Қазалы жол дистанциясына – 120 жыл

Олар – пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жыл он екі ай түзде жүретін жолшылар, машинистер, пойыз құрастырушылар, вагон қараушылар, жолсеріктер, тағысын тағы теміржолдың кәсіби мамандары.
***жалғасы 3-бетте
Жылдағы дәстүрге сай биыл да кәсібилігімен танылып, адал еңбегімен абырой арттырған бір топ сала еңбеккерлері түрлі марапатқа ие болды. Жақында ауданда сала мамандарының қос тойы қабат келді. Олай дейтініміз, теміржол тарихында өзіндік орны бар іргелі мекеме №60 Қазалы жол дистанциясының 120 жылдығына арналған «Ғасырдан да ұзақ жол» атты мерейтойлық салтанатты шара өтті.
Роза Бағланова атындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен іс-шараны аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев сөз сөйлеп ашып, теміржолшыларды алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен және №60 Қазалы жол дистанциясының ұжымын 120 жылдық мерейтойымен құттықтады.
– Қазалы ауданының теміржол саласының тарихы тым тереңде жатыр. Ел экономикасының «күре тамыры» саналатын бұл саланың стратегиялық маңызы, ел алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Ел тарихындағы бұл алғашқы темір жолдың аудан үстінен қиып өтетіні қазалылықтар үшін де зор мәртебе. 1905 жылдан бастап теміржол бойында жұмыс жасап келе жатқан іргелі мекеме №60-шы Қазалы жол дистанциясының құрылғанына биыл 120 жыл толып отыр. Бүгінде Қазалы жол дистанциясы Аралқұм станциясынан Жалағаш ауданындағы Қаракеткен станциясына дейінгі аралықта теміржолдарға күнделікті ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Мезгілдің ыстығы мен суығына, уақыттың күні мен түніне қарамай, еселі еңбектің көркін қыздырып, ел экономикасын еселеуге үлкен үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз, – деді Жалғас Оңғарұлы.
Мерекелік шара барысында Қазалы жол дистанциясының теміржолшылары марапат төрінен көрініп, оларға облыс әкімінің және аудан әкімінің міндетін атқарушысының, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі директорының «Алғыс хаттары» табысталды. Сондай-ақ №60-шы Қазалы жол дистанциясының зейнеткері Марат Ахметуллаевқа Қазалы ауданының Құрмет грамотасы табысталса, бірқатар мекеме қызметкерлері «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының «Құрмет грамоталарымен» марапатталды.
Одан соң Қазақстан теміржолы Ұлттық компаниясы Қызылорда магистралдық желі бөлімшесінің директоры Ербол Сәулебек пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов сөз сөйлеп, №60-шы Қазалы жол дистанциясының 120 жылдық мерейтойымен құттықтап, арнайы марапаттар табыстады.
Мерекелік кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Онда аудан өнерпаздары теміржолшыларға әсем ән арнап, керемет қойылымдарын қойып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айнұр ӘЛИ