Ерлік – елге мұра
1995 жылдың көктемінде қара ниеттілер Тәжікстан шекарасын қару-жарақ пен есірткі дәлізіне айналдырып, көршілес мемлекеттердің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірмек болды.
Соған сәйкес ТМД елдерінің 1992 жылдың 15 мамырында қабылданған «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» халықаралық келісімшартына сәйкес, Қазақ елінің бітімгерлік батальоны Тәжік-Ауған шекарасындағы осы топтарға батыл тосқауыл қоюға жұмылдырылды.
Биыл сол қаралы оқиғаға – 25 жыл. Қазақстандық жауынгерлер Тәжік-Ауған шекарасында айбынды ерлігімен көзге түсіп, қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсетті. Біздің ауданнан интернационалдық борышын өтеуге аттанған қазалылық 24 сарбаздың 1-уі майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Бұл оқиға мәңгілік ұмытылмайды.
Ұлы Отан соғысы мен Ауған жеріндегі ұрыста ата-баба өжеттігін қайталай білген жауынгерлерді құрметтеу – біз үшін парыз әрі абырой.
Осыған орай өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығысқа қатысқан ардагерлерге арналған салтанатты жиын өтті.
– Арада 25 жыл өтсе де, Тәжік-Ауған шекарасында орын алған қақтығыстың қайғы-қасіреті елдің санасынан өшпек емес. Сол қантөгісте ерлікпен антқа адалдықтарын дәлелдеген Қазалының жаужүрек жігіттерінің батырға лайық орны бар. Олар біздің мәңгілік жадымызда.
Сіздер Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің лайықты ізбасары ретінде жастарға отансүйгіштік тәрбие беруге үлкен үлес қосып келесіздер. Сондықтан да барша халық жат жерде намысты ту етіп, үлгі көрсеткен ардагерлерге әрқашан да тағзым етеді. Елдікті құрметтеу, батырлықты дәріптеу, боздақтар рухын еске алу әрдайым азаматтық міндетіміз болып қала береді, – деді аудан басшысы.
Басқосуға облыстық Тәжік-Ауған шекарасының жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарға қатысушылар Одағының төрағасы М.Орынбайұлы, аудандық қорғаныс бөлімінің бастығы Қ.Ысқақов ержүрек жауынгерлердің аналары мен жұбайлары қатысты.
Басқосуда аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қазалылық ардагерлерді «Алаш батыры» және «Қазақ батыры» төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ батырларды тәрбиелеп өсірген аналар мен олардың жарларына да құрмет көрсетіліп, «Ана жүрегі» төсбелгісі табысталды.
Айта кетейік, 2020 жылғы 6 мамырда қабылданған «Ардагерлер туралы» Заңға және Тәжік-Ауғанстан шекарасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес, міндеттерін мүлтіксіз орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері барлық жеңілдік сақтала отырып, ардагерлер санатына енгізілген.
А. БАҚЫТҰЛЫ