Теміржол – қауіпті аймақ
Қазалы жол дистанциясы Аралқұм-Қазалы, Қазалы-Жосалы, Жосалы-Қаракеткен аралығындағы 311,3 шақырым темір жолды қамтиды. Қазалы жол дистанциясының қызметкерлері тарапынан ай сайын жергілікті мал ұстайтын тұрғындармен «Темір жол – аса қауіпті» аймақ тақырыбында жұмыстар жүргізіліп келеді. Ағымдағы жылдың 3 айында 1590 мал иелерімен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жол бойында мал бағу ережелерімен таныстырылды.
Тұрғындарға, малдар пойыздар қозғалысына қауіп туғызып жол бойында ұсталса, заң жүзінде айыппұл салынатыны және әкімшілік шара қолданылатыны ескертілді. Дистанция тарапынан жол бойының малға қарсы қойылған қоршаулары жөнделді. Жолға мал шықпас үшін темір жолдың екі жағы 4-5 қатарлы сыммен қоршалған. Бірақ, бұл қойылған қоршау сымдар қараусыз жүрген малдардың темір жолға шықпауына тосқауыл бола алмай тұр.
Бүгінгі таңда темір жол үстіне қараусыз малдардың шығуынан, жылжымалы құрам алдында жолға бөгде адамдардың шығу салдарынан, не жол құрылғыларын ұрлау әрекетінен поездардың қозғалыс қәуіпсіздігіне қатер төндірілуде. 2026 жылдың 3 айы ішінде дистанцияда 2 рет қараусыз жүрген малдардың темір жолға шығып кету оқиғасы және 1 рет бөгде адамның темір жолдың белгіленбеген жерден өтуі тіркеліп отыр.
Тас жол мен темір жолдың бір деңгейде қиылысқан тұсы теміржол өткелдеріндегі жағдай да алаңдатады. Жабық тұрған теміржол өткелдерінен кейбір автокөлік жүргізушілерінің поезд алдынан өтіп кетпек әрекеттері де тіркелуде. Әрбір автокөлік жүргізушісі тарапынан теміржол өткелінде орын алған жол ережесін бұзу фактілері бойынша мемлекеттік автоинспекцияға мәлімет беріліп отырады. Ай сайын теміржол өткелінде көлік жүргізушілерімен таныстыру жұмыстары да жүргізілуде, бірақ нәтиже айтарлықтай емес. Сол себепті, осы айтылған меселелерге сәйкес темір жол бойында орналасқан тұрғындарға пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін сақтауда көмек көрсетіп, оқыс оқиғалардың алдын алуға баршамыз атсалысайық!
Ақайша МУСИНА,
Қазалы жол дистанциясының жетекші инженері













