Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлерін елі еске алды

Ерлерін елі еске алды

7 сәуір – тәжік-ауған шекарасында қаһармандықпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу және Отан алдындағы антқа адалдықтың символы іспеттес. 1995 жылдың дәл осы күні Пшихавр шатқалында болған қанды шайқас қазақстандық сарбаздардың рухының беріктігін бүкіл әлемге паш етті. Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан әскері Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік міндетін абыроймен аяқтап, елге оралды. Бұл күн – бейбітшілік пен тұрақтылық жолында қызмет еткен қазақстандық жауынгерлердің ерлігі мен батырлығын еске алатын маңызды дата.

1990 жылдардың басында Тәжікстанда азаматтық соғыс өршіп, мемлекеттің ішкі тұрақтылығына қауіп төнді. Тәжік-ауған шекарасы арқылы содырлардың, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз ағылуы бүкіл Орталық Азия аймағының қауіпсіздігіне нұқсан келтірді. ТМД елдері басшыларының шешімімен 1993 жылы тәжік-ауған шекарасын күзету үшін Ішкі әскердің құрама батальоны құрылды. Қазақстандық сарбаздар жат жерде болса да, көршілес елдің тыныштығы мен өз Отанының шебін алыстан қорғау үшін аттанды.

ШАТҚАЛДАҒЫ ШАЙҚАС

Тарихқа көз жүгіртсек, осыдан 33 жыл бұрын, яки 1993 жылы қаңтарда ТМД елдерінің басшылары тәжік-ауған шекарасын заңсыз топтардан бірлесіп қорғау туралы келісімге қол қойған болатын. Осы міндетті орындау мақсатында Қазақстаннан арнайы құрама батальон жасақталып, 8 жыл бойы қауіпті аймақта қызмет етті. Алайда, 1995 жылдың 7 сәуірі тарихта қаралы күн болып қалды. Дарваз ауданындағы Пшихавар тау шатқалында Қазақстандық жетінші біріктірілген ротаның жауынгерлері тосыннан жасалған шабуылға тап болды. Бес сағатқа созылған қанды шайқаста 17 жауынгеріміз ерлікпен қаза тауып, ондаған сарбаз ауыр жарақат алды. Сол сұрапыл ұрыстың ортасында қазалылық Оңталап Кашимов та болып, асқан батырлық көрсетіп, елге аман оралды. Ерлікпен қаза тапқан боздақтардың есімдері ел есінде мәңгі сақталады. Олар небәрі 18-20 жастағы өрімдей жастар еді. Өз өмірлерін қию арқылы жаудың жолын бөгеп, бейбітшілікті сақтап қалды. Қаза тапқан 17 жауынгердің барлығы қайтыс болғаннан кейін II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Олардың есімдері елдің әскери бөлімдеріндегі даңқ мемориалдарына қашап жазылды.

ТӘРБИЕЛІК МӘНІ МЕН БҮГІНГІ ҰРПАҚ

7 сәуір тек қаралы күн емес, бұл – рухтың жеңісі. Пшихавр шатқалындағы оқиға қазақстандық жауынгерлердің кез келген қиындықта бір-біріне демеу бола білетінін, антқа адал екенін көрсетті. Бүгінде осы қақтығысқа қатысқан ардагерлер жас сарбаздарға үлгі болып келеді. Елдің түкпір-түкпірінде ескерткіштер орнатылып, мектептерде ерлік сабақтары өткізіледі. Иә, өлілердің рухына тағзым ету – тірілердің борышы. Ал олардың ерлігін ұлықтау – өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін қалыптастырудың негізі. Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыс – біздің тарихымыздың күрделі де қасіретті беттерінің бірі. 7 сәуір күні біз бейбіт күннің құнын ұғынып, ел шетінде, жел өтінде жүрген бүгінгі сарбаздарымыздың қадірін түсінеміз. Ер есімі – ел есінде мәңгі сақталады. Биыл қазақстандық әскерилердің Тәжік-Ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл толды. Осы айтулы дата мен 7 сәуір – «Ерлік күніне» орай Қазалы ауданындағы «Тағзым» аллеясында еске алу шарасы өтті. Бұл күн – жат жерде ел намысын қорғап, бейбітшілік жолында құрбан болған боздақтардың рухына тағзым ететін қастерлі сәт.

ЕРЛІГІ ЕСТЕ

Қазалы мәдени-демалыс кешені жанындағы «Тағзым» аллеясында өткен тағылымды шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, депутаттар, ел ағалары және отты жылдардың ортасында болған ардагерлер мен жас сарбаздар қатысты. Жиналғандар Тәжік-Ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ерлікпен қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Шайқас даласында қалған арыстардың рухына арнап Құран бағышталды. Аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы өз сөзінде бейбіт күннің бағасын ұғыну және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде бұл шараның маңызы зор екенін атап өтті.
– Тәжік шекарасына біздің ауданымыздан 26 азамат аттанып, әскери борыштарын өтеді. Өкінішке қарай, қақтығыстар кезінде сол ерлердің бірі Отан алдындағы борышын өтеу барысында жерлесіміз Есетов Қанат жат жерде ерлікпен қаза тапты. Тағы үш азаматымыз елге аман оралғанымен, кейіннен өмірден өтті. 1995 жылдың 7 сәуірінде Дарваз ауданындағы Пшихавар тау шатқалында қанды шайқас болып, Қазақстандық жетінші біріктірілген ротаның жауынгерлері тосыннан жасалған шабуылға тап болып, бес сағат бойы ерлікпен қарсы тұрды. Сол ұрыста 17 жауынгеріміз ерлікпен қаза тауып, ондаған сарбаз жарақат алды. Пшихавар тау шатқалында болған шайқасқа қатысқан қазақстандық ротаның ішінде қазалылық Оңталап Кашимовта болып, ерліктің үлгісін көрсетіп, елімізге аман-есен оралды. Бүгінгі таңда ауданымызда тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстың 22 ардагері ортамызда. Олар – тірі тарих, ерліктің куәсі, батырлықтың белгісі. Сын сағатта ел қорғаған ерлердің өнегелі жолы бүгінгі және келер ұрпақ жадында мәңгі сақталады, – деді аудан әкімі.

ҚАЗАЛЫЛЫҚ ҚАҺАРМАНДАР

Тәжік шекарасына Қазалы ауданынан барлығы 26 азамат аттанып, әскери борыштарын абыроймен өтеді. Өкінішке қарай, соғыстың аты соғыс. Жерлесіміз Қанат Есетов Отан алдындағы борышын өтеу барысында жат жерде ерлікпен қаза тапты. Тағы үш азаматымыз елге аман оралғанымен, соғыстан алған жарақаттар мен қиындықтардың салдарынан кейіннен өмірден өтті. Бүгінгі таңда ауданда сол қақтығыстың көзі тірі 22 ардагері арамызда жүр. Олар – тірі тарих, батырлықтың тірі символы. Жиында Ардагерлер одағының Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың Қазалы аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Руслан Баймбетов сөз сөйлеп, қарулы қақтығыс кезеңіндегі естеліктермен бөлісті.

Иә, Тәжік-Ауған шекарасында 2 мыңнан астам қазақстандық сарбаз бен офицер ТМД-ның оңтүстік шекарасын қорғап, бауырлас Тәжікстан халқына қол ұшын созды. Бұл – тек әскери міндет қана емес, халықаралық ынтымақтастық пен адамгершіліктің биік шыңы. Ер есімі – ел есінде. Пшихавар шатқалындағы ерлік ешқашан ұмытылмайды.

Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ
11 сәуір 2026 ж. 34 0

Кене кіші деме...

11 сәуір 2026 ж. 35

СӘУЛЕТ ПЕН САПА

11 сәуір 2026 ж. 37

Өлеңмен өрілген өмір

11 сәуір 2026 ж. 34

Ерлерін елі еске алды

11 сәуір 2026 ж. 35

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930