Жастарға жаңа мүмкіндік
Қазалы ауданында бұқаралық спортты дамыту мен тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Игі бастамалар аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде өткен жылы ауданда бір емес, тіптен 3 спорт кешенінің құрылысы басталған болатын.Бүгінде олардың бірі ел игілігіне беріліп, қалған екеуінде құрылыс қарқынды жүргізілуде. Аталған нысандардың құрылыс барысымен танысу мақсатында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов өңірге жұмыс сапарымен келген Қызылорда облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевпен бірге арнайы аралап шықты. Жауапты тұлғалар нысандардың сапасына, құрылыс қарқынына және мерзімінде пайдалануға берілуіне ерекше мән берді.
Алдымен Әйтеке би кентіндегі Қазалы мәдени-демалыс кешені аумағында орналасқан жаңа спорт кешенінің құрылысы қаралды. Бұл нысан «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жалпы құны 643 миллион теңгені құрайтын жобаны «Болашақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер мекемесі қолға алған.
Қазір құрылыс алаңында бу қазандығынан жылу жүйесін тарту, ғимараттың шатырын жабу және қасбетін қаптау жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық аяқталған жағдайда кент тұрғындарына заманауи талаптарға сай спортпен шұғылдануға кең мүмкіндік ашылады.
Мұнан соң Бекарыстан би ауылында биыл жыл басында пайдалануға берілген спорт кешенінің жұмысы таныстырылды. «Жылу ХХІ» ЖШС мердігерлігімен салынған нысан бүгіндері ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етуде. 3 мыңға жуық халқы бар елді мекен үшін спорттық кешеннің маңызы зор. Осында жастар мен жасөспірімдер түрлі спорт түрімен тұрақты айналысып, бос уақыттарын тиімді өткізуде. Нәтижесінде ауылда бұқаралық спортқа қызығушылық артып, салауатты өмір салтының үлесі айқын байқалуда.
Жұмыс сапары барысында Қожабақы ауылындағы спорт кешенінің құрылысы да назарға алынды. Жоба құны 537,1 миллион теңгені құрайтын маңызды нысан да «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі уақытта ғимараттың сыртқы құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Ішкі әрлеу, сырлау жұмыстары жалғасын табуда. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылым желілері тартылуда. Мердігер мекеме нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру үшін барлық күш-жігерін жұмылдыруда.
Жалпы алғанда, Қазалы ауданында бой көтеріп жатқан спорт нысандары тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, жастарды спортқа баулуға және ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға зор серпін беруде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да ізін суытпай, халық игілігі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол аша береді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














