Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шөл даласының сиқырлы тамыры

Шөл даласының сиқырлы тамыры

Соңғы кезде «сұңғыла» деген шөп туралы әлеуметтік желіде жиі айтылып жүр. Халық медицинасында дәстүрлі дәрі ретінде маңызды орын алған шөптің қасиеті қандай? Білмекке бойладық...
Сұңғыла қандай шөп?
Ғылыми атауы сistanche – биологиялық сипаты өте ерекше өсімдік. Оның құрылымы мен тіршілік ету формасына қарасақ, өсу жүйесі және қоректенуінің өзгешелігін байқаймыз. Оның топырақтан нәр алатын тамыры мен жасыл жапырақтары болмайды. Сексеуіл, жыңғыл, жүзген немесе баялыш сияқты шөл бұталарының тамырына жабысып өседі. Көрінетін бөлігі жуан, етжеңді, шырынды келеді. Түсі көбіне сарғыш, қоңырқай немесе күлгін болады. Биіктігі жер бетінде 40-50 сантиметр болса, жер астындағы бөлігі 1-1,5 метрге дейін жетеді. Жапырақтары орнында сабақты қаптап тұратын ұсақ, қабыршақты өскіндер тұрады.
Сұңғыла – белгілі бір климаттық аймаққа ғана тән өсімдік. Оның дамуына шөлді аймақтың құмды, сортаң топырағы мен ыстық климаты әсер етеді.
Сәуір-мамыр айларында жер бетіне тез шығып, гүлдейді де, жаздың аптап ыстығы басталғанда, сабағы тез қурап қалады. Қызығы, өте ұсақ тұқымы топырақта ондаған жылдар бойы жата береді. Ол тек жанында қолайлы «ие-өсімдіктің» тамыры пайда болғанда ғана өне бастайды. Сұңғыла қырда да, құмда өседі. Аптап ыстықта гүлдейді. Оның бүкіл қасиеті – тамырында.
Биология ғылымдарында эпидемиктер деп атайтын өсімдіктер түрлері бар. Оларға жер шарының шағын аймақтарына ғана таралған өсімдіктер мен жануарлар сипаты ие. Қазақстанда мұндай өсімдіктердің 730-дан астам түрі болса, оның 170-ке тартасы табиғи түр оңтүстік өңірлерде ғана өседі. Қатарында сұңғыла шөбі де бар.
Түз тағысының таңдауы
Осыдан бірер жыл бұрын «Айқын» басылымында түз тағысының қайратты болу сыры туралы тағылымды мақала жарияланды. Ұзамай «Аq jol» газетіне тілші Нұрболат Аманбектің ««Қасқыржемнің» қадірін білеміз бе?» атты жазбасы жарық көрді.
Қос материалда табиғаттың тылсым сыйы мен киелі өсімдіктердің бірі – сұңғыла жайлы жан-жақты мәлімет берілген.
Ел арасында «қасқыржем» деген атпен танымал сұңғыланың сыры туралы айтылады. Өсімдіктің бұлай аталуы тегін емес. Сәуірдің желді күндері, «Құралайдың салқыны» басталғанда, түз тағысы – бөрілер осы өсімдікке үйір болып, тамырын қазып жеп, қуаттанады. Тек қасқыр ғана емес, тасбақа мен кірпі, тіпті қарсақ та сұңғыланың тамырын қазып жеп, бойына қуат жинайды екен.
Бабаларымыз байқаған
«Мен медицина маманы емеспін. Бірақ өзім өскен Қытайда адамдар дәстүрлі медицинаны әлі күнге дейін кеңінен қолданады. Қазақстанға келген соң, олар туралы айтсам, бәрі маған үрке қарайды. Дәріні мұнда тек дәрігер нұсқамасымен, дәріханадан алады екен», – деген ару биологиялық белсенді қоспаларға жүгінбей, дәстүрлі ем түрімен де дертіне дауа табуға болатынымен бөлісті.
«XV ғасырда жазылған әйгілі бабамыз Өтебойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабында сұңғылаға қатысты арнайы жазбалар бар. Орта ғасырлық шипагер бұл өсімдіктің қасиетін жоғары бағалап, оны медициналық тұрғыдан жүйелеген. Шиагер сұңғыланың ағзаны қуаттандыратын, бойдағы әлсіздікті жоятын қасиетін сипаттап, «тән қуатын қалпына келтіруші» құрал ретінде қарастырған. Есімде қалғаны, ер адамның күшін арттырып, бүйрек пен белдің суғын алатынын, несеп жолыр реттейтінін айтқан.
Кітапта өсімдіктің тамырын қалай пайдалану керектігі де көрсетілген. Оны кептіріп, ұнтақтап, сумен немесе балмен араластырып ішуді ұсынған. Басқа да киікоты, адыраспан шөптерімен қоса отырып, күрделі дәрілік қоспалар жасауға болатыны баяндалған. Біздің жергілікті қазақтар тілімен айтсақ, «қасқыржемнің» ойды анықтайтын, зейінді арттыратын өсімдік екені еңбекте жақсы сипатталған», – дейді Маржан Керейғазы.
Дәрігерлер неге тағайындамайды?
««Естігеннің бәрі ем, шөптің барлығы шипа» деген түсініктен жалпы жұрттың арылғанын қалаймын», – деп бастады әңгімесін дәрігер Мөлдір Алдасыберген. Ол сұңғыланы ресми рецепт ретінде жазылмауының бірнеше себебімен бөлісті.
«Сұңғылан толық зиянды дей алмаймын. Оның пайдасы, қолданыс аясы туралы зерттеу жұмыстары жүргізілгенін, бірнеше өндірушілер бар екенін де білемін. Өзге елдерде ғылыми зерттелгенімен, Батыс және Қазақстан медицинасында оған қатысты ауқымды адамдарға жүргізілген клиникалық сынақтар аз.
Қазақстанның ресми медицинасы «Дәлелді медицина» принциптеріне сүйенеді. Дәрігер тек министрлік бекіткен клиникалық хаттамадағы дәрілерді ғана жаза алады. Сіз айтып отырған өсімдік «Дәрілік зат» емес, «Биологиялық белсенді қоспа» ретінде тіркелген.
Сұңғыла – жабайы өсімдік. Оның құрамындағы белсенді заттардың концентрациясы ол өскен жерге, жиналған уақытына байланысты өзгеруі мүмкін. Ал ресми дәрі-дәрмектерде әр миллиграмм дәл есептелген.
Сұңғыла қан айналымын қатты жақсартады. Сондықтан жоғары қан қысымы бар адамдарға қауіпті. Өсімдік құрамындағы белсенді заттар іш жүргізетін қасиетке ие. Егер адамның іші өтуге бейім болса немесе асқазан жарасы асқынып тұрса, жағдайды қиындатуы мүмкін.
Жүктілік және емізулі кезеңде әйел ағзасына әсері толық зерттелмегендіктен, қолдануға тыйым салынады.
Кейбір адамдарда өсімдік компоненттеріне аллергиялық реакция болуы мүмкін.
Сұңғыла – көптеген дертке дауа болғанымен, оны «сиқырлы таяқша» көруге болмайды. Кез келген шөп дәрі – химиялық қоспа. Сондықтан, әсіресе созылмалы ауруы бар жандарға оны пайдаланбас бұрын міндетті түрде фитотерапевт немесе емдеуші дәрігермен кеңескен абзал.
Сұңғыла көбінесе халықтық медицина мен нутрициологияда қолданылады. Ресми дәрігерлер оны негізгі емге қосымша ретінде, мәселен, иммунитет көтеру үшін ұсынуы мүмкін. Бірақ негізгі дәрі ретінде жазбайды», – дейді дәрігер.
Қазақстанда өндірілуде
Цистанхе Шығыс медицинасында екі мың жылдан бері қолданылады. Қазақ даласындағы сұңғылаға көз тіккен көршілер көп. Өсімдіктің бұл түрі Қытайдың Қызыл кітабына енгізілген. Оны дәрі ретінде емес, косметика құрамына, биологиялық белсенді қоспаларға қосады. Бедеулік, қаназдық, іш қату, бүйрек сему, сүйектің мүжілуі, сіңірдің созылуы секілді ауруларға қарсы дәрі жасайды. 2006 жылы бұл өсімдіктің тамырының келісі елімізде 15 теңгеге бағаланғанса, қазіргі құны 350 теңгеден асады екен.
kaz.inform.kz сұңғыла ісін қолға алған кәсіпкер, фармацевт маман Серғазы Қылышбаев жайында материал ұсынған.
Мақалада С.Қылышбаев өз өнімдерін Қазақстан нарығын толтырып, елдің денсаулығына оң әсерін тигізіп жатқандығын, ешқандай жарнама жасалмай-ақ, өнімдеріміз елге таралып жатқандығын жеткізген.
Өндіріс орнында сұңғыладан биологиялық белсенді қоспалар, емдік препараттар дайындап сатылымға шығарып жатқандығы көрсетілген. Болашақта қара шаймен, жалбызбен және көк шаймен араластырылған фитошай, бал, марал мүйізі, жалбыз қосылған емдік тұнбалар өндіруді мақсат тұтқан.
Оралхан Дәуіттің «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған қазақстандық SAAD компаниясының сұңғыла шөбі қосыла дайындалған өнімдері туралы айтылған.
Өндіріс жетекшісінің бірі Ардақ Жексенбайқызы сұңғыланың пайдасы – ең күшті антиоксидлант екендігін атап өткен.
«Құрамында көмірсулар, янтарь қышқылы, иридоид, стероид, фенол, лигнан бар сұңғыланың тамырын дәрілік қасиетіне байланысты Қытай, жалпы Азия елдері медицинада жиі қолданады. Цистанхе бүйрек аурулары нефрит, пиелонефрит, цистит, жыныс жолдары аурулары, бедеулік, несеп түтігі, несеп жолдарының ауруларын емдеуде жақсы әсер етеді. Қан айналымын реттейді, терінің ісінуін, ауруды басады. Мәселен, Қытайдың дәстүрлі медицинасында оны бедеулік, арқа және тізе сынуы, Ян бүйректерінің жетіспеуінен сіңір және сүйектің әлсіреуі, қанның азаюы, іштің қатуы секілді ауруларға қарсы пайдаланады екен. Ағзадағы вирусты, артық газдың бәрін жойып жіберетін қасиетке ие. Ерекше сергектік, күш қуат береді. Қазір жастар да сергек жүру үшін энергетикалық сусындар ішуге құмар. Оның зияны – шаш-етектен. Ал сұңғыла әрі сусын, әрі емдік қасиеті бар», – деген мақалада.
Ел арасында кейде «сайсағыз» деп аталатын өсімдік АҚШ-та артық салмақтан арылу үшін биологиялық қосымша ретінде де, дәрі ретінде де ұсынылады екен. Қызылорданың Қызылқұм өңірі мен Арал маңындағы құмды, сортаңды жерлерде көптеп өседі.
Жапон ғалымдары соңғы жылдары цистанхе мен қызыл миядан қатерлі ісікке қарсы препараттар жасалуды қолға алған.
Оның сырын қазақ толық танымаған болса, терең ұғымына балама ретінде «сұңғыла жазушы», «сұңғыла саясаткер», «сұңғыла суретші», «сұңғыла ақын» деп қолданбас еді. Тіпті Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романының бір бөлімі осы емдік шөп атауымен аталуы тегін емес. Сұңғыла – тек шөлдің «арамшөбі» емес, ол – табиғаттың тереңге бойлаған тамыры, халықтық медицинаның алтын қазынасы. Тек шөл даланың сыйқырлы тамырының бағасын біліп, арзан ақшаға қызығып, қатарын сиретіп алмасақ болғаны...
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
04 сәуір 2026 ж. 24 0

Салт пен сабақтастық

04 сәуір 2026 ж. 21

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930