Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалғызбасты әке: қайғы ма, қасірет пе?

Жалғызбасты әке: қайғы ма, қасірет пе?

Биыл елде әкелер күні екінші мәрте тойланып, біршама іс-шара ұйымдастырылды. Біздің басылым да отбасындағы әкелердің рөлін көпшілікке насихаттау мақсатында түрлі кейіпкерді іздей бастадық. Оның ішінде балаларын жалғыз асырап, тәрбие беріп отырған жалғызбасты әкелер жайында мәлімет алып, байланысуға тырыстық. Біздегі нысан тым бөлек еді. Шиіттей бала-шағаны жалғыз өзі қамтамасыз етіп отырған әкелер біз ойлағаннан да көп екен. Бірақ...

Мереке қарсаңында мерейімізді үстем етер мақала жазуға бекіндік. Оның ішінде көпбалалы әке, отбасының тірегі болған үлгілі әке бар. Әрине жалғызбасты әкелерді де назардан тыс қалдырмай, көпке үлгі еткіміз келді. Біз байланысқан кейіпкердің дені сұқбат беруге қарсы болды. Мүмкін көпшілікке қазіргі күйін күйттегісі келмеген болар. Мүмкін балаларының жанына жара салғысы келмес, болашағын ойлар. Мүмкін намыс. Намыстанбай немене? Бірінен соң бірі дүниеге келіп, енді өсіп келе жатқан балаларын тастап кеткен анасына айтар назы көп. Ішкілікке салынып, дұрыс ортада жүрмеген көкек аналардың да бары бізді шошытты. Елдегі, аймақтағы жай бөлек. Өзіміздің өңірде орын алып жатқан осындай оқиға өзекті өртемеді дейсіз бе?!
Біз байланысқан әкелердің көбі ашулы. Жетісіп жүрген кім бар дейсіз? Түзде жұмыс істеп, үйде ананың орнына ана болып жүр. Азанғы, түскі, кешкі асы бар. Жуылар киімі бар. Берер тәрбиесі бір бөлек. «Қазір заман жақсы» дейтіндер аз емес. Бірақ біз заманның да, адамның да қазіргі бейнесін көрдік. Осындайда сұрақ туындайды. Жалғызбасты аналардың жайы қозғалып жүрген мәселе. Ал жалғызбасты әкелер ше? Толғандырмай ма?

«ӘКЕСІ ДЕ, АНАСЫ ДА ӨЗІМ БОЛДЫМ...»
«Әкелер алимент төлей ме?» деп жүргенде, кейбір көріктілерден бөріктілер озып кетті. Бүгінде жалғызбасты әкенің саны артты. Көрсеткіштің артуына не себеп? Өз баласын күйеуіне тастап, қара басының қамын ойлап кеткен аналар жауапкершіліктен неге қашады? Тағдырынан таяқ жеген әкелердің мұң-мұқтажына үңілдік.
Ішіндегісін айтып, жан сырымен бөліскен қазалылық тұрғын Тұрар Әбдіқалық қыздарын сағынып жүр. 2019 жылдан бастап жалғыз баққан үш қызы қазір жанында жоқ.
– Құмжиек ауылынанмын. 2014 жылы шаңырақ көтердік. Әупірімдеп жүріп тіршілігімізді жасадық. Солай 2015, 2016, 2019 жылы қыздарым дүниеге келді. Кенже қызым 3,5 айлық кезінде әйелім жұмыс жасаймын деп үйден кетіп қалды. Арасында хабарласып тұрып, кейін жоқ болды. Ауылда жалғыз әкем екеуіміз үш қызды бақтық. Жұмыс жасап жүріп-ақ үй тірлігіне де араластым. Балаларға тамақты уақытылы беріп, киімдерін жудым. Анасын жоқтатпай барынша тырыстым. Кейін әкем дүниеден озды. 3 қызыммен өзім қалдым. Жұмысты да, тірлікті де істеп қыздарыма көңіл бөлуді де ұмытпадым. Таза ұстап, шаштарын өріп, әкелік мейірімімді төктім. Тек баспанам болмады. Ыза жерде тұрған күндеріміз болды. Сол сәтте «Сауаптан құр қалмайық» қайырымдылық қорының басшысы Мақсұт Қарымсақтың бастауымен, жанашыр жандардың арқасында баспаналы болдық. Алайда қыздарымды сол үйге апарамын деп отырғанда комиссия отырысы өтті. Менің отбасылық жағдайым қаралып, қаншама жыл кішкентайынан баққан балаларымды әйелімнің анасы Түркістанға алды да кетті. Биологиялық әкесімін. Жұмыстан қашпаймын. Енді баспанам да бар. Неге қыздарым нағашы әжесінің қолында болуы керек деген сұрақ туындайды. Аналары болса өзгеге тұрмысқа шығып кеткен. Әділеттік болуы керек емес пе? Бастапқы да қыздарыммен байланысып отырдым. «Сағындық» деп хабарласатын. Қазір тіпті байланыса алмай қалдым. Қоңырау соқсам жауап бермейді. Заңды жолын білмеген соң сотқа қалай жүгінуді де білмеймін. Енді алдағы күндері заңгерлерге жүгініп, балаларымды қайтарып алудың жолын қарастырып жатырмыз, – дейді ол.
«Қыздарыңыз қолыңызда болғанда анасын іздеп пе еді?» деген сұрақты қойдық. Оның айтуынша, ананың мейірімі мен махаббатын ешкім баса алмайды. Бірақ әке де, ана да болған өзім дейді.
– Әрине, ана берген тәрбие, ана берген жылулық тым бөлек. Іздеді, сағынды. Барынша жоқтатпауға тырыстым. Кішкентайымды құндақтаулы кезінен өзім қатайттым. Үлкен қыздарым математика пәнін жақсы көрді. Би үйірмесіне баратын. Соңғы сөйлескен күндерімізде «Бізді алып кетесің бе?» деп сұрайтын. Енді қазір мүлдем хабар ала алмай отырмын, – деп күйінді әке.
Тұрар Әбдіқалық қыздарымен қауышуын асыға күтіп жүр. Қазір оның үзілмеген үмітін жалғап отырған тек телефонында сақталған суреттері ғана.
Қызық, біз білетін қым-қуыт тіршілікте әкелердің қолы тимей жүретіні рас. «Бала-шағаны асырау керек» дейді. Түзде жүреді. Бірақ әйелдер бос отырады деп кім айтты? Жұмысына да, үй тірлігіне де, балаларға да үлгеріп, отбасының берекесін кіргізер ананың орны бір төбе. Әйелін төмпештеп, қорлайтын, ішімдік ішетін, табыс таппайтын, тіпті балаларын тастап кеткенімен қоймай, алимент төлемейтін «әкелер» туралы әңгіме бөлек. Алайда біз керісінше, әйелі тастап, баламен қалған ер кісілердің жайы туралы айттық. Бұл да біздің уақыттың көрінісі. Қасірет пе?

СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?
Ұлттық статистика бюросы елдегі бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ерлер мен әйелдер туралы мәліметті жариялады. Қазақстанда 2022 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша 18 жасқа дейінгі балалары бар 476 мың жалғызбасты әкелер немесе аналар отбасы бар екен. Оның ішінде 423 959-ы балалы аналар отбасы, 52 мыңы – балалары бар әкелер отбасы. Мұнда әке мен ананың – жесір, ажырасқан, ешқашан үйленбеген санаты ескерілгені айтылды. Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті мәліметінше, 2022 жылы 129 707 жұп некеге отырса, 51 220 жұп ажырасқан.
Былтыр елде 120,8 мың неке тіркелген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға аз. Жалпы коэффициент мың адамға шаққанда – 6,07. Алғаш рет некеге тұрғандардың орташа жасы ерлер үшін 27,8 жас, әйелдер үшін 25,2 жас болды. Тіркелген некелердің 82,3 пайызы моноэтникалық, яки бір ұлт арасындағы жұптардың отасуы, ал қалған 17,7 пайызы – этносаралық. Ал ажырасу статистикасына көз жүгіртетін болсақ, олардың саны 2022 жылмен салыстырғанда 9,6 пайызға азайып, 40,2 мыңды құрады. Қалада 29,4 мың жұп (73,1%), ауылды жерлерде 10,8 мың отбасы (26,9%) некесін бұзған. Жалпы коэффициент мың адамға шаққанда – 2,02.
Сарапшылар елдегі ажырасудың негізгі себебі деп туыстарының араға түсуін (61%), моральдық шектеулердің болмауын (41%), ажырасу процесінің жеңіл болуын (25%) атап өтті. Сондай-ақ қазіргі замандағы қазақстандық әйелдер мен ерлерге сәйкес келмейтін қатал гендерлік рөлдердің сақталуы, некеге деген көзқарастың өзгеруі де проблемалардың қатарында. Алайда өз баласын өзектен тепкен көкек аналардың жайы, жалғызбасты әкелердің жағдайы назардан тыс қалмаса екен дейміз.

ЖАЛҒЫЗБАСТЫ ӘКЕГЕ КӨМЕК БАР МА?
Анаубір жылдары екі жастың қолдан ажырасуы шығып еді ғой. Құжат бойынша ажырасып, көмек не баспана алып құйтырқылықты жүзеге асырып бәйек қақты. Сондайлардың кесірінен баласын жалғыз асырап отырған, толық емес отбасына берілер көмек біршама қысқарды. Шын мұқтаждар осылайша «жарылқаудан» қағынған еді. Қазір ше? Жалғызбасты әкелерге қандай көмек беріледі?
Отбасы бұзылған сайын ол кейбір заң тұрғысындағы проблемаға тап болады. Мәселен, жәрдемақы мен АӘК ресімдеудің күрделілігі, қамқоршылық, алимент, баламен қарым-қатынас жасау құқығы және тағысын тағы. Мұның бәрін әкімшілік-бюрократиялық сипаттағы мәселелердің жиынтығына жатқызуға болады. Жалғызбасты ата-ана баланың заңды құжаттарын рәсімдеуде де көп қиындыққа кездеседі. Мұндай істер бойынша сот бірнеше айға, тіпті жылға созылуы мүмкін. Бұл процесс үшін ата-ананың жұмыстан және басқа да үй міндетінен уақытын алып қана қоймай, көп қаражат жұмсауын талап етеді. Сондай-ақ бүкіл процесс барысы балада да, ата-анада да психологиялық проблемалар тудырады. Дамыған елдердің тәжірибесі мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдар қаржылық және әлеуметтік қолдау көрсету арқылы жалғызбасты отбасылардың өмірін едәуір жеңілдетуге болатынын көрсетеді. Бұл отбасыларға балаларды дұрыс тәрбиелеу мен оқытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрі жанұяның өмір сүру сапасын жақсартады. Жалғызбасты отбасылар санының өсуіне байланысты дамыған елдер ата-аналарға психологиялық және білім алуға қолдау көрсету, коммуналдық төлемдер үшін бонустар, сондай-ақ тұрғын үй алуға көмек көрсете отырып, арнайы бағдарламалар мен жәрдемақылар арқылы осындай отбасыларды қолдауға көп назар аударады. Ал елде ажырасқан көпбалалы ата-ана ғана ай сайын әлеуметтік жәрдемақымен қамтамасыз етілген, сондықтан олар жұмыс істемеуі мүмкін. Жалғызбасты ата-анаға мұндай әлеуметтік көмек жоқ, тіпті бала тәрбиесі мен жұмыс бабын қатар алып жүргендер үшін тіптен еңбек режимі реттелмеген. Ал жалғызбасты әкелер мемлекеттің үй кезегіне де тұра алмайды, бес және одан көп баланы жалғыз тәрбиелеп отырғаны үшін ерте зейнетке де (бұл санаттағы әйелдер 53 жастан зейнетке шығады) шыға алмайды екен. Тіпті, ҚР заңнамалық актілеріне «көпбалалы әке» ұғымын енгізу биыл ұсынылыпты.

АЛИМЕНТТЕН ЖАЛТАРҒАН АНА
Иә, алименттің әлегі көп. Әсіресе одан жалтарған әкелердің көптігі алаңдатушы еді. Ал аналардың мәселесі талқылана бермейтін. Кейінгі орын алып жатқан оқиғалар көпшіліктің жағасын ұстатуда. Бір емес, бірнеше баласын тастап кеткені жанға батпайды деймісіз? Анасыз қалған балалардың мейірімге шөлдеген жүзін көріп, көңіліміз құлазыды. Дегенмен ұл-қыздар өмір сынына берілмей, әкесінің қасында өжеттене өсіп келеді. Алименттен жалтарғандарға заң қатал. Былтыр алимент төлемеген әйел түрмеге қамалды. Ананың кәмелет жасқа толмаған балаларына берешегі 3 миллион теңгеден асқан. 2018 жылдан бері алимент төлемепті. Осы мерзім ішінде сот үкімімен келіншек бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылған. Тіпті, шартты түрде бір жылға бас бостандығы да шектелген. Бірақ еш нәтиже шықпаған соң, сот орындаушылары жазаның қатаң түрін қолданыпты. Бас бостандығынан айырылғанымен, оның қарызы өшіп кетпейді. Егер сот орындаушы жұмысқа тұрғызатын болса, орындау парағын сонда жіберіп, алты ай мерзім күтеді. Шыққаннан кейін алты айдың алиментін тағы да есептеп қосып береді. Сонымен, бірталай ақша болайын деп тұр.
Сөйтіп, алимент төлеуден қашып жүрген әкелердің орнын аналар басуда. Бауыр еті баласынан бас тартып, ана деген атынан айырылғандардың тым артып бара жатқаны алаңдатпай ма? Ал қоғамда жалғызбасты аналармен салыстырғанда, жалғызбасты әкелерге көзқарас та, қолдау да бөлек.
Қазақстандағы әрбір бесінші отбасы – дара ата-ана. Ресми некеде 76,5 пайыз жағдайда отбасын ер адам басқарады. Ал азаматтық некеде, керісінше әйел басқаратын отбасы моделі 2 есе жиі кездеседі. Яки, азаматтық некедегі әрбір оныншы отбасында әйел адам басшы. Біздің қоғамда ерлер мен әйелдердің әлеуметтік рөлдеріне қатысты түсініктер қалыптасқан. Ер адам отбасын асыраушы, ал әйел үйдің шамшырағы. Бірақ қазір осы заңдылықтың бұзылғанын көреміз. Жалғызбасты әкелердің көбеюі азаматтық неке саны артып, ажырасу көбейгенінен.
Түйін: «Басы ауырмағанның балтыры сыздағанмен шаруасы жоқ» деген бар. Қоғамның еркектің мүсәпір күйге түсіп, көптің алдында шарасыз күй кешкенін қабылдауы қиын. Ол арланады, намыстанады. Қандай көмек барын білмейді. Онысын да көпке көрсеткісі келмейді. Ананың орнын әке, әкенің орнын ана баса алмасы анық. Қош. Ошақ оты өшті. Балалар жетімектің күйін кешті... Тоғыз ай тар құрсағына сыйдырып, өлім мен өмір арпалысында дүниеге әкелген сәбиін тастап кете салу соншалықты жеңіл ме еді?

Айнұр ӘЛИ



22 маусым 2024 ж. 184 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031