Түйткілді мәселер талқыланды
Кешегі ата-бабаларымыз «Күлтөбенің басында күнде жиын» деп, ел ішіндегі маңызды мәселелерді ақылдаса отырып, ортақ мәмілемен шешкен. Сол дәстүрдің жалғасы іспеттес бүгінгі қоғамда да кеңесіп, келісіммен әрекет ету өз маңызын жойған жоқ. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген даналық сөз де осының айғағы.Жуырда өткен аудандық мәслихаттың кезекті 54-сессиясында осы игі үрдіс жалғасын тапты. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында ұйымдастырылған басқосуға аудан басшысы Алмасбек Есмаханов, Қызылорда магистралды желі бөлімшесінің бас инженері Берік Бекжанов, сондай-ақ облыстық басқарма басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім жетекшілері мен теміржол мекемелерінің өкілдері қатысты.
Жиында күн тәртібіне енгізілген өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, әр сала бойынша түйткілді түйіндер тарқатылды. Қатысушылар ортақ пікір алмасып, нақты ұсыныстар мен шешу жолдарын қарастырды.
Сессия отырысына аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш төрағалық етті. Жиын барысында Қазалы ауданы бойынша теміржол мекемелері мен кәсіпорындарында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың «Экономика, қаржы, бюджет, кәсіпкерлік және құрылыс» жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі тыңдалды.
Күн тәртібінде бұдан да өзге бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, Қазалы аудандық учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау, «Қазалы ауданының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарын бекіту туралы» 2025 жылғы 26 желтоқсандағы №541 шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Бұдан бөлек, «2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №512 шешіміне, сондай-ақ «2026–2028 жылдарға арналған аудандық маңызы бар қала, кент және ауылдық округ бюджеттері туралы» 2025 жылғы 23 желтоқсанда қабылданған шешімдерге өзгерістер енгізу жайы қарастырылды.
Сессияда аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы сөз сөйлеп, күн тәртібіне ұсынылған әрбір мәселені егжей-тегжейлі талқылады. Ол аудандағы теміржол мекемелерінің жұмысына қатысты халық қалаулыларының ұсыныс-пікірлерін орынды деп бағалап, мекеме басшыларын ауданның қоғамдық-саяси өміріне бейжай қарамауға шақырды. Әкім мәдени-көпшілік шараларға, тазалық жұмыстарына белсенді қатысып, бірлесе жұмыс жасау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар теміржол мекемелері арқылы аудандық бюджетке түсетін салықтық түсімдерді арттыру бойынша шараларды күшейту қажеттігіне ерекше тоқталды.
Айта кету керек, сессияға дейін аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өткізілді. Онда күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, депутаттардың пікірлері тыңдалды. Сессия барысында көтерілген барлық мәселелерге депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, дауысқа салу нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданды.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














