Халық қалаулылары сайлаушылармен есепті кездесулерді бастады
Қазалы аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері бекітілген сайлау округтері бойынша сайлаушылармен есепті кездесулерді бастады. Кездесулердің мақсаты – атқарылған жұмыстарды баяндап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау.Алғашқы кездесу бүгін аудандық Оқушылар үйінде өтті. Оған аудандық мәслихат төрағасы, партия филиалының төрағасы Ғазиз Әліш, партия филиалының Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық мәслихат депутаттары Арғын Орымбаев, Күншығар Әбілов және Эльмира Нұрмағанбетова қатысты. Сондай-ақ жиынға салалық бөлімдер, мекемелер мен кәсіпорын басшылары да қатысты.
Кездесуде партия филиалының төрағасы Ғазиз Әліш партияның 2025 жылға арналған сайлауалды бағдарламасының ауданда орындалу барысына тоқталып, «AMANAT» фракциясы мүшелерінің атқарған жұмыстары туралы айтты.
«Ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, барлық салада оң өсім бар. Бұл бағыттағы жұмыстарда депутаттардың да белсенді еңбегі көрініс табуда. Өткен жылы ауданымызда партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде 7 кәсіпорын іске қосылып, 19 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жол жөндеу жұмыстары «Қазалы – Көларық – Бекарыстан би – Жаңақұрылыс» бағытында, сондай-ақ Жанқожа батыр елді мекеніне кіреберіс жолда жүргізілді. Ауыз сумен қамту бойынша Шитүбек, Шилі, Шәкен және Сарбұлақ елді мекендерінде жалпы 26,7 шақырым су құбыры тартылып, 1213 тұрғын таза ауыз суға қол жеткізді. Сонымен қатар, Ақтан батыр ауылында газ желісі жүргізіліп, 1500-ден астам тұрғын көгілдір отынға қосылды. Білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау, нысандарды жөндеу және қызмет сапасын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілді. Сонымен бірге, елді мекендерде абаттандыру, жарықтандыру секілді өзгеде шаралар қолға алынды. Бұл жетістіктер бірлескен еңбектің нәтижесі. Алдағы уақытта да жұмыстар жалғасады», – деді Ғазиз Әлмәмбетұлы.Кездесу барысында қоғамдық көлік мәселесі, Әйтеке би кентінде жөнделіп жатқан жолдардың сапасы жайында көтерілді.
Айта кету керек, алдағы күндері «AMANAT» партиясынан сайланған аудандағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары өз сайлау округтері бойынша халықпен кездесулер өткізеді. Сонымен қатар жеке қабылдаулар да ұйымдастырылады.
#AMANAT














