Азаттықтың ақтаңгері

Фото: ашық дереккөзден алынды
XIX ғасырдың бірінші жартысы – қазақ тарихындағы сындарлы, сонымен бірге ең айбынды кезеңдердің бірі болды. Бұл – ұлттың өзін-өзі сақтау инстингі оянған, Кенесары хан бастаған ірі қозғалыстың Сыр бойындағы жалғасы ретінде Жанқожа Нұрмұхамедұлының есімі тарих сахнасына шыққан уақыт еді. Жанқожа есімі ұлт-азаттық қозғалыстың қолбасшы ғана емес, бірнеше елмен қатар қақтығысып, қазақтарының рухани тірегі, әділеттің ақ туын құлатпағанымен құнды.
Сырдың соңғы шерісі
XIX ғасырдың алғашқы жартысында Сырдария өзенінің құнарлы бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауындағы жерлерде Хиуа хандығы мен Қоқан хандығының озбыр шапқыншылығы, одан кейін Ресей империясының отаршылдық қысымы бірінен соң бірі күшейді. Мал-мүлікті барымталау, әйелдер мен балаларды тұтқынға алу, ауыр алым-салық салу, шұрайлы жерлерді тартып алу – осының бәрі халықтың шыдамын тауысты. Сол қиын заманда елдің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін өмірін арнаған күрескер жанның бірегейі Жанқожа Нұрмұхамедұлы.
Белгілі ғалым М.Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы» атты еңбегінде батырдың сипаты туралы мынандай тарихи деректер келтірілген: «Барлық үш жүзге ортақ батыр әрі би, қазақтардың бостандығы жолындағы атақты күрескер Жанқожа батыр орыстарды да, хиуалықтарды да, қоқандықтарды да мойындамады».
Тұлғаның қалыптасуына сөзсіз өзі өмір сүрген тұстағы жағдайлар әсер етеді.
Тарихи тұлғаның ел аузында сақталған және бірнеше зерттеу еңбектері нәтижесінде 1774–1860 жылдары өмір сүргені белгілі болып отыр. Балалық және жастық шағы туралы нақты деректер өте аз және фрагментарлы. XIX ғасырдың ортасындағы оқиғаларға қатысты негізгі мәліметтер оның ересек кезіндегі жорықтары мен көтерілісіне арналған.
Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы Қызылорда облысының Қазалы ауданы Арықбұлақ ауылы маңындағы Сарыкөл мен Қаракөлді қосатын «Күркіреуік» арнасы жағасы немесе Арықбұлақ ауылының шығысында дүниеге келген деп көрсетеді. Syrboyi.kz туған жылы 1767 жыл, ал жері Арал ауданына қарасты 19-ауылдық территориясындағы «Ақирек» тауының ұлтанындағы «Айқайкөл» деген жер деп көрсеткен. Туған жылындағы айырмашылық әртүрлі халықтық және ғылыми дәстүрлерден туындаған.
Атасы Киікбай батыр Құлжаманұлы – батыр әрі би ретінде белгілі, Кіші жүздегі Әбілқайыр ханның заманында қазақ жерін қорғаған жан.
1847 жылы Елікей Қасымов сұлтанның Жанқожа батырға жазған хатында: «Менің атам Әбілқайыр хан болып тұрғанда, сенің атаң Киікбай оның әрі батыры, әрі биі болған кезінде ешкім қазақ жеріне қол сала алмаған еді.
... Сыр бойында көшіп жүрген қарақалпақтарды Хиуаға, Торғай мен Ырғыз бойына дейін жаулап келген қалмақтарды Қытай жеріне қуып салып еді», – деген жолдар сақтаулы.
Egemen.kz-те жарық көрген Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА академигі Зиябек Қабылдиновтің «Жұрт жоқшысы Жанқожа» атты мақаласында Жанқожаның әкесі – Нұрмұхамед кей жерде Нұрымбеттің батыр болғаны жайлы жазылған.
Материалда оның 1792 жылы 82 жасында Хиуа хандығының зекетшісімен немесе зекет жинаушы әскерімен қақтығыста қаза тапқаны жазылған.
Әбдісаттар Оспановтың «Наркескен» трилогиясында Жанқожа батырлар әулетінен шыққандығы айтылады. Онда атасы Киікбай Тама руынан шыққан атақты Есет батырдың туған қарындасы Тәжіге үйленгені жайлы нақты айғақты дерек бар.
Syrboyi.kz сайтындағы мақалада: Жанқожа 16 жасқа дейін Ақирек тауының ұлтанында ата-анасының шаруашылығына жәрдемдесіп өткізген. «Жас болса да халық аузына іліге бастады», – делінген.
Алғашқы ерлік
Батыр туралы жазылған ең алғашқы және негізгі жазба дерек И.В. Аничковтың «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты 1894 жылы жарық көрген очергі незігінде 1991 жылы басылған кітапта 17 жасында, шамамен 1791 жылы, бозбала алғашқы ерлігімен еленетіні жазылған.
Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасының жергілікті рулары Қылышбай ханды сайлап алады. Қылышбай хан Хиуа бекінісіне жорыққа аттанады.
17 жасар Жанқожа жасаққа елеусіз еріп барады. Жорық барысында қарақалпақ батыры Тықы ешкімге дес бермей, үстемдігімен өршіленеді. Жанқожа үлкендердің тежеуіне қарамастан, жекпе-жекке шығып, Тықыны жеңіп, өлтіреді.
Осы жорықта ол әділетсіздік көрсеткен Қылышбай ханның өзіне де қол жұмсайды. Әрекеті оның батылдығы мен әділдігін бірдей көрсетеді. Оқиға Жанқожаның есіміне алғашқы даңқ әкеледі.
Қазақ әдебиеті энциклопедиясы және «Бабалар сөзі» жүзтомдығы — «Жанқожа батыр» жырының нұсқаларында ауылы Қарақұмды жайлап, Ырғызды қыстайтын. Сыр бойы мен Арал маңының қазақтары Хиуа мен Қоқанның зорлығына ұшырап жатқан кезеңде Жанқожа әділ би, діндар және күшті шабандоз ретінде қалыптасқаны көрсетіледі. Халық жырларында оның дүлей күші, ат үстіндегі шеберлігі және имандылығы ерекше суреттеледі.
Орта Азия хандықтарының қыспағы
XIX ғасырдың 20-30 жылдарында Хиуа мен Қоқан хандықтары Сыр бойындағы қазақтарды өздеріне тәуелді ету үшін «Жаңадария», «Қуаңдария» бойларына бекіністер сала бастады. Олардың мақсаты – қазақтарды тек салық төлеуші ғана емес, өздерінің әскери күшіне айналдыру болады.
Әбдісаттар Оспановтың «Наркескен» тарихи-көркем трилогиясы, Х.Мадановтың «Ұлы дала тарихы» кітабында төмендегідей мәліметтер сараланған.
Авторлар Жанқожа Нұрмұхамедұлының Хиуа хандығына шабуылдауының негізгі себептерін Хиуаның озбырлығына қарсы тұрған қорғаныс және азаттық күресі сипатымен түсіндіреді.
Хиуа хандығы ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал маңындағы қазақ ауылдарына жиі шабуылдайды. Бұл басқыншылық жыл сайын бірнеше рет қайталанады. Мысалы, 1847 жылы Уайыс-Нияз бен Қожанияз бастаған жорықтарда 1400-ден астам үй ойрандалып, мыңдаған мал айдалып әкетілген.
Хиуа бектері, әсіресе Бабажан бек қазақтардан зекет, ұшыр сияқты салықтарды күшпен жинайды. Алым-салық төлеуден бас тартқан ауылдарды жазалайды.
1830 жылы Созақ бекінісін қоршауға алуы – батырдың Қоқанға берген алғашқы жауабы еді.
Қоқан әкімдері жергілікті халыққа «шаңырақ салығын» салып, малдарын тартып алғанда, елден қол жинап, Созаққа аттанады. Жолда Жаңақорған және Желек бекіністеріндегі қоқандықтарды қуады. Жауды қоршауда қалдырып, көмекке келген Таған палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді. Бекіністің дарбазасын бұзып кіріп, Созақты басып алады. Қоқан бектері Отыншы мен Сушыны тұтқындайды.
Кейбір деректерде Жанқожа осы кезеңде Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған бекіністерін де талқандаған делінеді.
Жанқожаға арқа сүйеп, салық төлеуден бас тартқанда, Сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды «тәртіпке келтіру» үшін Хиуа ханы Аллақұл түрікмен Аймұхамед палуанды жіберген. Жанқожа 1836 жылы Ақиректе оны жекпе-жекте өлтіреді. Палуанның жасақтары қашуға мәжбүр болады. Бұл — Жанқожаның ең әйгілі жекпе-жектерінің бірі.
Хиуа 1835 жылы Қуандарияның батысындағы Құртөбе жеріне бекініс салып, 200 әскер ұстайды. Бұл қазақтардың жайылымдары мен егістіктерін тартып алуға, бақылау орнатуға бағытталған еді. Жанқожа Хиуаның Құртөбе, Жаңақала сынды бекіністерін талқандап, оларды қайта қалпына келтіруге жіберілген жасақтарды жеңеді.
Зорлық-зомбылықтан жапа шеккен қазақ егіншілер мен малшылар Жанқожаның төңірегіне топтасады. Ол «елге тізесі батқан» хиуалық палуандарды, бектерді жекпе-жекте немесе шайқаста жеңіп, мал-мүлікті қайтарып, тұтқындарды босатады. 1847 жылы Ресей отрядымен бірігіп, Жаңақала қамалын қиратқан кезде мыңдаған мал қайтарылады.
Жанқожа Хиуа мен Қоқанның үстемдігін мойындамай, Сыр бойы қазақтарының тәуелсіздігі үшін күреседі.
Жылнамалар тізбегін түзсек, 1842–1845 жылдары Хиуаның бірнеше бекіністерін талқандайды.
1842 жылдың күзінде Жанқожа жасағы Хиуаның ірі бекінісі Бесқаланы қиратады. Бекініс коменданты Бабажан бекті және оның баласы Майқараны тұтқындайды. Бабажан қазақтарға қатыгездігі үшін азаптайды.
1843 жылы Қуаңдария бойындағы хиуалық қамал талқандалады.
1845 жыл, көктемде Хиуа жасағына тойтарыс береді.
Жанқожаның жігіттері оларды тас-талқан етіп жеңеді. Жанқожа бұл туралы Орынбор бекінісінің бастығына хабар жібереді. Сол жылы, Кенесары Қасымұлының өтініші бойынша, Жанқожа Созақ бекінісін басып алуға қатысады.
Ресей империясына қарсы саяси таңдау
1840 жылдардың ортасында Сыр бойына Ресей империясының әскері келді. Олардың мақсаты – Хиуа мен Қоқанды ығыстырып, Орта Азияға жол ашу еді. Жанқожа батыр басында орыс әскерін «екі хандықтың езгісінен құтқарушы» ретінде көріп, Райым бекінісінің салынуына қарсы болмайды.
1847 жылы Хиуа бегі Қожанияз бастаған 2000 әскер Жаңақала төңірегіне шоғырланады. Жанқожа 700 сарбазбен оларға қарсы шығады. Ресейдің Райым бекінісі бастығы Ерофеев отрядымен бірігіп, Жаңақала қамалын қиратады. Қазақ жасақтары мыңдаған 3 мың түйе, 500 жылқы, 50 мың қой қайтарып, тұтқындарды босатады. Бұл Жанқожа мен Ресейдің уақытша одағының соңғы ірі бірлескен шайқасы. Орынбор генерал-губернаторы В.Обручевпен кездесіп, орыс әскері жергілікті халықтың тыныштығын бұзбай, хиуалықтардан қорғайды деген уәде алады. Бұл кезде қазақтар орыс әскерлерін шын достықпен қарсы алған еді.
1847 жылы Хиуалық шапқыншыларға қарсы жойқын жорықтар ұйымдастырады. Жанқожа Хиуа шабуылдарына жауап беріп, елді езгі, тонау, салық ауыртпалығынан құтқару үшін күреседі.
Жаңақала соғысынан кейін, Орынбор генерал-губернаторы В.Перовский Жанқожаға «жасауыл» әскери атағын беріп, 1848 жылдың 1 мамырынан бастап жылына 200 сом күміс ақша төлеп, Сырдың оң жағалауынан Қарақұм, Борсыққұм қазақтарына басқару құқығын ұсынады. Алайда, батыр патшаның «достығы» отарлаудың пердесі екенін тез түсініп, бұл ұсыныстардың бәрінен: «Мен ешкімге қызмет етпеймін, мен тек халқыма қызмет етемін» деп бас тартып, Ресей үкіметіне хат жазған.
Ұстаным қолбасшының Ресеймен арадағы қарым-қатынасының үзілуіне және ашық қарсылықтың басталуына себеп болды.
Оқиғаға қатысты бұл жолдар Л.Т.Жұмалиеваның «Жанқожа батырдың қазақ тарихында алатын орны» атты ғылыми мақалада жазылған.
1851 жылы Қоқандықтардың мал айдауына тойтарыс беру үшін Ақмешітке дейін жорық жасайды. Қарсыластар жасағын талқандап, Қосқорған бекінісін басып алады. Жергілікті қазақтар Қоқан езгісінен азат етіледі.
Езгіге қарсы егес
1856-1857 жылдардағы патша үкіметінің әрекеті халықтың ашу-ызасын тудырады. Көтерілістің шығуына объективті және субъективті себептер әсер етеді. Патша үкіметі қазақтардың шұрайлы егістік жерлерін тартып алып, Орынбор казактарын орналастырды. Салық мөлшері екі есеге көбейеді. Ең бастысы, адам құқығының аяқасты етіп, солдаттардың үш қазақты кірпіш зауытының пешіне тірідей жағып жіберуі Сыр елі жұртын атқа қондырады.
1856 жылдың соңында батыр 1500 сарбазымен Қазалы фортын қоршайды. Көтерілісшілердің саны күн санап артып, 5000-ға жетеді. Көтерілісшілер Қазалы қамалын қоршауға алады. Қаратөбе маңындағы Л.Булатов отрядына бірнеше рет шабуыл жасайды.
1857 жылғы 9 қаңтарда генерал Фитингофт бастаған жазалаушы отрядпен бетпе-бет келеді. Орыс әскерінде зеңбірек пен ракеталы станоктар болса, қазақтарда тек сойыл, найза және білтелі мылтықтар ғана еді. Жанқожа батыр ақ туды қолына ұстап, сарбаздарын шабуылға бастайды. Бұл соғыс қазақ рухы мен техникалық күштің арпалысы еді. Шайқас нәтижесінде нашар қаруланған халық жасағы шегінуге мәжбүр болады. Жазалаушы отряд ауылдарды шауып, тонайды. 1856–1857 жылдары 79 567 сомға тең мал сатылып, 20 мыңнан астам мал айдалып әкетіледі.
Л.Мейердің «Қырғыз даласындағы соғыс» атты 1865 жылғы еңбегіндегі суреттемеге сүйенсек, 1860 жылы Қызылқұмның Жанқара көлі маңында Жанқожа ауылы қоршауға алынады. Сексеннен асқан батыр сауыт киіп, төмпешікке шығып дұға оқиды. Оқ сауыттан тайқып жатады, ақырында мойнына тиіп қаза табады.
Қазақ шежіресі мен тарихын жинақтаған Мәшһүр Жүсіп Жанқожа батырдың өлімі туралы ел аузындағы естеліктерді хатқа түсірген. Онда батырдың намаз оқып отырып қаза тапқаны, оқтың алғашында дарымай, тек дұғасын аяқтаған соң ғана ажал жеткені туралы мистикалық-тарихи сипаттамалар беріледі.
Жанқожа Нұрмұхамедұлының көтерілісі жеңіліспен аяқталғанымен, ол Сыр бойы қазақтарының отаршылдыққа қарсы рухын көтерді. Көтеріліс нәтижесінде Ресей Сырдария шебін нығайтты, салықтар көбейді, жерлер тартып алынды, дәстүрлі басқару жүйесі әлсіресе де, жұртшылық батырдың ерлігін ұрпақтан-ұрпаққа ұлықтайды.
Жанқожа батыр жас кезінен бастап, шамамен 17-18 жасынан, өмірінің соңына яғни 80-нен асқан шағына дейін ат үстінен түспей, 60 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз күрес жүргізген. Ол бір жағынан, Орта Азия хандықтарының шапқыншылығынан елді қорғаса, екінші жағынан, Ресей империясының бекіністер салу саясатына Райым, Қазалы бекіністері ашық қарсы шығады.
«Әлем тарихында Жанқожадай өз халқының бостандығы үшін үш хандықпен және Ресей империясымен қатар соғысқан, сексен жасына дейін қолынан қаруы түспеген батыр кемде-кем» деген мағынадағы ойлар Ә.Әлімжановтың еңбектерінде, сондай-ақ М.Шоқайдың зерттеулерінде де кездеседі. Бұл пікірді кейіннен тарихшы Мәмбет Қойгелдиев пен жазушы Қарттарбек Мәметов сияқты зерттеушілер де өз еңбектерінде дамытып, Жанқожа батырдың феноменін ғылыми тұрғыда негіздеген.
Жанқожа Нұрмұхамедұлының көтерілісі Кенесары ханның идеяларымен ұштасып, Сыр бойының азаттық рухын сақтап қалған, қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күресінің алтын парағы. Ғалым И.В.Аничков оны «Даланың нағыз батыры» деп атаса, халық оны «Әулие батыр» деп пір тұтады.
Бүгінгі Қазақстанда Жанқожа батыр жыры айтылады, ауылы сақталған, ескерткіштер қойылған, кесене тұрғызылған. Биыл Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске – 170 жыл. Айтулы дата ел деңгейінде жыл бойы аталып өтілмек. Бұл өмірі – тәуелсіздік үшін күрестің мәңгілік символына айналып, халық үшін ат үстінен түспеген қаһарман қолбасшы, ержүрек ер есімі ұрпақтар жүрегінде мәңгі сақталған тарих алдындағы тағзымының айқын көрінісі іспетті.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














