Қазалы мәдени-демалыс кешенінде алда жоспарланған жұмыстар талқыланды
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тиісті сала басшыларымен бірге Әйтеке би кентіндегі мәдени-демалыс кешенін аралап, нысан аумағында атқарылатын және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстарды жан-жақты талқылады.Кешенді аралау барысында аудан басшысы аумақты күтіп ұстау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу, түнгі жарық шамдарын ретке келтіру, ағаш көшеттері мен гүлдер отырғызу, аяқ су арықтарын тазалау, сондай-ақ жалпы тазалықты тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Кешен аумағындағы кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбетін ретке келтіру және санитарлық талаптарға сәйкестендіру бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Мәдени-демалыс кешенінде салынып жатқан балаларға арналған жабық ойын-сауық орталығының құрылыс барысымен танысқан аудан әкімі, кәсіпкерге нысан құрылысын мамыр айына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру керектігін айтты. Кешен аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау, ондағы мүліктерді қорғау, бейнебақылау камераларының үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелері тұрақты бақылауда болу керектігін ескертті.
Аудан әкімі мәдени-демалыс кешені – аудан тұрғындары мен қонақтардың тынығып, бос уақытын тиімді өткізетін аудандағы бірден-бір демалыс орны екенін атап өтіп, кешеннің алдағы жазғы маусымда барлық талаптарға сай, таза әрі жайлы болуы басты назарда болуы керектігін ескертті.














