Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Цифрлық трансформация – инновациялық шешімдер мен тиімділікті арттыру тетігі

Цифрлық трансформация – инновациялық шешімдер мен тиімділікті арттыру тетігі

Қазақстанды транзиттік хабқа айналдыру – ел алдында тұрған басты міндет. Бұл бағытта цифрландыру мен теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуды жайы жиі айтылып, оларды жүзеге асыру ісі қолға алынуда. Себебі көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану – әлемде жаңа географиялық жағдайдың қалыптасуына деген қам һәм қажеттілік. Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің №40 Қазалы теміржол байланыс дистанциясы – теміржол саласындағы қауіпсіздік пен үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ететін маңызды құрылымдардың бірі.
Механикалық шеберханадан – заманауи орталыққа
Болат жолдың бойындағы байланыс үні – Қазалы дистанциясының шежіресі тым әріден басталады.
Ғасырға жуық тарихында №40 Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясы уақыт талабына лайықты үн қосып, бүгінде аймақтағы ең іргелі кәсіпорындардың біріне айналып отыр.
Теріскейден Орынбор, түстіктен Ташкенттен басталғаналып құрылыс жүрген1904 жылы Көбек станциясында қос бағыт түйісіп, болат жолдың тамырына қан жүгірді. Осы айтулы оқиғамен бірге Қазалы станциясында алғашқы байланыс үйі бой көтеріп, өңірдегі байланыс саласының іргетасы қаланды.
1921 жылы Қазалыда механикалық шеберхана негізінде белгі беру және байланыс дистанциясы ресми түрде құрылған. Ол кезде бағдаршамдар орнын теміржол қауіпсіздігін қарапайым семафор, электржезді жүйелер мен Морзе телеграф аппараттары күзеткен. Бекбауыл мен Жосалы аралығындағы әрбір дыбыс, белгінің бәрі осы шеберхана жұмысшыларының қажырлы еңбегімен тікелей байланысты болды.
Уақыт талабына сай дистанцияның құрылымы да өзгеріп, жауапкершілігін кеңейтті.
1930жылдары Сексеуіл, Қазалы және Жосалы бекеттерінде жекелеген дистанциялар құрылып, болат жолдың 358 шақырымы сенімді бақылауға алынды.
1940-1950 жылдардағы сұрапыл соғыс пен соғыстан кейінгі қайта құру кезеңінде дистанция бірнеше мәрте атауын өзгертіп, ауқымын арттыра түсті. 1958 жылы Қазақ темір жолының біртұтас жүйесі құрылғанда, №26 Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясы болып тарихқа енді.
1970жылдары мекеме үшін үлкен жаңғыру кезеңі болды. Қазалыда 3 қабатты байланыс үйі бой көтеріп, блокты-маршрутты релелік орталықтандыру жүйесі іске қосылды. Бұл теміржол тарихындағы үлкен технологиялық бетбұрыс еді.1977 жылы Қазақстан темір жолдары үш ірі басқармаға бөлінгенде Батыс Қазақстан темір жолының құрамындағы №2 дистанция болып құрылымдалды.
1980жылдардан бастап пойыздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ПОНАБ-3, кейіннен ДИСК-Б құрылғылары орнатыла бастады. Бұл құрылғылар теміржол қауіпсіздігін қамтитын, пойыз қозғалыста келе жатқанда вагондардың техникалық ақауларын автоматты түрде анықтайтын маңызды жүйелер. Олардың негізгі міндеті — доңғалақ жұптарының мойынтіректері қызып кеткенін анықтап, апаттың алдын алу. Пойыз доңғалақтарының қызуын қашықтықтан анықтап, апаттардың алдын алуға мүмкіндік берді.
Ал егемендік алғаннан кейін, 1997 жылғы реформалардың нәтижесінде бүгінгі біз білетін қарышты қадаммен алға басқан №40 Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясына айналды.
Дәлдік пен даму
Теміржолдағы байланыс – аса жауапты сала. Байланыс жүйелері арқылы машинистер мен диспетчерлер өзара ақпарат алмасып, қозғалысты реттейді. Сондықтан байланыс бөлімінің қызметі тек техникалық емес, стратегиялық маңызға ие. Станция аймағында болған сәтте біз бұл саладағы кез келген дәлдік пен жауапкершілік – адам өмірінің қауіпсіздігімен тікелей байланыстылығын ұғындық.
Сондай-ақ пойыздардың уақытылы жүруін, диспетчерлік қызметтің дұрыс жұмыс істеуін және теміржол бойындағы барлық байланыс жүйелерінің тұрақтылығынажауапты. Қазіргі таңда дистанция Сексеуілден Жосалыға дейінгі аралықтағы барлық байланыс және радиобайланыс құрылғыларына қызмет көрсетеді. Темір жол қозғалысын ақпаратпен қамтамасыз етіп, түрлі аймақтар арасындағы байланысты нығайтатын бөлімшелердің қызметі қатаң регламенттелген. Темір жол бойындағы бағдаршам, бағыттамалы бұрма, теміржол өткелі, рельстік тізбектер – қызмет көрсету нысандары.
Мұнда қауіпсіздік – басты меже. Теміржолшылардың бұл түрі қауіпсіздікті тек ережелер жиынтығы емес, ол сан мыңдаған тетіктердің мүлтіксіз жұмысымен байналыстырады.
Белгіленген аралықтағы СОБ –сигналды орталықтандыру және бұғаттау – теміржол көлігіндегі ең маңызды техникалық құралдар кешені. Сала мамандары тілімен айтсақ, теміржолдың «миы» мен «жүйке жүйесі».Аралықта қостемір жол көлігінің бір уақытта бір-біріне бетпе-бет келуіне соқтығысуына жол бермей, бұрма электрожетектерін және релелік жүйелерді реттейтіндер осы мамандар.
Үздіксіз қозғалысты талап ететін күрделі механизмнің мүлтіксіз жұмыс істеуінде жауаптылар сандық деректер мен сапалы қызметке иек артқан.Қызмет көрсету аймағы 634,19 шақырымды учаскелерді қамтитын ірі кешеннің техникалық жабдықталуы мен жұмыс көлемісала арасында көш ілгері.
Қазалы мен Жосалы станцияларында орнатылған заманауи Ebilock-950 микропроцессорлық орталықтандыру жүйесі– теміржол автоматикасының ең соңғы үлгісі. Ол мыңдаған релелік байланыстарды шағын компьютерлік платаларға алмастырып, станциядағы бұрмалар мен бағдаршамдарды бір орталықтан, қатесіз басқаруға мүмкіндік береді. Адам факторын азайтып, қауіпсіздікті абсолютті деңгейге көтеруге қауқарлы.
Теміржол көлігіндегі пойыздардың қозғалысын бақылауға және инфрақұрылым нысандарын автоматты түрде диагностикалауға арналған кешенді жүйеASDC жүйелеріаумағы– 358,471 шақырым. Станциялар мен аралықтардағы құрылғылардың күйін қашықтықтан бақылап, олардағы ақауларды алдын ала анықтайтын «сандық бақылаушы» пойыздардың қозғалысын қадағалау, қай жерде келе жатқанын, оның жылдамдығы мен бағытын нақты уақыт режимінде көрсетеді.ASDC жүйесі Жосалы – Сексеуіл және Сексеуіл – Қосқөл учаскелерінде орнатылған. Артықшылығы – механиктердің әрбір құрылғыны бұрынғыдай тексеру үшін аралықтарға жиі шығуын қажет етпейді. Жүйе адам көзі байқамайтын ұсақ техникалық ақауларды анықтап, үлкен апаттардың алдын алады. Жөндеу жұмыстары «кесте бойынша» емес, «қажеттілік бойынша» жүргізіледі. Оң өзгерістер теміржолдың сенімділігін арттырып, заманауи диагностикалық және ақпараттық технологияны игеруге ұмтылдырған.
Дистанция бойынша барлығы 1072 бағдаршам жұмыс істейді. Вагондардың техникалық күйін автоматты түрде бақылау үшін КТСМ-02 және КТСМ-01D кешендері орнатылған.
Теміржол тасымалының қауіпсіздігі мен үздіксіздігі – заманауи технологиялардың үйлесімді жұмысына тікелей байланысты. Қозғалыста келе жатқан көліктің техникалық күйін қашықтықтан бақылайтын КТСМ – жоғары дәлдікпен жұмыс істейтін цифрлық кешен пойызды тоқтатпай-ақ, вагонның доңғалақ жұптары мен мойынтіректерінің қызып кетуін анықтауға мүмкіндік береді. Ол тек жылуды ғана емес, доңғалақтың рельске соққысын, қажалуын және вагонның басқа да техникалық параметрлерін бір мезетте тексере алады екен. Кез келген ауа райындақатесіз жұмыс істеуге бейімделген.Жағдайға талдау жасауға секундтар жеткілікті.
«Цифрландырудың тағы бір жемісі– МРЦ-13 арқылы адам факторынан болатын қателіктер азайып, болат жолдың қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтерілген. Бүгінде әрбір жолаушы мен әрбір тонна жүк осы сандық жүйелердің қырағы бақылауында. «Егер Ebilock-950 – заманауи цифрлық «ми» болса, МРЦ-13 – ең сенімді, релелік технологияға негізделген классикалық жүйе. Станциялардағы маневрлік жұмыстарды және пойыздардың қозғалысын басқаруға арналған электрлік орталықтандыру жүйесінің бір түрі», – деп түсіндірді жауапты маман.
Түсінгеніміз, жүйенің жұмысы мыңдаған электромеханикалық релелердің өзара байланысына негізделген. Маневрлік жұмысқа ыңғайлылығы басым. Станция ішіндегі вагондарды ары-бері жылжыту, құрамдарды жинау сияқты маневрлік жұмыстарды жылдам әрі қауіпсіз атқаруға арналған.
Теміржол байланысының сенімділігін бірнешешақырым магистральдық кабельдік желілер қамтамасыз етеді. Радиобайланыс жүйесіндежүздеген стационарлық радиостанция, цифрлық радиобайланыс құрылғылары мен пойыздық радиобайланыс құрылғысы бар.
Жерүсті транктік радиобайланысы – бұл кәсіби және маңызды қызметтерге теміржол, полиция, жедел жәрдем, төтенше жағдайларға арналған цифрлық радиобайланыстың халықаралық стандарты.Теміржол саласындағы рация – үзілмейтін, қорғалған және көпфункционалды байланыс жүйесі.
Жолдағы қауіпсіздік пен шұғыл әрекет етудің негізі — сапалы байланыс. Бүгінде Қазалы дистанциясы мен жалпы теміржол желілерінде кеңінен қолданылатын TETRA жүйесі дәстүрлі аналогтық радиобайланыстың орнын басып, саланы цифрландырудың маңызды сатысына айналды. Оның басты ерекшеліктері– жоғары дыбыс сапасын арттырып, цифрлық технологияның арқасында сыртқы шу басылып, дауыс анық жеткізуінде.Диспетчер бір уақытта барлық топқа немесе нақты бір адамға жеке хабарлама жібере алады.
Аға диспечер Эрик Есмаханов «ЦАП АЛСО» заманауи автоматтандырылған жүйе жұмысымен таныстырды.
Басты ерекшелігі – негізгі ақпарат машинистке жол жиегіндегі бағдаршамдар арқылы емес, тікелей локомотив кабинасындағы дисплей арқылы берілуінде. Оның теміржол автоматикасының жаңа деңгейі, теміржол көлігіндегі инновациялық шешімдердің бірі екендігін айтты.
«ЦАП АЛСО «ақылды теміржол» тұжырымдамасының маңызды бөлігі. Жаңа технология – пойыздардың арақашықтығын сақтау мен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі цифрлық бетбұрыс. Дәстүрлі автобұғаттау жүйелерінен айырмашылығы, пойыздың алдындағы жолдың бос немесе бос емес екендігі туралы ақпарат рельс тізбектері арқылы кодталған сигнал түрінде беріледі. Бұл сигналды локомотивтегі арнайы қабылдағыштар оқып, машинист кабинасындағы локомотивтік бағдаршамға шығарады. Сондай-ақ жол жиегіндегі жүздеген бағдаршамдарды орнату, оларға кабель жүргізу және күтіп ұстау шығындары қысқарады.
Тиімділігі – өткізу қабілетін арттыру. Пойыздардың арасындағы қауіпсіз қашықтықты икемді реттеуге мүмкіндік беріпі, жүк және жолаушылар тасымалының жиілігін ұлғайтады.Кез келген ауа райындағы сенімділік ұялатады», – дейді сөзінде.
Темірдей тәртіпке жүйеленген жұмыс кабинеттеріне арнайы рұқсатпен кіргенде, кең залды көріп, таң қалдық. Көрініс «аналогтық дәуірден» «цифрлық дәуірге» өткенінің нақты сипаттамасыеді. Қашықтықтан көпбейінді техникалық құрылғылар кешенін жүргізу аппаратурасын орналастыру үшін барлық ескі ғимараттар контейнерлік үлгідегі модульдермен жарақтандырылған. Гүрсілдер тыныштыққа ауысқан. Үлкен релелік шкафтар, үздіксіз гуілдеп тұратын салқындатқыш желдеткіштер мен электрлік разрядтардың шуынан тұратыны, жоғары жиілікті шу мен электромагниттік өріс адам денсаулығындағы есту қабілетіне, жүйке жүйесіне кері әсер ететіні көпке аян. Ал соңғы микропроцессорлық технологиялардың арқасында барлық құрылғылар ықшамдалып, серверлік орындар шағын, таза әрі дыбыссыз жүйеге көшкен. Бұл мамандардың жұмыс жағдайын айтарлықтай жақсартқан.
Мыс кабельден талшықты-оптикаға өту – байланыс сапасын түбегейлі өзгерткен басты техникалық төңкеріс.Бұрын пойыз өткенде немесе найзағай кезінде байланыс үзіліп, дауыс естілмей қалып, ақпарат тарату жылдамдығы төмен және қашықтық артқан сайын сигнал әлсірейтін болса, талшықты-оптикалық байланыс желісі жарық сәулесі арқылы ақпарат тарататындықтан, ешқандай электрлік кедергі әсерін сезінбейді. Бір талшық арқылы бір уақытта мыңдаған мәліметті, бейнежазбажәне дауысты жоғары жылдамдықпен жіберуге болады.
Экологиялық тазалыққа да үлесі зор.Талшықты кабельдер мен цифрлық аппараттар зиянды сәуле шығармайды. Сонымен бірге кабельдің тотығуы немесе ылғал тартуы деген мәселелер азайтып, оптикалық талшықтар берік әрі ұзақ мерзімділігімен сенімді.
Микропроцессорлық орталықтандыру – МПЦ пойыздардың қозғалысын басқару толықтай компьютерленген жүйеге алмастырған. Рельстердің күйін, локомотивтің техникалық жағдайын қашықтан бақылайтын сенсорлық жүйелер жұмысты оңтайландырған.
Кадрлық әлеует
Құрамында 34 станса мен бірнеше разъез бар дистанцияда бүгінде төрт жүзге жуық адам еңбек етеді. Қатарында бақылау аппаратына жауаптылар, телім бастықтары, байланыс аға электрмеханиктері, электрмеханиктер, радиобайланысшылар, электромонтерлер мен өзге де маман-жұмысшылар бар. Арнұр Дінахметов басқаратын мекемеде бас инженер Жанболат Досжанов, орынбасарлар Орынбай Пазылбеков, Жасұлан Қартабаев, Данабек Есқараевтар ұйымдастыруымен жұмыс жүйеге түзілгенін байқадық.Иелігінде байланыс үйлері, шеберханалар мен бекеттер сынды 88 ғимарат бар.Білікті мамандар ұжымы жедел жұмыс істеуі үшін автокөлік техникаларымен арнайы жылжымалы КТСМ модульдері қарастырылған.
Теміржол байланысшыларының еңбегі көбіне көзге көрінбейтінімен, қызметтері – бүкіл көлік жүйесінің тұрақты жұмыс істеуінің негізі. Олар күндіз-түні байланыс желілерін бақылап, ақауларды дер кезінде түзеп, қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жауапты мамандар Еркін Сейітмұратов, Дархан Арғынәлиев, Қаламқас Асантаева Қуаныш Қайыңбаев, Қайрат Көбенов, Төребек Бижанов, Нұрбек Жасанов, Әділбек Ермекқара, Ғалымжан Досмағамбетов, Жадырасын Бейімбетов, Талғат Асанов, Серікбек Бураханов, Нұрсұлтан Сардарбекұлы, Жаңабек Кемелбай, Мейрамбек Тілеков, Сәкен Аңсатов, сынды тәжірибелі мамандар ісі көпке үлгі. Жас мамандар Гүлзат Ерімбетова, Амагелді Әметовтер де тыңғылықтылығымен танылған.Бізді қызықтырғаны, мұндағылардың барлығы дерлік бірнеше буын болат жолы бойында тер төккен теміржолшылар ұрпақтары.
Көрнеу-көлденең мақтау немесе басқалар сынды бос сөз, сылдыр саясатты талқылап, уақыт өткізуге жоқ ұжымдағы үнсіздікті қалыптасқан қағида, жұмысқа деген жауапкершілік деп ұғындық. Мұндағы әрбір маман өз ісінің шебері. Станция кезекшісімен жедел байланыс орнату, бағдаршамның түсін қатесіз басқару, байланыс желісіндегі үзілісті дер кезінде жоюдың бәрі жоғары кәсібилікті талап етеді. Өндірісте жазатайым оқиғалардың алдын алып, қауіпсіздік шараларының сақталуына барлығы жұмыла үлес қосады. Барлық құрылымдық бөлімдердің еңбек қорғау инженерлері мен бөлім басшылары талай рет жарақатсыз жұмыс істеп, қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындағаны үшін еңбектерімен еленіп, мамандарымен мақталғандар.
Еңбегі ел игілігіне
Теміржол – мемлекеттің күретамыры болса, сол тамырдың тоқтаусыз соғуын қамтамасыз ететін нағыз мамандардың орны бөлек. Сондай біліктілігі жоғары мамандардың бірі – Нұрболат Қалниязов.
Нұрболат Бекарaлұлы «Автоматика, телемеханика және теміржол көлігіндегі қозғалысты басқару» мамандығы бойынша инженер біліктілігін алған М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының түлегі.
Еңбек жолын 2001 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Қазалы сигнализация және байланыс дистанциясында электромонтер болып бастаған ол қарапайым жұмыстан шыңдалып, тәжірибе жинақтап, Қазалы сигнализация және байланыс дистанциясында ЛАЗ қызметін көрсету бригадасында аға электромеханик байланыс қызметіне абыроймен сатылаған азамат.
Өзінің ширек ғасырға жуық еңбек жолында кәсібіне деген адалдығы мен тұрақтылығын аңғартып, білімі мен білігін жұмыс жүйелігіне бағыттап, әріптестері арасында дараланған.
Еңбекқор маманның еңбегі еленіп, әр жылдарда «ҚТЖ» ҰК» АҚ Президентінің Алғыс хаты, компанияның 25 жылдығына арналған, «Қазақстан темір жолына 120 жыл» мерейтойлық медалі және теміржол саласындағы 20 жыл мінсіз қызметі үшін құрмет белгісімен марапатталған.
Үнемі өз білімін жетілдіріп, заманауи талаптарға сай болуға ұмтылатын тәжірибелі қызметкер ғана емес, сонымен қатар жас мамандарға үлгі боларлық тәлімгердің еңбегі – ел игілігіне бағытталған адал қызметтің жарқын көрінісі.
Сөз соңы
Қос құрлықты байланыстырғанеліміздетеміржол желілерін цифрландыруды жеделдетіп, логистикалық қуаттылық артуда. Мемлекеттің стратегиялық көзқарасы мен міндеттері саланы «Цифрлық көлік дәлізі» ретінде дамытуды талап етіп отыр. Президент сөзімен айтсақ: «Теміржол саласын жаңғырту – бұл тек жаңа жол салу емес, бұл ең алдымен басқару жүйесін заманауи технологиялар негізінде жаңарту. Байланыс пен белгі беру жүйелері халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс».Қолға алған өзгерістер нәтижесі жылдамдық пойыздардың арақашықтығын қысқартып, өткізу қабілетін 20-30 процентке өсірген.
Қызмет көрсету аумағы ауқымды Қазалы дистанциясы ескірген аналогтық жүйелерден толықтай дерлік заманауи цифрлық технологияларға көшуі – болат жолдың қауіпсіздігін жоғары деңгейде сақтап, пойыздардың үзіліссіз қозғалысын қамтамасыз етуге кепілдік береді.
Қазалы белгі беруші, байланысшыларымекемесі талай қиындықтарды еңсеріп, заман ағымына сай жаңғыруда. Торап арқылы өткен әрбір пойыздың дыбысы – бұл байланысшылардың тынымсыз еңбегінің жемісі. Кешегі Морзе аппаратынан бүгінгі сандық жүйеге дейінгі жол –мыңдаған маманның маңдай тері мен табандылығы. Ұжым алдағы уақытта да ел игілігі үшін сапалы қызмет көрсетіп, теміржол саласының дамуына өз үлесін қоса берері анық. Цифрлық трансформация – инновациялық шешімдермен тиімділікті арттыру тетігі.Тұрақтылық пен заманауи білім ұштасқан жерде қауіпсіздік қашанда биік деңгейде болатыны анық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
28 сәуір 2026 ж. 28 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930