасай жүріп, көкірегі толы терең білімін кезкелген ортаға салып, талқылаудан жалықпайды.
Ол тыным таппайды. Айналысып жүрген қыруар жұмыстарының арасында уақыт тауып, жоғарғы оқу орнының аудиторияларында, жұмыс орнында сан алуан тақырыптарда ғылыми конференциялар, семинарлар, басқа да кездесулер ұйымдастырады. Мұндай шараларға атақты ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да зиялы қауым өкілдері, өмірдің әр саласында абыройлы еңбек еткен, елге сыйлы қазыналы қарттар арнайы шақырумен қатысып, ой-пікірлерін ортаға салады.
Ғылым-білім жолындағы өз істеріне алаңсыз жан-тәнімен берілген Орақ Жолмырзаұлы арасында мерзімді баспасөз беттерінде де түрлі тақырыптарда ой саларлық мақалалар жазып, жариялап, үнемі келелі, халықтың көңілінен шығатын қонымды ұсыныс-пікірлер айтып келеді. Ретті жерінде теледидар ұжымдарының шақыруларынан да қалмай, көпшілік көрермендермен де ашық пікірлесіп отырады.
Қазіргі кезде жерлесіміз Орақ Жолмырзаұлы Алиев өмірлік жұбайы, барлық уақыттағы тың бастамаларының қолдаушысы, кеңесшісі әрі көмекшісі Сәулемен бірге Астана қаласында тұрады. Олар сүйікті балалары Ғазиза мен Санжар, немерелері Жазира, Бекболат, Рауан, Батырхан, Биназирдітәрбиелеп, қызықтарына тоймай, өмір сүруде.
Орақ Жолмырзаұлы Алиев ағамыз 2025 жылы сексен жасқа толғалы отыр. Әлі қайратты, білім-ғылым жолында алға қойған мақсаттары, жүзеге асырар ойлары ұшан теңіз.
Біз мақтануға тұрарлық жерлесіміз Орақ Жолмырзаұлына зор денсаулық, қажымас қайрат-қуат тілей отыра діттеген армандарына жете беруіне шынайы ықыласымызды білдіреміз. Ылайым солай болғай.

Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
06 тамыз 2024 ж. 134 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031