Татулық – тұрақтылық пен тыныштық тірегі

1995 жылы Қазақстанда дүние жүзінде бұрын соңды болмаған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгінгі таңда ол 500-ге жуық ұлттық-мәдени бірлестіктің басын қосып, татулықтың үздік үлгісін көрсетіп келеді. Ұйым әр халықтың дәстүр-салтын, ұлттық құндылықтарын дәріптей отырып, өзге этностың мәдениетіне деген сыйластықты қалыптастыруға үлесін қосты. Кешегі алмағайып заманда жер аударылып келгендерге көрсетілген қазақ халқының қонақжайлығы, жанашырлығы мен адамгершілігі қазіргі тастай татулықтың алғышартына айналды десек қателеспейміз. Сондықтан елдің тарихи тұрғындарына алғыс ретінде, ортақ Отанның гүлденуіне тілектестігін білдіру үшін қазақстандықтар 1 мамырда Бірлік күнін атап өтеді. Қазалы жұртшылығы да бұл мерекені көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды.
Мерекелік шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев сөз сөйлеп, барша қазалылықтарға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің мерекелік құттықтауын жеткізді.
– Татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символына айналаған бұл мерекенің еліміз үшін орны ерекше. Өйткені, мейрам Қазақстанды мекен еткен барлық ұлт пен ұлысқа ортақ. Сондықтан, бүгінгі мерекені ел бірлігін сақтауға айрықша үлес қосатын айтулы күн есептеймін. Бүгінде ауданымызда орыс, корей, татар, өзбек, украин, башқұрт, грек, қырғыз, түрікмен, неміс сынды 10-нан аса түрлі этнос өкілдері әлеуметтік, шаруашылық пен өндіріс салаларында татулықпен еңбек етіп, аудан экономикасының өркендеуіне зор үлес қосуда. Олар өздерінің ана тілдерін, салт-дәстүрлерін дамытумен қатар, «Тамыр терең, тарихы кенен - Қазалы» жерінде достықтың үлгісін көрсетіп келеді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан осындай ынтымақ пен бірлігіміз барша қазалылықтарды мол табысқа жеткізуде. Алдағы уақытта да аудан халқының береке-бірлігінің, ынтымағының, ауызбіршілігінің арқасында ел игілігіне бағытталған айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге аса берсін, – деді Жалғас Оңғарұлы.
Мерекелік құттықтаудан кейін Жалғас Сүйеубаев түрлі салада жемісті еңбек етіп, аудан экономикасының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар ұлт өкілдеріне аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Мерекелік шара барысында «Мәдени құндылықтар – ұлт қазынасы» атты көрме, «Бір шаңырақ астында...» атты үздіктер шеруі өтіп, бейбітшіліктің белгісі саналатын ақ көгершіндер көк аспанға самғады.
Мұнан соң аудан өнерпаздары жырдан шашу шашып, ұлттар достығы мен бірлігін дәріптейтін қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды.
Бұл мереке сан ғасырлар бойы қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағын одан әрі нығайтып, арман-тілегін бір арнаға тоғыстыратын күн. Расында татулықсыз, бірлік-берекесіз еткен еңбек бекер болмақ. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген тәмсілді бабалар бекер айтпаса керек.
Бүгінде ауданда 14 ұлт өкілдері түрлі салада еңбек етіп, қоғам дамуына зор үлесін қосуда. Бірлік күніне байланысты ұйымдастырылған мерекелік шеруде бір үйдің баласындай болып, қазақ, орыс, өзбек, украин, ұйғыр, грек, неміс пен тәжік ұлты өкілдерінің жақсы көңіл-күймен бірге келе жатқандығы – нағыз татулықтың белгісі.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА