Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Заңның қатаңдығы мен халықтың қырағылығы біріккенде ғана қауіпсіз қоғам қалыптасады

Заңның қатаңдығы мен халықтың қырағылығы біріккенде ғана қауіпсіз қоғам қалыптасады

Соңғы жылдары Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі мемлекеттік деңгейдегі ең өзекті тақырыптардың біріне айналды. «Бас жарылса, бөрік ішінде, Қол сынса, жең ішінде» деп жасырын қалатын жанжалдардың соңы қайғылы жағдайларға ұласуы қоғамда үлкен резонанс тудырып, заңнаманы түбегейлі қайта қарауға түрткі болды.
Қоғамның өзекті дертімен күрес, оның алдын алу, отбасындағы әлімжеттікке тосқауыл қою бағытында қандай жұмыстар жүзеге асуда? Ағымдағы жылы аудандағы ахуал қандай болды? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Қазалы ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Сәуле Бишековамен сұхбаттасқан едік...

– Сәуле Талғатқызы, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы көпшілікке түсіндірудің өзі артық шығар. Дегенмен бұл бағытта мемлекет тарапынан батыл өзгерістер орын алуда. Әңгіме басында осыларға қысқаша тоқталып кетсеңіз...
– Конституциялық, құқықтық, зайырлы мемлекетте заң – қатал, жаза – міндетті. Пкіріңіз орынды. 2024 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа заңнамалық өзгерістер еліміздегі құқықтық тәртіпті жаңа белеске көтерді. Ең басты жаңалық – тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау, яғни қылмыстық сипатқа ауыстыру.
Жалпы айтатын болсақ, бұрын «ұрып-соғу» немесе «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» фактілері бойынша тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылса, енді бұл әрекеттер үшін тікелей Қылмыстық кодекс бойынша жаза қолданылады. Бұл қадам агрессордың жазасыз қалмауын және жасаған әрекетінің салдарын терең түсінуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, тараптардың қайталанып татуласуына шектеу қойылды: егер заң бұзушы бір жыл ішінде екінші рет қол жұмсаса, іс бітімгершілікпен жабылмайды.
Бұрынғы тәжірибеде жәбірленуші арыз жазудан бас тартса, полицияның іс қозғауға мүмкіндігі шектеулі болатын. Қазір бұл тетік өзгерді. Бүгінде полиция анықтау сипатындағы жұмысқа көшті. Яғни, көршілерден, куәгерлерден немесе медициналық мекемелерден хабарлама түскен бойда, жәбірленушінің арызын күтпестен іс қозғалып, тексеру амалдары басталады. Бұл – қорқыныш пен қысым құрсауындағы әйелдер мен балаларды қорғаудың тиімді тәсілі.
Профилактикалық тетіктер мен ерекше талаптар да күшейді.
Зорлық-зомбылықтың алдын алуда қорғау нұсқамалары мен мінез-құлыққа қойылатын ерекше талаптар маңызды рөл атқарады. Сот шешімімен агрессорға жәбірленушімен байланыс жасауға, тіпті бір үйде тұрса да оның мазасын алуға тыйым салынады. Сондай-ақ, ішімдікке салынғандарға міндетті түрде емделу немесе психологиялық түзету курстарынан өту талабы қойылады.
Мемлекет тек жазалаумен шектелмей, Қазақстанның әр өңірінде зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары мен отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Мұнда қиын жағдайға тап болған жандарға: уақытша баспана мен тамақ, кәсіби психологиялық көмек, тегін заңгерлік кеңес беріледі.
– Жыл басынан бері ауданда отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы тіркелген құқық бұзушылықтар көрсеткішіне тоқталсаңыз. Жалпы ахуал қалай?
– Өкінішке қарай, «Ошақ қасы, от басы» деп жасырын қалатын жанжалдар әлі де тыйылмай тұр. Жыл басынан бері аудан бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында Ақпаратты есепке алу журналына барлығы 31 хабарлама тіркелді. Оның ішінде 2 дерек қылмыстық сипатта болған.
Әкімшілік құқық бұзушылықтарға келсек, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің Отбасы-тұрмыстық аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер туралы 73-бабымен 26 тұлға жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, сот шешімдерін орындамаған және қорғау нұсқамасын бұзған азаматтар да бар. Бұл цифрлардың артында бір отбасының тағдыры мен балалардың көз жасы тұрғанын ұмытпауымыз керек.
Бұл біздегі отбасылық-тұрмыстық ахуалдың нақты бейнесі. Аталған сандарды құрғақ статистика емес, әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан тереңірек талдасақ, жағдайдың бірнеше маңызды қырын ашуға болады. Алғашқысы, – зорлық-зомбылықтың «жасырын» сипаты. «Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды» деген қасаң қаиданың әлі де жойылмауы – қоғамдағы ең үлкен кедергі. Аз уақытта хабарламаның тіркелуі полицияға тек «шыдамның шегіне жеткен» немесе көршілер естіп қойған жағдайлар ғана жеткенін білдіреді. Шын мәнінде, үй ішіндегі айқай-шу мен қысым бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін, бірақ көбін «ұят болады» деген түсінікпен жасырылып қалуда.
Екіншіден, құқық бұзушылықтың құрылымын қарастыру маңызды. Әкімшілік сипаттағы балағаттау, отбасы мүшелерінің тыныштығын бұзу немесе жеңіл кикілжіңдер сияқты деректер отбасылардағы эмоционалдық тұрақсыздықтың жоғары екенін ұғындыруда.
Қылмыстық сипатына бойласақ, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу баптарының тіркелуі — жанжалдың тек сөзбен шектелмей, физикалық күш көрсетуге ұласқанын дәлелдейді. Бұл «дабыл сигналы». Мұндай әрекеттер ертең ауыр қылмысқа ұласу қаупін тудырады.
Ал «сот шешімдерін орындамаған және қорғау нұсқамасын бұзғандар» жайы да алаңдатарлық. Мұнда агрессор өз әрекетін «менің отбасым, өзім білемін» деген заңсыз қағидамен ақтап алғысы келеді.
Жанжалдардың жүйелілігі ауданда әр 3 күн сайын бір отбасында полицияның араласуын қажет ететін үлкен жанжал туындайтынын көрсетеді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алған үйде өскен балалар болашақта не агрессорға, не жәбірленушіге айналуы әбден мүмкін.
Бұл деректер ауданда тек полицияның ғана емес, сонымен бірге психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және дін өкілдерінің қатысуымен кешенді жұмыс жүргізу қажеттігін меңзейді. Заң тек жазалайды, ал отбасының ішкі мәдениетін тәрбие арқылы ғана өзгертуге болады.
– Қылмыстық істер бойынша тараптардың татуласуы жиі кездесе ме? Жәбірленушілердің құқығы қалай қорғалуда?
– Иә, заң аясында тараптар татуласуға құқылы. Мәселен, биыл орын алған 2 қылмыстық іс те ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру тараптардың өзара бітісуіне байланысты тоқтатылды. Бірақ бұл «кінәлі жазасыз қалды» дегенді білдірмейді. Біз олардың әрекетін жіті бақылауда ұстаймыз.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жыл басынан бері 28 азаматқа қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Бұл – жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі. Сонымен қатар, 17 тұлғаның мінез-құлқына сот арқылы ерекше талаптар белгіленді. Оның ішінде 13 адамға ішімдік ішуге мүлдем тыйым салынса, кейбіріне жәбірленушімен кез келген байланысқа түсуге, тіпті телефонмен сөйлесуге де шектеу қойылды.
– Кешірімнің соңы кешірілмес жағдайларға жиі ұшыратып отырған әлеуметтік мысалдар жеткілікті. Солай бола тұра татуласуға тырысу амалы әлі де басым. Сіздің ойыңызша отбасылық зорлықтағы кешірімнің астары қандай? Бұл татуласу ма, әлде тұзақ па?
– Дұрыс айтасыз. Ерлі-зайыптылардың түсініспеушілігі жиі болатын жағдай. Десе де бұл түсінік әлсізді соққыға жығу, денсаулыққа зиян келтіру және жүйелі түрде қорлау орын алған жағдайларға жол беру деген емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша полицияға хабарласып, артынша арызын қайтып алып, татуласу – біздің қоғамдағы ең үлкен қателіктердің бірі.
Психологиялық тұрғыдан қарасақ, зорлық-зомбылық ешқашан кездейсоқ орын алмайды. Ол белгілі бір айналмалы жүйе бойынша жүреді. Алдымен шиеленіс артады, содан кейін физикалық немесе эмоционалдық агрессия орын алады. Осыдан кейін ең қауіпті кезең – «бал айы» басталады. Агрессор өкінгенсіп, кешірім сұрайды, сыйлықтар беріп, енді қайталанбайтынына ант ішеді. Жәбірленуші оған сеніп, арызын қайтып алады, яғни «татуласады».
Бірақ бұл татуласу мәселені шешпейді. Ол тек келесі соққының алдындағы үзіліс қана. Уақыт өте келе «бал айы» кезеңі қысқарып, зорлық-зомбылықтың күші арта береді. Сондықтан мұндай жағдайдағы татуласу – мәселенің шешімі емес, оның созылмалы дертке айналуы.
Осы орайда «Заң неге татуласуға қарсы?» деген дәстүрлі сұрақ туындауы мүмкін. Бұрын агрессорлар заңның осы саңылауын шебер пайдаланып келді. Жәбірленушіге қысым көрсету, қорқыту немесе туыстарын араға салу арқылы татуласуға мәжбүрлейтін. Нәтижесінде құқық бұзушы жазасыз қалып, өз әрекетін жалғастыра беретін.
Жаңа заңнамадағы өзгерістер бұл үрдіске тосқауыл қойды. Егер зорлық-зомбылық әрекеті бір жыл ішінде қайталанса, тараптардың татуласуына жол берілмейді. Бұл – мемлекеттің жәбірленушіні оның өз шешімінен, көбіне қорқынышпен жасалған шешімінен, қорғау тәсілі. Жазаның бұлтартпастығы ғана агрессорды тоқтата алады.
Жалған татуласудың зардабын тартатындар бар.
Алайда көбіне қыз-келіншектер оған мүдделі. Татуласудың астарында тек ерлі-зайыптының қарым-қатынасы ғана емес, сол үйдегі балалардың тағдыры тұр. Алайда ұрыс пен соққыны көріп, соңынан «жалған татуласуға» куә болған баланың санасында махаббат пен зорлық-зомбылық қатар жүретін ұғым болып қалыптасады.
Агрессор «кешірім алдым» деп емес, «заңнан сытылып кеттім» деп ойлайды. Бұл оның келесі жолы ауырырақ қылмыс жасауына себеп болады.
Статистика бойынша, ауыр қылмыстардың көбі мәселен, кісі өлтіру, мүгедек қылу, бұрын бірнеше рет «татуласумен» аяқталған отбасыларда орын алады.
Шынайы татуласу тек агрессор өз қателігін мойындап, психологиялық түзетуден өтіп, жәбірленушінің қауіпсіздігіне 100 процент кепілдік берілгенде ғана мүмкін. Ал құрғақ уәдеге сеніп, заң алдындағы жауапкершіліктен құтқарып қалу – зорлықшының қолына қайтадан қару бергенмен тең.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықта татуласудың мәні – отбасын сақтау емес, зорлықты заңдастыру болып кетпеуі тиіс. Заңның қатаңдығы – әрбір шаңырақтың шын мәніндегі тыныштығының кепілі.
– «Даудың басы Дайрабайдың ала сиыры» дегендей, мұндай істерге көбіне маскүнемдік пен есірткіге тәуелділік тұрмыстық жанжалдар басты себеп болатыны анық. Осы санаттағы азаматтармен жұмыс қалай жүргізіледі?
– Дұрыс айтасыз, агрессияның көбі ішімдіктен туындайды. Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінде маскүнемдік бойынша – 229, есірткі қолданушы ретінде – 29 тұлға есепте тұр. Бұл адамдар – біздің тұрақты бақылауымыздағы «нысаналар».
Ауданда цифрлық жүйе жұмыстың жеделдігін арттырады. «FSM Social» – мемлекеттің әрбір мұқтаж отбасының жағдайын цифрлық форматта көріп отыруына және «өрт сөндіруші» емес, «алдын алушы» ретінде жұмыс істеуіне көмектесетін жүйе. Қазақстандағы әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке мұқтаж немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды жедел анықтауға және оларға дер кезінде көмек көрсетуге арналған цифрлық құрал негізінен мемлекеттік орган қызметкерлері: полиция, әлеуметтік қызметкерлер, әкімдік өкілдері, мұғалімдерге арналған жұмыс құралы болып табылады.
Аталмыш қызметкерлер үйлерді аралау кезінде отбасының тұрмыс деңгейіне, балалардың жағдайына баға береді. Егер отбасының жағдайы нашар немесе қауіпті деп танылса, деректер бірден қосымшаға енгізіледі. Қосымша арқылы ақпарат бір мезетте бірнеше органға жетеді. Мысалы, полиция қызметкері отбасыдағы жанжалды тіркесе, әлеуметтік қызметкер оған көмек беру қажеттігін жүйеден бірден көреді.
Бұл қосымша арқылы Қазалы ауданы бойынша да 3 ай ішінде 9 дерек жүктеліп, тиісті көмек көрсету шаралары басталған.
– Жыл басынан бері бірнеше алдын алу іс-шаралары өткенін білеміз. Олардың нәтижесі қандай? Бөлісе аламыз ба?
– Иә, әрине. Құқық қорғау органдарындағы ашықтық – бұл мемлекеттің құқықтық реформаларының ең басты көрсеткіштерінің бірі. Жыл басынан бері профилактикалық жұмыстар толастаған емес. Қаңтар айында «Отбасын қорғау», «Қауіпсіз аула», ақпан айында «Тұрмыс»жедел прфилактикалық іс-шарасы, ал наурызда «Қауіпсіз үй» рейдтік іс-шараларын өткізілді.
Мәселен, «Тұрмыс» шарасы кезінде 30-дан астам қызметкер жұмылдырылып, профилактикалық есептегі тұлғалар 48 рет тексерілді. Тәуекелді бағалау стандарты бойынша сауалнама жүргізіліп, зорлық-зомбылық көрсету қаупі жоғары 5 тұлға анықталды. Олармен жеке жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, «Қауіпсіз үй» шарасы барысында 130 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 6 азаматқа ресми ескерту берілді.
– Жазалау мәселелерді түбегейлі шеше ала ма? Білуімізше, бұл орайда түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Ол қай деңгейде?
– Түсіндіру жұмыстарының басты маңыздылығы — ол қылмыстың салдарымен емес, оның бастапқы себебімен, яғни адамның санасымен жұмыс істейді. Жазалау шаралары заңнан сескену арқылы уақытша тосқауыл қойғанымен, тек жүйелі ағарту және тәрбие жұмыстары ғана қоғамда зорлық-зомбылықты «қалыпты жағдай» емес, «адамгершілікке жат әрекет» ретінде қабылдайтын ішкі мәдениет пен құндылықтарды қалыптастыра алады. Түптеп келгенде, санасы өзгерген адам қорқыныштан емес, өз нанымы мен сыйластығына сүйеніп әрекет ететіндіктен, мұндай тәсіл отбасылық жанжалдарды түп-тамырымен жоюдың ең сенімді әрі ұзақ мерзімді жолы болып табылады. Сондықтан біз ақпараттық-насихат жұмыстарына басымдық береміз.
Жыл басынан бері білім беру ұйымдары мен кәсіпорындарда 69 кездесу өткіздік. Әлеуметтік желілерде 60-тан астам материал жариялап, халық көп жиналатын орындарда жадынамалар тараттық. Біздің мақсатымыз – әрбір азаматтың «зорлық-зомбылыққа төзбеушілік» мәдениетін қалыптастыру. Қарапайым тілмен тарқататын болсақ, «Зорлық-зомбылыққа төзбеушілік» мәдениеті –қоғамның әрбір мүшесінің кез келген зәбір көрсету әрекетін «қалыпты жағдай» деп емес, «төтенше оқиға» және «қылмыс» деп қабылдауы. Бұл тек заңның күшімен емес, адамдардың ішкі сенімі мен азаматтық ұстанымымен қалыптасады.
– Оқырмандарға айтарыңыз...
– Отбасы – мемлекеттің діңгегі. Егер сіздің шаңырағыңызда немесе көршіңізде әлімжеттік орын алып жатса, бейжай қарамаңыз. Полицияға хабарласу – отбасын бұзу емес, керісінше, үлкен қасіреттің алдын алу екенін түсінуіміз қажет. Заң бәріне ортақ, ал жаза міндетті түрде болады. Қоғамның көзқарасы өзгермейінше, мәселе толық шешілмейді. Сондықтан бүгінде елімізде «Зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыру бойынша ауқымды ақпараттық жұмыстар жүруде. Әлеуметтік желілердегі кампаниялар, мектептердегі тәрбие сағаттары мен БАҚ-тағы жарияланымдардың мақсаты бір – отбасылық құндылықтарды насихаттау және әлімжеттікке жол бермеу.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық — бұл тек бір отбасының қасіреті емес, бүкіл қоғамның дерті. Сондықтан заңның қатаңдығы мен халықтың қырағылығы біріккенде ғана біз қауіпсіз әрі бақытты қоғам құра аламыз.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
28 сәуір 2026 ж. 26 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930