Су үнемдеудің тиімді тұсы

Жақында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ж.Сүйеубаевтың төрағалығымен шаруашылық басшыларымен маңызды жиын өткізілді. Жиынның басты тақырыбы – Мемлекет басшысының 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі кешенді жоспарына сәйкес су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі болды.
Шараға «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің басшысы Н.Әбілдаев, аудандық ауыл шаруашылығы саласының жетекшілері мен мамандары қатысты. Жиында әрбір шаруашылықтың су үнемдеу технологияларын қолдану қажеттілігі мен олардың тиімділігі талқыланды. Жалғас Сүйеубаев өзінің сөзінде ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру және су қорларын үнемдеу мақсатында жаңа технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол су ресурстарын тиімді пайдалану үшін әрбір шаруашылықтың арнайы жоспар әзірлеу керектігін тапсырды.
Жиын қорытындысында ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы су үнемдеуші жаңа технологияларды енгізу жұмыстарының жоспары бекітілді. Мұндай шаралар ауыл шаруашылығын дамытуға, экологиялық тұрақтылықты сақтауға және су қорларын үнемдеуге ықпал ететін болады.
Жиынға қатысушылар алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды белсенді түрде жалғастыруға дайын екендіктерін білдіріп, ортақ мақсатқа жету үшін күш біріктіруге шақырды. Себебі, жүйелі атқарған жұмыс нәтижесінде біршама гектардан астам жерді сумен қамтамасыз ету жайы жақсарады.
Айнұр ӘЛИ