ҚАЗАЛЫДА 1 МАМЫР - ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Бірлігі берекелі, татулығы тұғырлы болған мерейлі мерекеде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, Қазалы халқына жылы лебізін білдірді.
- Сан ғасырлар бұрын тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді. Бүгінде олар жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды.
Дана халқымыз «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бекер айтпаса керек. Расында татулықсыз, бірлік-берекесіз еткен еңбектің жемісі бекер болмақ. Бүгінгідей мерейлі мерекеде әр отбасыға мол бақыт, ашық аспан, бақ-береке тілеймін, - деген аудан басшысы сөзін қорытындылай келе ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып жүрген бірқатар жандарға “Алғыс хат” табыстады.
Бірлік пен татулық, тыныштық пен бейбітшілік күнінде дүйім жұрт әр ұлттың әні мен биіне, өнеріне қанық болып, концерттік бағдарламаның куәгері болды.
Орталық алаңға ағылған көпшілік еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын, халықтың ауызбіршілігін тілеп, бір-біріне ізгі тілектерін
жеткізді.

Қазақстан халқының бірлігі күніндегі шара Қазалы қаласында да жалғасын тапты. Мұнда жиналғандарға түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық тағамы сыйға тартылды. Сондай-ақ, мерекеге орай әннен шашу шашылып, бишілердің әр ұлттың биін билегені қала тұрғындарының көңілінен шықты.

Айта кетейік, шара соңында татулық пен бірліктің символы болған ақ көгершіндер ұшырылды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат