Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүзі басқа - жүрегі бір, тілі басқа - тілегі бір

Жүзі басқа - жүрегі бір, тілі басқа - тілегі бір

Қазалы топырағы тағдыр тәлкегімен Қазақстан аумағына қоныс аударған әр түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті мекен. 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында өңірде тұрақтап, тамырын жайып, өмір сүріп жатқан бірқатар ұлт өкілдерімен тілдескен едік.

Өмірім өскен өңірмен өрілді
Ресейдің Алатайский аймағы, Бийск қаласынан Байқоңыр қаласына көшіп келіп, 2000 жылдан бастап Қазалы топырағына қоныс тепкен Советова Алеся Андреевна орыс халқының өкілі, бүгінде қазақ отбасының келіні.
– Жалпы Қазалыдағы орыстардың дені қазақшаға судай. Араласатын ортам да қазақ. Мұнда көшіп келгенде 10 жаста екенмін. Қазақ тілін тез меңгеріп кеттім десем қателеспеймін. Алғаш келгенде ауызекі тілді ғана білсем, қазір еркін сөйлеймін. Сондықтан болар мұндағылар атым мен тегім орыс болса да, менің қазақшама таңданыс білдірмейді. Себебі нағыз қазақы ортада өскен соң, қазақи тәрбиені, құндылықтарды бойыма сіңірдім. Бұл ретте анамның, нағашыларымның септігі көп тиді. Соның арқасында бүгінде қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, бір үйдің түтінін түтетіп, келін атанып отырған жайым бар. Балаларым да қазақша тәрбиеленіп, қазақ тілінде білім алып жатыр. Өзімнің орыс ұлтынан екенімді ешқашан ұмытқан емеспін. Десек те бүгінде өмірім өзім өсіп-өнген өңірмен өріліп жатқан соң, өзімді қазақтан алыс санамаймын. Себебі мен жанымда жүрген жандарды, ұлтқа бөлмей, бәрін тең туыс көремін. Олар да мені жатқа балаған емес. Барлығымыз жиі басымызды қосып, әр мерекені ескерусіз қалдырмауды әдетке айналдырғанбыз. Осының өзі бейтбітшіліктің көрінісі емес пе? Осындай бақты бағалай білсек екен. Өзара тату болып, достығымызға сызат түсірмей, бәріміз бір болайық дегім келеді.

Туған топырақ тұмарыма айналды
Ұлы Отан соғысы жылдарында қуғын-сүргінге ұшырағандар санатында корей халқы да бар екендігін тарихтан білеміз. Сол жылдары Ресейдің Приморск өлкесінен Қазақстанға Қазалының байырғы тұрғыны саналатын Тен әулеті депортацияланған еді. Бүгінде ұрпақ сабақтастығын жалғаған әулеттің қызы Ким Елена Владимировна үшін туған топырағы тұмарына айналған.
– Мен Қазалы қаласында туып-өстім. Әке-шешем де осы өңірдің байырғы тұрғындары. Киелі мекенде туылып, көңілі даладай қазақ жұртының ортасында өсіп-өнгеніме қуанбасам, еш өкінген емеспін. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлкенің тұрғындары біздің басқа ұлт өкілі екендігімізге қарамастан жылы шырай танытатын. Мұны біз ешқашан ұмытпаймыз. Ал оларға деген біздің сыйластығымыз риясыз болуы шарт. Үлкендеріміз де: «Қазақ халқына деген сыйластықтарың риясыз болсын» деп жиі айтатын. Сол өсиетті өскелең ұрпаққа да аманат еткіміз келеді. Тек қазаққа емес, адамзаттың бәріне сыйластығымыз болса екен. «Сыйласаң – сыйлы боларсың» демекші, жарастық орнағанда ғана бәрі жақсы болмақ. Соны бәріміз естен шығармауымыз керек. Жер бетінде өмір сүріп жатқан тегі ме тілі басқа ұлттардың, тілегі бір болса екен деп Жаратқаннан тілеймін. Бірлігіміз берік, бекем болғай!

Жаныма жақын жұрттан жырақтамаймын
Қазалымен тағдырын тоғыстырған этнос өкілдерінің арасында өзбек ұлты да бар. Тарихи отанына көшпей, өз өмірлерін туған жерімен байланыстырып, тамырын тереңге жайған отбасының ұрпағы қазалылық Баймұратов Фархат Абдимуратұлы туған жерін жұмағына балайды.
– Тарихи тұрғыдан алғанда, қазақ пен өзбек халқының тілі ғана емес, діні мен ділі, мәдени құндылықтары да ұқсас. Тамыры тереңде жатқан рухани байланыс тіпті бауырластыққа айналды. Оған бүгінде қалыптасқан қарым-қатынас дәлел. Түріміз бен тіліміз бөлек демесек, жанымыз бір. Олай болатын себебі де жоқ емес. Қасиетті Қазалы қаласында күні бүгінге дейін бірнеше буын өмір сүріп, әлі де жасап келеміз. Біз сол буынның жалғасымыз. Күнделікті тірлігіміз қазақ ортамен байланысты болған соң, солармен біте қайнасып өмір сүрудеміз. Тіпті жергілікті жұрттан жыраққа кетсең, жаның жабырқап сала береді. Бұл өлке біздің туған жеріміз, оны ештеңемен айырбастау мүмкін емес. Тарихи отанымыз басқа болғанымен, бұл – біздің екінші үйіміз. Тамырымыз тереңге жайылған өлкеден бізден кейінгі буын да ұрпақтар сабақтастығын жалғай береді деп сенемін. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан барша ұлттың тұтастығы нығая берсін деп тілеймін.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ

29 сәуір 2023 ж. 363 0

Мен таңдаған мамандық

30 қараша 2024 ж. 46

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930