Аудан әкімі Әйтеке би кентіндегі спорт мектептері мен кешендерін аралады
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі мен бокс бөлімшесін, Қазалы спорт клубын және «Әмір арена» спорт кешендерін аралап, нысандардың қазіргі жай-күйімен және жұмыс барысымен танысты.Аудан әкімі аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы мен спорт мектептері мен кешендерінің директорларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, спорт нысандарының санитарлық-тазалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау, жаттығу сапасын арттыру, спортшыларды даярлау жүйесін күшейту және алдағы жарыстарға дайындықты жоғары деңгейде ұйымдастыру қажеттігін қадап айтты.
Сонымен қатар, спорт инфрақұрылымын тиімді пайдалану, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде өткізу тапсырылды. Аудан әкімі берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауында болатынын жеткізді.
Айта кетейік, бүгінде бұқаралық спортты дамыту мақсатында аймақ басшысының қолдауымен «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында 2 спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ал, жуық арада ғана аудандағы 3 мыңға жуық халқы бар тіректі елді мекен – Бекарыстан би ауылында жаңа, заманауи спорт кешені пайдалануға берілді.














