Салт пен сабақтастық
Жақында құрбымның тойында қонақта болдым. Дастарқан басына өзіммен қатарлас замандастар жиналып, таныстықтан кейін түрлі тақырып төңірегінде ой тарқаттық. Бір сәтте ортаға үлкен табақпен буы бұрқыраған ет әкелінді. Әдетте тойларда ет туралып, қол салуға дайын күйінде келетін. Бірақ бұл жолы бұлай болмады. Бәрі «кім турайды?» дегендей тыпыршып,. бір-біріне жалтақ-жалтақ қарап қояды. Қонақтардың ішінде асабалық етіп отырған жігіт табақты күйеу жігіттің досының алдына ысыра қойып, ишарамен «кезек сенікі» дегендей болды. Әлгі жігіт те тосылып қалмады. Жеңін түріп, табақты өзіне қарай тартып, іске кірісіп кетті.Осы сәтте көкейімде бір ой жылт етті. «Бізден кейінгі буын осындай дәстүрлерді жалғастыра ма екен? Ет турау, қолға су құю секілді кәделер ұмытылып кетпей ме?». Іштей толғанып отырғанда, қасымдағылар да осы ойды бөліскендей болды. «Мүмкін, ет турап, қолға су құятын соңғы буын біз шығармыз. Қазіргілердің көбі мұндайды қаламайды. Тіпті үйде жиын-той бола қалса, үлкендер осы міндетті бізге жүктейді», – деп пікірлерін жарыса айтты.
Ал табақ басында отырған жігіт болса, жілікті еппен ажыратып, етті әдемілеп турап жатыр. Сонда арамыздағы Нұрсұлтан есімді досымыз әзілге бұрып: «Бүгін сенің құдаша қыздардың алдында сыналар сәтің. Бәрі сенің қалай ет турағаныңа қарап отыр. Бар өнеріңді көрсет!» – деді.
Расында да, қазақ ұғымында етті дұрыс турау – ер жігіттің ептілігі мен тәрбиесінің бір белгісі саналған. Дегенмен, бүгінде бұл өнерге мән беретіндер азайып бара жатқандай. Көпшілік үшін бастысы – табақтағы еттің ұсақталуы ғана. Қалай туралғанына мән берілмейді. Тіпті кейде пышақ болмай қалса, етті қолмен жұлмалап жататындар да кездеседі.
Ал шын мәнінде, ата-бабамыз ет тураудың өзін өнер деңгейіне жеткізген. Оның бірнеше әдісі бар. Біріншісі, үгіп турау. Ет тарам-тарам болады. Сондықтан оны бой-бойына сыдырмай, талшығын қиып кесу керек. Қазақ мұны қия кесу немесе үгіп турау дейді. Екіншісі, жапырақтап турау. Етті қалың кеспей, барынша жұқалап кесу керек. Ең жақсысы туралған еттің жұқалығы ағаштың жапырағындай болады. «Жапырақтап кесу» атауы да осыған қаратылған. Ал бұлай турай алмаған жағдайда еттің қалыңдығы бәкінің қалыңдығынан асып кетпеуі керек. Үшіншісі, ет кейде семіз малдыкі, кейде арық малдыкі болады. Семіз екен деп еттің майын бір бөлек, етін бір бөлек турауға болмайды. Оның ебін тауып, ығын келтіріп, майға аз да болса қара кесек іліндіріп, немесе қара кесек етке азырақ май қосып тураған дұрыс. Бұлай туралған ет тіске кірмейді, жүрекке де тимейді. Әрі оңай қорытылады, дәмді болады. Бұндай ет турау әдісін кесектеп турау деп атайды.
Жасыратыны жоқ, бала күнімізде үлкендер «қолға су құй» десе, көбіміздің қабағымыз түйілетін. Біріміз самаурынға су толтырып, біріміз ошаққа отын тасып, енді біріміз құман мен шылапшынды сүйретіп, үлкендердің тапсырмасынан қашқақтайтынбыз. Бірақ сол бір қарапайым көрінетін тірліктің өзінде тұтас бір тәрбие, терең мән жатқанын кейін ғана ұқтық.
Қазір сол күндерді еске алсаң, көз алдыңда бір көрініс көлбеңдейді. Дстарқан жайылып, төрде қадірлі қонақтар отырған үй. Босаға жақта тыпыршып тұрған бала. Бір қолында жылтырап тұрған құман, екінші қолында шылапшын, мойнында аппақ сүлгі. Үлкендер ишара білдіргенде, әлгі бала именіп барып, оң жақтан бастап суды жай ғана сыздықтатып құяды. Әкелеріміз «суды сарылдатпай, үзіп-үзіп, үш реттен құй» деп кейіп жататын. Сол сәттерде ішімізден «неге өздері жуа салмайды?» деп күңкілдегеніміз де рас. Бірақ қонақтардың алақанынан аққан сумен бірге олардың ақ батасы да төгілетінін қайдан білейік.
Кейін білдік, суды неге үзіп құятынын, неге асықпай, неге ізетпен істеу керегін. Тіпті үздіксіз құйылатын судың да өз орны барын. Ол қайғы мен қоштасудың рәсімі екенін де есейе келіп түсіндік.
Несін жасырайық, бала күнімізде көрініс тапқан сол дүниелер бүгінде көмескі тартып бара жатыр. Құманның сыңғыры, шылапшынның сылдыры, бәрі-бәрі бір дәуірдің елесіне айналып барады. Тек кейбір тойларда ғана көзге шалынып қалатыны болмаса, оның өзін де сиреп көретін болдық. Сол дәстүрлер бүгіннен жастардың санасына сіңірілмесе, сабақтастық жібі үзілгені үзілген...
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
Фото: Gemini иллюстрация












