«Ақ алтыннан» – ақылды егінге
Бүгінде дүниежүзінде су ресурстарының азаюы – ең өзекті мәселелердің бірегейі. Бұл суды көп мөлшерде пайдаланатын ауыл шаруашылығы саласына өзгеріс әкелуде. Қиындықты еңсеріп, алға адымдау бағытында елімізде егіншілікте суды үнемдеп пайдалану тәсілдері кеңінен енгізіліп, жүзеге асуда. Жаңашыл егін егу – табиғатты қорғаумен қатар, өнімділікті арттырудың тиімді тәсілі екендігін ұғындыруда. Сыр өңіріндегі су тапшылығы және ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында қандай берекелі бастамаларға бар? Неге мән бере алмай жүрміз? Ұтқанымыз қайсы? Ұтылғанымыз не? Сараптадық.Басты байлықты байыптау
Су үнемдеу арқылы егін егу – заманауи технология. Тамшылатып суару әдісінде су тікелей өсімдіктің тамырына жеткізіліп, су ысырабын азайып, топырақтың ылғалдылығын тұрақты сақтап, өнім сапасы жақсарып, өнім көлемін көбейтуге көмектеседі. Ауыл шаруашылығында суды үнемдеу технологияларын енгізу – уақыт талабы.
Мемлекет тарапынан жыл сайын жаңа технологияларды енгізу үшін субсидиялар мен қолдау көрсетілу аясы ұлғайып келеді. Бұл ауыл шаруашылығын дамытуға және су ресурстарын сақтауға бағытталған маңызды қадам.
Табиғи ресурс құндылығын адамдар ертеден білген. Ежелгі Месопотамия мен Мысырда шаруалар біздің заманымызға дейін 4000-3000 жылдары алғашқы суару жүйелері мен каналдарды ойлап таптқан. Ніл, Тигр және Евфрат өзендерінің суын бөгеп, егістікке кезекпен беру арқылы суды тиімді пайдалануды білген.
Ал қазіргі заманғы тамшылатып суару жүйесін 1959 жылы израильдік инженер Симха Бласс ойлап тапқан. Ол судың әр тамшысын тікелей өсімдік тамырына жіберу арқылы су шығынын 50-70 процентке азайтқан.
Соңына «Судың да сұрауы бар» деген даналық қалдырған қазақ халқы да ежелден судың қадіріне бойлаған. Сыр өңірі мен Жетісуда егіншілікпен айналысқан егіншілер өзен суын бөгеп, тоған салу арқылы суды шашусыз тұтынған. Археологтар Сауран маңынан жер асты суларын жинап, буланбауы үшін өткізетін күрделі «кәріз» жүйелері болғанын кездестірген. Бұл суды үнемдеудің көне әрі өте тиімді тәсілі екені сөзсіз.
Су қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздік
Қазақстанда 1990 жылдардың аяғы – 2000 жылдардың басында израильдік және еуропалық тамшылатып суару технологиялары алғаш рет қазіргі Түркістан облысына мақта және жеміс-жидек алқаптарында сынақтан өтіп, ғылыми негізделген су үнемдеу технологиялары елімізде кезең-кезеңімен қолданысқа енген.
2010 жылдары мемлекеттік деңгейде қолдау күшейіп, «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында субсидиялар босатыла бастаған.
Лазерлік тегістеу әдісі арқылы судың жерге біркелкі жайылуын қамтамасыз етіп, тиімділігін анықтаған. Бүгінде бұл технологиялар республика бойынша 500 мың гектардан астам жерде өз нәтижесін берген. Ал 2030 жылға қарай көрсеткішті 1,3 миллион гектарға, суармалы жерлерді шамамен 70 процентке дейін жеткізу жоспарлануда.
Қазақстанда 2024-2025 жылдары Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, суды үнемдеу мәселесі алғаш рет жеке мемлекеттік саясат ретінде бекітілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, 2023 жылы 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеу жол картасы әзірленді.
«Суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу», – деген Президент суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін жеделдетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын кеңейтуге пәрмен берген болатын.
Жол картасын әзірлеу барысында суды үнемдеуге қатысты су заңнамасы, тарифтерді белгілеу жүйелері, су шаруашылығын цифрландыру, суды есепке алудың заманауи жүйелерін енгізу, кәсіпорындарда айналымды және қайталама сумен жабдықтау, жаңа технологияларды енгізе отырып, тұрғын үй-коммуналдық жүйелерді салу және пайдалану басты назарға алынған. Фермерлерді су үнемдеу технологияларын орнатуға ынтыландыру мақсатында субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізуге де түрткі болған. Құжат бойынша суармалы жерлерде су алу және беру үшін инфрақұрылымды жүргізу кезінде ұңғымаларды бұрғылау, сондай-ақ инфрақұрылымды жүргізу, үнемдеу технологияларын сатып алу және орнатуға фермерлердің шығындарын өтеу үлесін 50 проценттен – 80 процентке дейін ұлғайту көзделген.
Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды.Тұжырымдама бойынша су тасқынына қарсы объектілерді қалпына келтіру, 15 су қоймасын және 14 мың шақырымнан астам суару арналарын реконструкциялау және жаңғырту, 9 өңірде жаңа су қоймаларын салу бойынша бірқатар кідіріссіз шаралар көзделеген.
«Салаға байланысты жаңашылдықтың бірі – биллинг жүйесі. Бұл суды пайдалану көлемін автоматты түрде есептеп, оның ақысын дәлме-дәл шығарып беретін ақпараттық бағдарлама. Салалық министрлік 2025-2026 жылдарға арналған жоспарында бұл жүйені енгізуді басты басымдық етуде.
Бұл, біріншіден, судың «көлеңкелі нарығын» жоюға бағытталған жүйелі қадам болса, екіншіден, биллинг жүйесі бойынша суды пайдалану мөлшеріне қарай сатылы тариф қолданылады. Егер шаруа қожалығы белгіленген лимиттен артық су жұмсаса, жүйе автоматты түрде жоғарылатылған бағамен есептеледі. Бұл диқандарды суды көп жұмсамай, үнемдеуге міндеттейді.
Жүйе су беру процесін толық цифрландырады. Яғни, өзгерістеге орай, су тек «Қазсушар» мекемесімен ресми келісімшарты бар және электронды базада тіркелген шаруаларға ғана босатылады. Ол судың қай жерде заңсыз алынғанын немесе қай каналда шығын болып жатқанын онлайн режимде көрсетуге мүмкіндік береді», – дейді сушы Мұрат Әбимахат.
Биллинг су тапшылығы кезінде суды кезекпен беру графигін автоматты түрде реттеп, су үшін төлемді ұялы телефон арқылы, онлайн төлеуге мүмкіндік береді. Мамандар бұдан бөлек су үнемдеу жабдықтарын шығаратын зауыттарды Қазақстанда ашу, су аз жылдары күріштің орнына мақсары немесе жүгері егудің экономикалық пайдасын түсіндіру, 40 процент суды сақтап қалатын каналдардың түбін бетонмен қаптау сынды ұсыныстарды жиі көтеріп жүр. Сондай-ақ су мамандарын жаңа технологиялармен жұмыс істеуге үйрету ісі – мемлекет назарында.
Тамшыдағы тағдыр немесе Сырдарияның сыбағасы
Климаттың жаһандық өзгеруі Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан облысымызға да қаупін төндіруде.
Ортал Азия өңірлік экологиялық орталығының мамандары: «Сырдария бассейніндегі судың 90 проценті ауыл шаруашылығына жұмсалады. Егер Қазақстан мен көршілес елдер 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларына жаппай көшпесе, аймақта су үшін геосаяси тартыстар күшеюі мүмкін», – деген.
Сыр өңірінде су үнемдеу технологияларын енгізуде көш бастаған бірнеше ірі шаруашылықтар мен маңызды жобалар бар. Олардың тәжірибесі бүгінде облыстың ауыл шаруашылығы үшін үлгі. Қызылорда – ертеден күріштің отаны.
Облыстық ауылшаруашылығы департаментінің деректеріне үңілдік.
Жалағаш ауданындағы «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі су үнемдеу технологияларын, соның ішінде күріш егістігін лазерлік тегістеуді алғашқылардың бірі болып қолға алған. Лазерлік тегістеу суды бүкіл танапқа біркелкі тарату арқылы оның шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берген.
Австралиялық технологиямен жарақтанған шаруашылықтар 2024 жылдан бастап өңірдегі бірқатар шаруашылықтар күрішті суарудың автоматтандырылған жүйесін енгізе бастаған. Бұл жүйе әр өсімдікке қажетті су мөлшерін дәл анықтап, маусым кезінде 10 мың текше метрге дейін суды үнемдеуге мүмкіндік берген.
Күрішті көшеттеп егу жобалары 2021 жылдан бастап қолға алынған. Өңірде күрішті дәстүрлі себу емес, көшеттеп егу әдісі сынақтан өткен. Бұл әдіс вегетациялық кезеңді қысқартып, суды аз жұмсауға бағытталған.
Инвестициялық бағдарламасы шеңберінде «Жаңа Шиелі, О-2 каналдарында суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орната отырып, гидропосттарды реконструкциялау» жобасы жүзеге асты.
2024-2026 жылдары облыстағы 16 магистральдық және шаруашылықаралық арналарын автоматтандыру және Қызылорда облысының Келінтөбе, Әйтек және Сұңқат-3 каналында суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орната отырып, жалпы ұзындығы 2 609 шақырым жобаны жасау және су бекеттерін реконструкциялау іске асырылуда.
Жыл ішінде басты назар аударылып отырған мәселе – су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін толық іске қосып, инфрақұрылымды автоматтандыру мен заңсыз су алуды тоқтату жұмыстары жүргізілу ісі. Бұл туралы өткен жылдың соңында өткен Үкімет отырысында айтылды.
Жасыратыны жоқ, Сырдың суы көлемін жыл сайын азайтып отыр. Нарын – Сырдария каскадына келіп түсетін су көлемі тым аз. Бұл биылғы вегетациялық кезеңде су тапшылығы қаупін тудырары анық.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев: «Вегетациялық кезеңде сырттан келетін су көлемі айтарлықтай азаюы ықтималдығы басым. Облыс әкімдігі су ресурстары және ирригация министрлігі, ауыл шаруашылығы министрлігі және ғылыми ұйымдармен бірлесіп, инновациялық препараттарды қолдану үшін кемінде 100 гектар жер телімін анықтап, оларды жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржылық қолдауды қамтамасыз етуі қажет», – деген болатын.
Ылғалды көп қажет ететін дақылдар алқаптарын қысқарту және құрғақшылыққа төзімді, аз су қажет ететін дақылдарды енгізу арқылы егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру өзекті.
Су тапшылығының алдын алу мақсатында 2026 жылы күріш егістіктерінің алаңы 70 мың гектардан аспау назарға алынған.
Лазерлік тегістеу жұмыстарында да ілгерілеушілік бар. Қызылорда өңірінде күріш егістігіне арналған лазерлік тегістеу технологиясы 2010 жылдардың ортасынан бастап белсенді енгізіле бастаған. 2025 жылы Қызылорда облысында 60 мың гектарға жуық күріш алқабы осы әдіспен тегістелген.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының есептік кездесуінде Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының сарапшысы Сағидулла Ибатұллаев: «Лазерлік тегістеу – Сыр өңірі үшін баламасыз технология. 55 мың гектарды тегістеу арқылы 200 миллион текше метр суды үнемдеу – бұл үлкен жетістік. Бірақ біз мұнымен тоқтамауымыз керек. 2026 жылға қарай цифрлық биллинг жүйесі мен «ақылды егін» элементтерін жаппай енгізу арқылы су тапшылығы кезеңінде де өнімділікті 70-80 центнерден төмендетпеуге болады», – деген.
2025 жылы Қызылордада су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптар 8 100 гектарға дейін ұлғайған.
Қазалы ауданында да облыстың 2024-2028 жылдарға арналған жол картасында су үнемдеу технологиясын 2026 жылы 2000 гектарға жеткізу туралы тапсырмасына сәйкес, жоспар жасалып, бекітілген. Жаңбырлатып суғару әдісімен 269 гектар, тамшылатып суғару әдісімен 450 гектар және пленкалық әдіспен 1281 гектар егіс егілмек.
Аудандағы ең басты мәселе – каналдардың ескіруі және судың жерге сіңіп кетуі. Қазіргі таңда магистральдық және танаптық каналдарды механикалық тазарту және бетонмен қаптау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл су шығынын 30-40 процентке азайтуға мүмкіндік береді.
Баспай каналындағы жүйені жаңғырту арқылы суды үнемдеп, шалғайдағы жайылымдық жерлерге су жеткізу көзделген.
Бүгінде облыс бйоынша егістікті суаруға 2025-2026 жылдары шамамен 3,9 миллиард текше метр су лимиті бекітілген.
Аудан әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Кезекпен суару» әдісі қатаң бақылауға алынған. Су ресурстары мамандары әр шаруашылыққа суды нақты лимитпен және белгіленген уақытта ғана береді. Бұл судың босқа ағып кетуін болдырмау амалы.
Ауданда суды көп қажет ететін күріш алқаптарын біртіндеп азайтып, оның орнына суды аз ішетін дақылдарды егу қолға алынуда.
Суды үнемдеу мақсатында мал азығындық жоңышқа алқаптары көбейтілуде.
Тамшылатып суару әдісімен қауын-қарбыз егу жобалары іске асырылуда.
Қазалы – Сырдарияның ең төменгі ағысында, Аралға жақын орналасқандықтан, мұндағы су үнемдеу жұмыстары тікелей Солтүстік Арал теңізін сумен толтыруға септігін тигізгеді.
Өзгергенді көз көрді
Әлемде «Smart Water» жүйесі қолданыста. Егістікті «көзбен» емес, «цифрлық деректермен» егу жүйесі «Ақылды егін» – Smart Agriculture – ауыл шаруашылығын заманауи жоғары технологиялар IT, датчиктер, ИИ, дрондар арқылы басқару жүйесі. Бұл игіліктің Сырдария бойындағы тұрғындар үшін де мәні зор. Аймақтағы ірі магистральдық каналдарға қазір судың қай жерде жерге сіңіп немесе заңсыз ұрланып жатқанын онлайн көрсетіп отыратын цифрлық есептегіштер орнатылуда. Автоматтандырылған шлюздер 20-дан астам ірі су торабын қашықтан басқаруға көшірілуде. Бұл өз кезегінде адам факторын жойып, суды дәл мөлшермен жіберуге мүмкіндік береді.
Әлемдік тәжірибеге зер салсақ, Израиль аумағының 60 проценті шөл бола тұра, ел өзін ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтып, тіпті экспортқа астық шығарады. Олар алғаш болып суды үнемдеудің «Ақылды тамшы» – «Smart Drip» жүйесін ойлап тауып, жүйе арқылы су ғана емес, тыңайтқышты да тікелей өсімдік тамырына бойлатуда. Суды қайта өңдеу көрсеткіші 90 процентке жеткен. Тіпті кәріз суын тазартып, тамшылатып суаруға пайдаланатын мүмкіндікке ие болған.
Израильдік «Netafim» компаниясының технологиялары қазір Түркістан мен Қызылорда облыстарындағы бау-бақша шаруашылықтарында белсенді қолданылуда.
Соңғы жылдары су үнемдеу бойынша әлемдік рекордтар орнатқан қытайлықтар ісі де үлгі. Ауасы құрғақ Шыңжаң өңірінде «Under-mulch drip irrigation» әдісі қолданылады. Пленка астынан тамшылатып суару судың булануын толық тоқтатып, арам шөптердің өсуіне жол бермейді.
Қытайлық инвесторлар Қазақстанда су үнемдеу жабдықтарын шығаратын зауыттар салуға ниетті.
Тағы бір назар аудартарлық алпауыт – АҚШ үрдісі.
Жазы ыстық, құрғақ Калифорнияда суды үнемдеу цифрлық қондырғымен басқарылады. Топырақтың ылғалдылығын өлшейтін сенсорлар суару жүйесін тек қажет болғанда ғана іске қосады. Өнертабыс су шығынын 40 процентке кемітіп, өнімділікті 20 процентке ұлғайтқан.
Суды есептеу мәдениеті жоғары мемлекет – Австралиялықтар амалы да сүйсінтеді. Әлемдегі ең құрғақ континенттіктер судың әр тамшысын алтынмен тең санайды. Су саудасы жүйесі дамыған бұл елде шаруа технология арқылы суды үнемдесе, үнемделген су лимитін басқа шаруаға сатып, табыс таба алады.
Жоғарыда көрсеткендей, суды сарқып, тауысып алмауда оған деген қоғамдық көзқарасты өзгертпейінше, тек техника орнату аздық етеді. Қазақстан қазір осы елдердің «цифрлық су» тәжірибесін барынша сіңіруді көздеп отыр.
««Бір тамшы су – бір дән» деген қытайлық тәжірибе Қызылорда облысы үшін ең тиімді тетік. Қытай мамандары күрішті дәстүрлі түрде суға бастырып қоймай, пленка астына төселген түтіктер арқылы суды тікелей тамырға береді. Мұндайда су шығыны 60-70 процентке азаяды. Бұл әдіс біздің сортаң жерлерді игеруге өте қолайлы. Себебі сумен бірге берілетін минералды тыңайтқыштар жердің құнарын тез қалпына келтіреді.
Екіншісі, аспанасты елді тұрғындары күрішті көшеттеп егу технологиясын терең меңгерген. Тұқымды тікелей егістікке шашпай, алдымен арнайы жылыжайларда көшет ретінде өсіріп алады. Содан кейін оны далаға отырғызады. Мұндайда су ішетін уақыт 15-20 күнге қысқарады. Бұл Сырдария суы таусылатын тамыз айында өнімнің ерте пісіп үлгеруіне мүмкіндік беретін әдіс бізде қолданылып жатқандығы қуантты», – дейді ауылшаруашылығы саласының ардагері Қабылбай Бақкелді.
Су үнемдеу арқылы егін егу – болашақтың басты бағыты. Бұл әдіс табиғатты қорғауға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және ел дамуына ықпал ететін технология ғана емес, экологиялық және экономикалық қажеттілік. Әр тамшы суды бағалау – Нақты бір адамның ашқан жаңалығы емес, адамзаттың өмір сүру үшін ғасырлар бойы қалыптастырған ұжымдық тәжірибесі. Климат өзгеріп, су азайған сайын қажеттілігін ұғындыруда. Суды жүйелі тұтыну – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Оны үнемдеу – тек шаруалардың ғана емес, әрбір азаматтың маңызды міндеті. Ысыраппен күрес – ертеңге қосылған үлес. Бұл бүгінгі аксиома, өмір кредосы.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














