"Несие алу жеңілдейді": Қазақстанда жаңа агенттік пайда болады
Фото: freepik.comҚазақстан өз рейтингтік агенттігін құруды жоспарлап отыр. Оның көмегімен енді бизнес несиені тиімдірек шарттармен ала алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанда компанияларға рейтингті халықаралық агенттіктер Standard & Poor’s, Moody’s, Fitch және жекелеген шетелдік құрылымдар береді. Ал ел ішінде әзірге өзінің ұлттық рейтингтік жүйесі де, оны реттейтін толыққанды құқықтық база да қалыптаспаған. Соның салдарынан рейтингті көбіне ірі компаниялар мен қаржы ұйымдары ғана алады.
“Ұлттық рейтингтік жүйені құру шағын және орта бизнеске капитал нарығына шығуды жеңілдетеді. Бұл қарыз алу құнын төмендетуге, ақпараттық теңсіздікті азайтуға және эмитенттердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Ал банктер, зейнетақы қорлары және сақтандыру ұйымдары сияқты институциялық инвесторлар үшін инвестициялау мүмкіндігі кеңейеді”, – деді Әбілқасымова.
Жаңа агенттіктің құрамына Ұлттық банк, халықаралық рейтингтік агенттіктер (мысалы, Standard & Poor’s, Moody’s, Fitch) және қаржы ұйымдары кіреді. Ұлттық банктің қатысуы агенттіктің тұрақтылығы мен оның бағалауына деген сенімді қамтамасыз ету үшін қажет.
Агенттік қалай жұмыс істейді?
Қазақстандық рейтингтік агенттікке арнайы талаптар белгіленеді. Соның ішінде капитал көлеміне қатысты талап бар. Оның көлемі шамамен 10 миллиард теңге болады деп болжанып отыр.
“Рейтингтердің тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін рейтингтік талдаушыларға арнайы талаптар енгізіледі. Олардың еңбекақысы клиенттердің қаржы нәтижелері мен табысына тәуелді болмауға тиіс. Талдаушылар міндетті түрде ротациядан өтіп отырады. Сонымен қатар үлеске шектеулер қойылады. Оның ішінде рейтинг берілетін тұлғалардың қаржы құралдарын иеленуге тыйым салынады”, – деді агенттік төрайымы.
Басшылық құрамына да талап күшейеді. Олардың білімі, жұмыс тәжірибесі және іскерлік беделі мінсіз болуы шарт.
“Корпоративтік басқару мен меншік құрылымына да талаптар енгізіледі. Қазақстандық рейтингтік агенттіктің капиталына бір қатысушының үлесі 10%-дан аспауға тиіс. Сонымен қатар директорлар кеңесіне қойылатын талап күшейеді. Оның кемінде жартысы тәуелсіз директорлар болуы керек”, – деді Әбілқасымова.
Қазақстандық агенттік реттеуші орган алдында тұрақты түрде есеп беруге міндеттеледі. Ол өз рейтингтері, әдістемелері және статистикалық деректері туралы мәліметтерді ашып отыруға тиіс. Бұдан бөлек, ішкі бақылау мен тәуекелдерді басқару жүйесін енгізуі қажет.
Агенттік рейтинг беріп қана қоймай, тексеру жүргізуге және қадағалау шараларын қолдануға да құқылы болады. Сонымен қатар ол халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктердің қайсысы Қазақстан нарығына кіре алатынын шешеді. Олардың жұмысын бақылап, қажет болған жағдайда бұл мәртебеден айыра алады. Сонымен бірге олардың заң талаптарын сақтауын қадағалайды.
Неліктен Ұлттық банк акционер болады?
Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, Ұлттық банктің акционер болуының басты мақсаты – жаңа институтқа деген сенімді күшейту.
“Біз тек құқықтық базаны жасап, кейін кім келіп, кім құратынын күтіп отырсақ, бұл бірнеше жылға созылуы мүмкін. Сондықтан Ұлттық банкпен бірлесіп осындай шешім қабылданды. Бұл қаржы секторы үшін инфрақұрылымдық ұйым болады. Сол себепті Ұлттық банк акционер ретінде қатысады”, – деді Әбілқасымова.
Төрағаның сөзінше, бірнеше жылдан кейін Ұлттық банкті акционерлер құрамынан шығару мәселесі қарастырылуы мүмкін.
Шетелдік агенттіктерге қойылатын талаптар
Қазақстан нарығына кіру үшін шетелдік агенттіктер мынадай талаптарға сай болуы керек:
кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуы;
жеткілікті капиталы болуы;
түсінікті әрі тексерілетін әдіснамасы болуы;
тәуелсіз болуы.
Несиелер тиімдірек бола ма?
Мәжіліс отырысында депутаттардың бірі Мәдина Әбілқасымоваға кәсіпкерлер үшін ұлттық кредиттік рейтингтің міндеті мен оның құнына қатысты сұрақ қойды.
“Енді кәсіпкерлер банк несиесін алу үшін міндетті түрде ұлттық кредиттік рейтинг алуы керек пе? Әсіресе шағын және орта бизнес үшін мұндай рейтингтердің тарифі қолжетімді бола ма?”, – деген сауал жолданды.
Мәдина Әбілқасымова кәсіпкерлерге банк несиесін алу үшін кредиттік рейтинг міндетті болмайтынын айтты. Банктер оны негізгі шарт ретінде талап етпейді. Несие беру туралы шешім бұрынғыдай әртүрлі факторлар негізінде қабылданады.
Алайда рейтинг алған компаниялар үшін шарттар тиімдірек болуы мүмкін.
“Тарифтердің қолжетімділігіне келсек, рейтинг құны төмен болады. Себебі шағын және орта бизнес үшін бұл өте маңызды құралға айналады. Олар үшін қолжетімді тарифтер қарастырылады”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін енді қазақстандықтардан қомақты несие алу үшін алақан ізі талап етілетіні туралы жазған едік.











