Құрылыста қарқын бар
Ауданда жаңа спорт нысандары бой көтеріп, ауыл тұрғындары да бұл мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануға мүмкіндік алмақ. Солардың қатарында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бекарыстан би ауылында салынып жатқан спорт кешені бар. Жуырда аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы жұмыс сапарымен барып, құрылыс барысын тексеріп, оның сапасы мен мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.Аталған спорт кешені – ауыл тұрғындары үшін дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік беретін, жастардың спорттық белсенділігін арттырып, олардың салауатты өмір салтын насихаттауына жол ашатын маңызды нысан болмақ. Қазіргі таңда құрылыс алаңында іргетас колонналарына бетон құю жұмыстары аяқталып, электр және ауыз су жүйелерін жүргізу жұмыстары сәтті жүзеге асырылуда. Сонымен қатар ғимараттың темір қаңқалары орнатылып, монтаждау жұмыстары жоспарға сәйкес қарқынмен жүргізілуде. Спорт кешенінің құрылысын мердігер мекеме – «Жылу ХХІ» ЖШС жауапкершілігімен атқарып келеді.
Аудан әкімі мердігер мекеменің жауапты өкілімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Бұған қоса, нысан пайдалануға берілген соң оны тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөліп, ауыл жастары үшін түрлі спорт секцияларын ұйымдастырудың маңызы айрықша екендігін атап өтті. Бұл спорт кешені жастардың бос уақытын мазмұнды әрі пайдалы өткізуіне ықпал етіп, олардың денсаулығын нығайтуға зор септігін тигізеді деп күтілуде.
Айта кету керек, биылауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бекарыстан би ауылынан бөлек, Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылдарында да спорт кешендері бой көтеруде. Сонымен қатар Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб салыну үстінде. Мұндай әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жобалары ауылдық жерлердегі тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, өңірдің тұрақты дамуына маңызды серпін береді.
Арайлым ЖҮСІПОВА














