ЖИ: қауіп пе, құрал ма?
XXI ғасырда білім алу үдерісі дәстүрлі тақта мен оқулық аясымен шектелмейді. Қоғамның даму қарқынына сай білім беру жүйесіне қойылатын талаптар да өзгеріп, оқыту әдіс-тәсілдері жаңарып келеді. Цифрландыру күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып, бұл үдеріс білім беру саласына да айтарлықтай ықпал етуде. Соның ішінде соңғы жылдары кеңінен талқыланып, түрлі салада белсенді қолданысқа енген ұғымдардың бірі-жасанды интеллект.Бүгінде бұл технология білім беру кеңістігінде сан түрлі пікір тудырып отыр. Бір тарап жасанды интеллекті білім сапасын арттыратын тиімді құрал ретінде бағаласа, енді біреулер оны оқушының дербес ойлау қабілетіне кері әсер ететін қауіп ретінде қарастырады. Осы тұрғыда жасанды интеллект құралдарын білім алу процесінде қолданудың артықшылықтары мен кемшіліктерін жан-жақты саралау маңызды.
Жасанды интеллект – адамның ойлау қабілетіне тән кейбір әрекеттерді компьютерлік жүйе арқылы жүзеге асыратын технология. Ол ақпаратты талдап, өңдеп, салыстырады. Қорытынды жасап, кей жағдайда кеңес те бере алады. Бүгінде бұл технология тек техника саласында ғана емес, білім беру кеңістігінде де белсенді қолданыла бастады. Түрлі онлайн платформалар, автоматты тексеру жүйлері, мәтінмен жұмыс істейтін бағдарламалар, виртуалды көмекшілер – соның айқын дәлелі. Педагогика саласы мамандарының пікірінше, жасанды интеллектіні орынды қолдану білім алушылардың оқу мүмкіндігін кеңейтеді.
Жасанды интеллекттің басты артықшылықтарының бірі – білімге қолжетімділіктің артуы. Оқушы өзіне қажетті ақпаратты кез келген жерде отырып меңгере алады. Түсінбеген тақырыптарын қосымша түсіндірмелер арқылы бекітіп, мысалдармен жұмыс жасауына мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде оқушылардың дербес білім алуға деген жауапкершілігін қалыптастырады.
Сонымен қатар жасанды интеллект құралдары әр білім алушының жеке ерекшелігін ескеруге, бақылауға мүмкіндік береді. Барлық оқушы бірдей қабылдамайды, бірдей жылдамдықпен берілген ақпаратты меңгермейді. Кейбірі теорияны тез түсінсе, енді біріне көбірек уақыт қажет болады. Бұндай жағдайда жасанды интеллект оқу тапсырмаларын оқушының білімді игеру, қабылдау деңгейіне қарап бейімдеп ұсына алады. Бұл әлсіз оқушыларды да қатардан қалдырмай, оқушы бойындағы ақсап тұрған қабілеттердің әлеуетін ашуға жол береді. Психолог мамандардың пікірінше, оқыту үдерісін жекешелендіру оқушының өз-өзіне деген сенімін арттырып, ішкі мотивациясын күшейтеді.
Мұғалім тұрғысынан қарағанда да бұл технологияның пайдасы аз емес. Күнделікті тексеру, бағалау, талдау сияқты уақытты көп алатын жұмыстардың бір жүйеге реттеліп автоматтандырылуына сонымен қатар педагогқа шығармашылықпен жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектті қолдану оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыратынын жоққа шығаруға болмайды. Білім беру процесінде оқушының назарын ақпартқа бұра алу ең маңызды аспект. Интерактивті тапсырмалар, ойын форматындағы жаттығулар, виртуалды диалогтар, оқу процесін жандандырып, оқушыны белсенділікке, әрекетке тартады. Әсіресе тіл үйрену барысында мұндай құралдардың тиімділігі жоғары. Оқушылар еркін сөйлеуге, қателесуден қорықпауға, өз ойын ашық жеткізуге мүмкіндік алады.
Алайда бәрін жасанды интеллектіге тапсырудың жөні жоқ.
Алдымен, бұл – оқушының өз бетінше ойлау қабілетіне әсер етеді, Егер білім алушы барлық тапсырманы интеллект арқылы ала берсе, оның талдау, салыстыру, қорытынды жасау секілді дағдылары біртіндеп әлсірейді. Бұл ұзақ мерзімді перспективада білім сапасының төмендеуіне алып келуі ықтимал.
Тағы бір алаңдататын мәселе – академиялық адалдық. Жасанды интеллект көмегімен дайын мәтіндер, жауаптар алу оқушыларды жеңіл жолға үйретуі мүмкін. Мұндай жағдайда білім алушының еңбегі емес, технологияның мүмкіндігі алға шығады. Бұл өз кезегінде жауапкершіліктің төмендеп, адал еңбектің бағаланбай қалуына әкеп соқтырады.
Сондай-ақ техникалық мүмкіндіктердің тең еместігі назардан тыс қалмауы тиіс.
Барлық оқушының смартфонға, компьютерге, интернетке қолжетімділігі бірдей емес. Бұл жағдай білім алу барысында белгілі бір теңсіздіктерді тудыруы мүмкін. Сол себептен жасанды интеллект құралдарын қолдану кезінде әлеуметтік жағдай да ескерілуі қажет.
Тағы бір маңызды мәселе – мұғалім рөлінің төмендеу қаупі. Егер технологияны шамадан тыс қолдансақ, тірі қарым-қатынас, тәрбиелік мәні бар әңгімелер екінші орынға ығысуы мүмкін.
Қорытындылай келе, жасанды интеллект – білім беру саласында үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын заманауи технология. Ол орынды әрі мақсатты қолданылған жағдайда оқу процесін жеңілдетіп, білім сапасын арттыруға ықпал етеді. Алайда адам факторын ескерусіз қалдырып, технологияға толықтай сүйену кері нәтижеге алып келуі мүмкін. Сондықтан жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізуде саналы көзқарас, педагогикалық жауапкершілік және тірі қарым-қатынас басты орында тұруы тиіс.
Мирамкүл ШАМШАЕВА











