Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сан ауруға шипа – сәуір жаңбыры

Сан ауруға шипа – сәуір жаңбыры

Көктемнің екінші айы – сәуір тіршілік үшін ерекше ай. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген бабаларымыз бұл айды ерекше қадірлеп, ондағы табиғи құбылыстардың барлығын жіті қадағалаған. «Сәуірдің әр күні жылға азық» деген тәмсіл түзген жұртымыз сәуір жауынын күткен. Сәуірдегі жауынның пайдасы туралы сенім қайдан шыққан? Оның өмірлік негізі бар ма? Әлде табиғатпен етене жақын жұрттың нанымынан қалыптасқан ұғым ба?
«Сәуірдегі жауын –жай ғана аңыз емес. Ол нақты биологиялық, ауыл шаруашылық және метеорологиялық себептермен астасатын терең ұғым. Халқымыз ертеден табиғаттың әр құбылысына орай алдағы күнге болжам жасаған. Жауын жаумаса, жер құрғап, құрғақшылық, қуаңшылық орын алып, егіннің де, малдың да жағдайы жақсармайды. Сондықтан ертеде сәуірдің жаңбырын «Рахмет жауыны» немесе «Інжу маржан» деп атаған деседі», – дейді ауылшаруашылығы саласының ардагері Дархан Бекжанов.
«Наурыз жыл басы болса, сәуір — тіршіліктің нақ қайнаған шағы. Сәуірде жер бусанып, көк шығады. Қазақ ұғымында бұл ай жастықтың, жаңарудың символы», – дейді Роза Сайлауқызы. Ардагер–ұстаз күн жылынып, мал төлдеп, елдің аузы аққа тиетін берекелі айдағы түсінік туралы бала кезде естіген әңгімесімен бөлісті.
«Ескі наным бойынша, сәуірдің жаңбыры жауғанда, теңіз бетіне шыққан бақалшақтар жаңбыр тамшысын жұтып, одан маржан түзіледі екен. Бұл айдағы суды жинап алып, дертке дауа ретінде пайдаланған. Сәуір жаңбыры жерді азотпен байытып, сұңғыла сияқты шипалы шөптердің қаулап шығуына себеп болады», – дейді.
Сәуірдің соңына қарай, әдетте 15-25 аралығында, күн суытып, жел тұрады. Мұны халық «Құралайдың салқыны» дейді. Бұл уақытта киіктер ақбөкендер жаппай төлдейді. Табиғаттың заңы бойынша, дәл осы салқын жел мен жауын жас құралайлардың тез аяқтанып, жүгіріп кетуіне көмектеседі.
Бұл айдағы жауын-шашын – жай ғана табиғи құбылыс емес, адамзат тіршілігімен тығыз байланысты маусымдық өзгерістің маңызды бөлігі. Оның ерекшелігі бірнеше қырынан көрінеді. Ең алдымен, сәуір жауыны – табиғаттың жаңару кезеңімен тұспа-тұс келетін ылғал көзі. Қыстан кейін қатайған, құрғаған топырақ дәл осы уақытта оған мұқтаж болады. Жауын сол қажеттілікті өтеп, өсімдіктердің көктеуін жеделдетеді. Бұл – адамзат үшін азық-түлік қауіпсіздігінің негізі саналатын ауыл шаруашылығының басталуына тікелей әсер етеді.
Екіншіден, сәуір жауынының ерекшелігі – экожүйені «ояту» қызметін атқарады. Өсімдіктер ғана емес, жәндіктер, жануарлар да белсенді тіршілікке көшеді. Табиғаттағы осы жандану процесі бүкіл биологиялық тізбектің қайта іске қосылуына ықпал етеді. Ал бұл өз кезегінде адам өміріне де әсер етеді, өйткені адам – сол экожүйенің бір бөлігі.
Үшіншіден, бұл құбылыстың мәдени және символдық маңызы бар. Көптеген халықтар сәуір жауынын тазалықтың, жаңарудың, үміттің белгісі ретінде қабылдаған. Халық ауыз әдебиетінде, мақал-мәтелдерде, тіпті әлемдік мәдениетте де көктемгі жауын – жаңа өмірдің бастауы ретінде сипатталады.
Төртіншіден, сәуір жауынының тағы бір ерекшелігі – климаттық тепе-теңдікті сақтаудағы рөлі. Ол жердің ылғал айналымын реттеп, жазғы құрғақшылықтың алдын алуға көмектеседі. Егер көктемде жеткілікті жауын болмаса, жаз айларында су тапшылығы сезілуі мүмкін. Көктемгі найзағайлы жауындар атмосферадағы азотты ерітіп, жерге «табиғи тыңайтқыш» ретінде жеткізеді. Бұл өсімдіктердің тез көктеуіне көмектеседі
Ғылыми тұрғыдан қарастырсақ, бұл пікірдің негізі бар. Әсіресе топырақтағы ылғалдандыруда құрғақ климатты аймақтарда маңызды. Дегенмен, кез келген табиғи құбылыс сияқты, оның да шегі бар. Шамадан тыс жауын-шашын керісінше зиян келтіруі мүмкін: топырақтың шайылуына, су басуға немесе өсімдіктердің шіруіне әкеледі. Сондықтан «сәуір жауыны пайдалы» деген түсінік абсолютті ақиқат емес, белгілі бір жағдайларда ғана дұрыс деуге болады.
Бұл айда өсімдіктер ұйқыдан оянып, белсенді өсу кезеңін өткереді. Ылғал тамыр жүйесінің бекуіне және көктемгі егістің бітік шығуына тікелей әсер етеді.
Сәуірде ауадағы шаң мен алғашқы тозаңдар көбейеді. Жаңбыр ауаны тазартып, тыныс алуды жеңілдетеді.
Бұл көзқарас тек қазақ халқына ғана тән емес. Әлемнің түрлі елдерінде көктемгі жауынның пайдасы туралы ұқсас пайымдар қалыптасқан.
Мәселен, еуропалық мәдениетте «Сәуір жауыны мамыр гүлін әкеледі» деген мақал кең таралған. Бұл – адамзаттың табиғатты ұзақ уақыт бақылау нәтижесінде ортақ қорытындыға келгенінің айғағы. Бұл феноменді әлем халықтарының көбі жоғары бағалайды.
Ағылшындар сәуір жаңбырын табиғаттың «ояну қоңырауы» деп есептейді. Шығыс халықтары сәуір жаңбырын «Нейсан» суы деп атайды. Олар бұл суды киелі санап, жинап алып, емдік мақсатта пайдаланған.
Жыланның уы, балықтың інжуі, тіпті бал арасының балы да осы жаңбыр суынан пайда болады екен. Сәуір жаңбыры қиыншылықтарға кеңшілік, дерттерге дауа, ауруларға шипа су.
Сулардың ішіндегі ең таза су – сәуір жаңбыры. «Сәуір жаңбырымен ұйытылған айран жақсы болады» дейді екен араб халқы. Сәуір жаңбырында суланған киім шірімейді, шаштар төгілмейтіні дәлелденген.
Ел арасында сәуір жаңбыры қояншық ауруына шипа, психологиялық ауруларға дауа, тән ауруларына қарсы пайдалы деген түсінік бар.
Дінімізде сәуір жаңбырының адам ағзасына берер шипасының мол екендігі жөнінде де айтылған.
«Хазіреті Әбус Суғуд: «Бұл суды ішкен кісінің барлық ауруларына пайдасы бар», – деген. Әр жылы сәуір айының 17-сі күні Алла ағаштар мен шөптерге тұқымдар төгіледі екен. Пайғамбарымыздың хадис шәріпінде: «Жәбірәйіл (а.с.) маған сондай керемет дәрі үйреткені соншалық ол дәрінің арқасында емшілердің дәрісіне мұқтаждық қалмайды», – дегенде сахабалар дәріні үйретуін сұрайды. Сонда Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Сәуір жаңбырын жинаңдар. Оған 70-рет Фатиха сүресін, 70 рет Ыхлас сүресін, 70 рет Фалақ сүресін, 70 рет Нас сүресін, 70 рет тәсбих дұғасын оқып, 7 күн үзбей таңертең және кешке бір кеседен ішіңіздер.
Перзентті болмағандар, балалы болады. Басы ауырған әйеліне ер адам осы судан ішкізсе, жазылады. Ішкен кісінің қақырығын кетіреді. Жел оған зиян бермейді. Жаман жағдайлар оған жоламайды. Бел ауруынан, қарын ауруынан еш арызы қалмайды. Алапес ауруынан қорықпайды, көкірек аурына душар болмайды. Жүрегіне келген уайым шығып кетеді. Менмендік, қызғаншақтық, тәкәппарлық, дұшпандық, ғайбат, сөз тасушылық сияқты рухани аурулардың барлығына Алла Тағаланың рұқсатымен пайдалы болады», – деген», – дейді дінтанушы Бақытжан Нұрахан.
Фатима Расул сәуір суының шипалылығына сенеді. Бірнеше жыл бойы тәжірибені өмірінде қолданып жүрген кейуана амалының нәтижелілігін айтады. Айтуынша, сәуір жаңбырының жиналатын арнайы күндері бар екен.
«Руми күнтізбесі бойынша сәуір айының 7-сінен бастап, ай соңына дейін жаңбыр суын жинауға болады. Бұл суды ішкен кісінің барлық ауруларына пайдасы бар. Сәуір жаңбырын алу тәсілдері мынандай.
Ниет етіліп, таза ыдыс биік жерге қойылады. Жаңбыр тіке ыдысқа түсуі керек. Жылғадан аққан су жарамсыз. Алғашқы жаңбырды емес, екінші немесе үшінші жауған жаңбырды алған жөн. Өйткені ауадағы ластық тазаланған болуы керек. Сосын суды алғасын сүзіп алып, қолдануға болады. Балаларыма беремін, үй өсімдіктеріне құямын», –дейді ол.
Сәуір айы – табиғатқа ерекше серпін, өзгеше өзгеріс әкелетін ай. Бұл айдағы жауын туралы түсінік – жай ғана миф емес, халықтың көпжылдық тәжірибесіне негізделген байқау. Алайда оны өзгермейтін заңдылық ретінде қабылдау дұрыс емес. Табиғаттың әр құбылысы белгілі бір тепе-теңдікті талап етеді. Сол себепті сәуір жауынының пайдасы да оның мөлшері мен уақытында жаууына байланысты.
Табиғатпен етене өмір сүрген халық даналығы мен заманауи ғылымның түйіскен тұсы дәл осындай ұғымдардан көрінеді.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
04 сәуір 2026 ж. 27 0

Салт пен сабақтастық

04 сәуір 2026 ж. 22

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930