Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Экран алдындағы ұрпақ: ойыннан келген өзгерістер

Экран алдындағы ұрпақ: ойыннан келген өзгерістер

Қазір қай үйге барсаң да, бір көрініс қайталанады: бала тыныш, бірақ екі көзі телефонда. Ата-ана бұған алғашында «тыныш отырса болғаны» деп қуанады. Алайда сол «тыныш отырған» баланың біртіндеп ұйқысы бұзылып, мінезі өзгеріп, сабағы төмендей бастағанда ғана алаңдайды. Әсіресе жасөспірімдер арасында Free Fire, Roblox сияқты ойындарға әуестік тым күшейіп кеткені байқалады. Бұл ойындар, бір қарағанда, зиянсыз көрінгенімен, уақыт өте келе баланың өмірін толықтай өзіне бағындырып алатыны анықталуда. Мәселе бір-екі сағаттық ойында емес, сол ойынның баланың күн тәртібін, ойлау жүйесін және болашаққа деген көзқарасын өзгертіп жатқанында.
Ойын-ермек емес, күнделікті дағдыға айналғанда
Бұрынғы ойын: далада асық ату, доп тебу еді. Қазіргі алаң бөлме іші экран алдында өтетін әрекет. Көптеген бала мектептен келе сала телефонды қолына алады да, кешке дейін орнынан қозғалмайды. Сабақ кейінге, үй шаруасы ертеңге қалдырылады. Ойын уақытты қалай алып қойғанын кішкентайлардың өзі де байқамай қалады.
«Тағы бес минут» деп басталған әуестік бір-екі сағатқа созылып кетеді.. Бала үшін басты қызық – виртуалды әлем, онда ол «жеңімпаз», «күшті», «беделді» бола алады. Ал шынайы өмірдегі жауапкершілік, сабақ, тәртіп біртіндеп екінші орынға сырғи түседі. Бұл жағдай әсіресе жасөспірім кезеңінде қауіпті. Себебі дәл осы уақытта баланың мінезі қалыптасып, өмірге деген бағыты айқындала бастайды.
Айман бес ұл-қыздың анасы. Мемлекеттік мекемеде қызмет ететін кейіпкеріміз кіші баласының әрекетіне алаңдаулы.
«Ұлымыздың телефондағы әркеттерді қайталағаны алғашында қызық көрінетін. Бірте-бірте қорқынышты әрекеттер жасай бастады. Телефон бермесек, ұрып, тартып алатынын еркелікке балағанымызбен, агрессиясы ұлғайып бала жатқандығы ойлантады. Телефонды сұрағанда алмаса, не нәрсе істеуге де дайын. Әлі келмейтін заттардың өзін құлату, әйнек-шыныларды шағу, сындыру – күнделікті әдетіне айналып бара жатыр. Түні бойы қорқынышты кейіпкерлердің атын айтып, қорқып болады. Баласы өсіп келе жатқан ата-аналарға менің қателігімді қайталамауларын сұраймын», – дейді көпбалалы ана.
Ұйқысыздық пен мінездегі өзгеріс: экран алдындағы жастардың көрінісі
Қазіргі жасөспірімдердің арасында ойынға тәуелділіктің салдарынан ең жиі байқалатын мәселелердің бірі-ұйқы режимінің бұзылуы. Көптеген оқушылар түнгі 12-1-ге дейін, кейде одан да кеш уақытқа дейін телефон немесе компьютер алдында отырады. Таңертең ұйқысы толық қанағаттанбаған бала сабаққа зейін қоя алмайды, күн бойы шаршаңқылық сезінеді. Ұйқының азаюы бірнеше жағымсыз салдарға алып келеді: есте сақтау қабілеті төмендейді, тез шаршайды, ашушаңдық көбейеді.
Сонымен қатар, ұзақ уақыт ұйқысыздықта қалу баланың жалпы көңіл-күйіне және физикалық жағдайына әсер етеді. Егер бұл күнделікті қайталанса, баланың психологиялық дамуы да тежелетінін Мәншүк Арзахметова айтады. Психолог пайымынша, ойынға тәуелді жастар көбіне таңертең шаршаңқы оянады, сабаққа көңіл бөле алмай өз эмоцияларын ұстай алмай қиналады. Телефонды немесе ойын құрылғысын уақытынан бұрын алып қойса, тез ашулану, кейде агрессия көрсету байқалады. Бұл – тәуелділіктің анық көрінісі ғана емес, сонымен қатар баланың отбасылық қарым-қатынасына және қоғамдағы мінез-құлқына да әсер ететін фактор.
Білімге көзқарас пен сабаққа ынта
Мектеп жасындағы балалар үшін білім алу-өмірдің негізгі міндеттерінің бірі. Алайда ойынға шамадан тыс әуестік оқу процесіне кері әсер етпей қоймайды. Көптеген оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы азайып, тапсырманы орындауға ынтасы төмендейді. Компьютерлік және мобильді ойындар жылдам әрекет жасауға, қысқа уақыт ішінде нәтиже көруге үйретеді. Ал оқу барысында бір тақырыпқа тұрақты түрде көңіл аударып, ойланып, сабырмен жұмыс істеуі қажет. Осы екі әрекеттің айырмашылығы жасөспірімнің қабылдауына әсер етеді.
Соның салдарынан ұзақ мәтін оқу, бір орында тапжылмай отырып білім алу, кітап оқу, мұғалімді мұқият тыңдауға немесе тапсырманы толық орындауға шамасы жетпеуі мүмкін. Мұндай зейіннің тұрақсыздығы жиі байқалатын мәселенің бірі. Білімге деген көзқарастың өзгеруі болашақта жасөспірімнің өмірлік бағытына да ықпал етуі ықтимал.
Сонымен қатар ойынға берілген балада оқу біртіндеп екінші орынға ығысып, үй тапсырмасы үстірт қаралып мүлдем қаралмай қалады.Сабаққа деген қызығушылық төмендеп, ойын әлеміндегі тез нәтиже мен қызыққа қайта оралу көбейеді. Нәтижесінде «кім боламын?», «не істеймін?» деген сұрақтар кейінге қалу мүмкіншілігі артып, бала күнмен өмір сүру ықтималдылығы арта түседі.
Өкініштісі, бұл ойындар бүгінде балалар мен ересектердің күнделікті әдетіне айналуда.
Смартфонның салдары туралы дәрігер Жұлдыз Пархотованың пікіріне ден қойдық.
«Телефондағы ойындарға ұзақ уақыт үңілу, экранға телміріп отыру көздің тез шаршауына, құрғауына, тіпті көрудің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Әсіресе бұл жағдай балалар үшін өте қауіпті.
Сонымен қатар, телефондағы ойындар жүйке жүйесіне де салмақ түсіреді. Ұзақ уақыт ойын ойнаған адам ашуланшақ, мазасыз болып, ұйқысы бұзылады. Бұл ойын кезіндегі үнемі қозу, жарысу және жеңіске деген тәуелділікпен байланысты. Мұндай әдет уақыт өте келе психологиялық тәуелділікке ұласуы мүмкін.
Тағы бір маңызды мәселе – қимыл-қозғалыстың азаюы. Телефонмен ұзақ отыру омыртқаға, мойын мен қол бұлшықеттеріне салмақ салады. Бұл бел, мойын ауруларына, дұрыс отырмаудан омыртқа қисаюына себеп болады. Әсіресе өсіп келе жатқан жасөспірімдер үшін өте зиян», – дейді.
Медицина мамандарының айтуынша, телефондағы ойындарды мүлде тыйып тастау мүмкін емес. Бірақ уақытты шектеу маңызды. Күніне 30–60 минуттан артық ойнамау, әрбір 20–30 минут сайын үзіліс жасау, көзге арналған жаттығулар орындау – денсаулықты сақтаудың қарапайым жолдары.
Жұлдыз Дүйсенбайқызы бос уақытты таза ауада серуендеуге, спортқа, кітап оқуға немесе отбасымен әңгімелесуге арнау әлдеқайда пайдалылығын, денсаулық – телефондағы ойыннан да қымбаттығын жеткізді.
Түйін. Компьютерлік және мобильді ойындар – қазіргі заманның бір бөлшегі. Free Fire, Roblox сияқты ойындарды жоққа шығару мүмкін емес, алайда олардың жасөспірім өміріндегі орнын дұрыс анықтау маңызды. Ойынға берілген уақытты шектеу –тек ата-ананың емес, мектеп пен қоғамның да ортақ міндеті.
Жасөспірімнің виртуалды әлем мен шынайы өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтай білуі оның болашағына тікелей әсер етеді. Баланың балалығы ойынмен емес, арманы мен мақсаты арқылы көрінуі қажет. Сол кезде ғана экран алдындағы уақыт тиімді өтеді, ал қоғамға пайдалы ұрпақ өседі.
Мирамкүл ШАМШАЕВА
07 ақпан 2026 ж. 34 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728