Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті
Бүгін «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиынға аудандық партия филиалының төрағасы, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, комиссия мүшелері және тиісті сала басшылары қатысты.Отырыстың күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Алғашқы мәселе ретінде аудан көлеміндегі қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру, электр желілерінің тозуын төмендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ әлеуметтік желілерде көтерілген Әйтеке би көшесінің жол сапасына қатысты мәселелер талқыланды. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Сыдықов баяндама жасады.
Келесі кезекте Әйтеке би кентінің әкімі Әліби Әбиев пен Сарыкөл ауылдық округінің әкімі Рахымжан Бердімұрат сөз алып, өздерінің сайлауалды бағдарламаларының орындалу барысы туралы есеп берді.
Жиын барысында комиссия мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, Әйтеке би көшесіндегі жол сапасын жақсарту, қоғамдық көлік қызметін жетілдіру мәселелерін жүйелі түрде шешу қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар тұрғындармен кездесулерді жиі өткізіп, халықтың ұсыныс-пікірлерін тұрақты түрде саралап, нақты шешімдер қабылдау маңызды екені айтылды.
Отырыс қорытындысында көтерілген барлық мәселелер комиссияның бақылауына алынып, олардың орындалуы алдағы уақытта тұрақты түрде қадағаланатыны атап өтілді.














