“Балақайдың” базарлығы
Мәдениет орталығы жанындағы «Балақай» қуыршақ үйірмесі 2005 жылы Жақсыбай Байкеевтің жетекшілігімен құрылған. Үйірмесі ауданға қарасты мектеп және балабақшалармен тығыз байланыс орната отырып, жұмыс жасап келеді. Алғашқы кездері қуыршақ үйірмесі материалдық-техникалық жабдықтармен қамтылмай, жетекші қолдан қуыршақтар тігіп, сахналық декорациялар жасаған. 2008-2011 жылдар аралығында үйірме жұмысын Аяужан Абдраймова жалғастырады. Қазіргі таңда үйірме жұмысының жандануына жетекші Индира Рсалиева тынымсыз тер төгуде.
Үйірме репертуары халық ертегілері мен белгілі сатириктердің балаларға арнап жазған қойылымдарымен толықтырылған. 2012-2014 жылдары Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының қызметкері, өнерпаз Жантұрған Тоқмамбетов қуыршақ үйірмесін қолға алып, үйірмеге өнерпаздар тартып, сахнаға шығарып үйрету сабақтарын жүргізді. 2015 жылдан бастап №2 жылжымалы мәдени-демалыс кешенінің меңгерушісі Индира Рсалиева «Балақайдың» жұмысын баптап келеді. Қазір 25-ке жуық бүлдіршінмен жұмыс жасайды. Индира өнерпаздарға қуыршақ ертегі кейіпкерлерінің киімдерін тігуді, сахнада образ сомдауды үйретіп, тың жаңалықтарды енгізуде. Жыл сайын 1 маусым –Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған ауқымды мәдени шараны ыждаһаттылықпен ұйымдастырып, балғындардың көңілінен шығуда.
Балалар шығармашылығына арналған аудан көлемінде өткізіліп жүрген түрлі форматтағы фестиваль, байқаулар балақайдың балапандарының қатысуынсыз өтпейді
– Қазіргі таңда үйірменің ауқымы кеңейіп, балаларға арналған өнердің әр-түрлі жанрынан, яғни өлең айту, көркемсөз оқу, би билеу, сурет салу, спорттық ойындардың түрлерін қосымша үйретудеміз. Сонымен қатар мәдениет орталығы жанындағы халықтық театрымен бірлесе жұмыс жасаймыз. Жас өнерпаздар спектакльдерде өнер көрсетіп келеді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осы орайда «Балақай» қуыршақ үйірмесі «Бақытты елдің балалары» атты жаңа жоба жасап, ауылдық жерлерден өнерпаздар іріктеуде. Алдағы балалар мерекесі қарсаңында «Ертегілер әлемі» атты аудандық мерекелік шараны және мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Жүрек жылуы» атты өнер фестивалін ұйымдастыру жоспарда бар. Біздің мақсат – ауданымыздағы бүлдіршіндер, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жас балаларды өнерге тарту, оларды қолдау, – дейді үйірме жетекшісі.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА