Жас көшбасшы – ел үміті
Бүгінгі XXI ғасыр – білім мен бәсекенің ғасыры. Осындай заманда өз қабілетімен дараланып, ел мақтанышына айналып жүрген жастардың бірі – Әбдібай Азамат Серікұлы.Азамат – Мұстафа Матаев атындағы №170 орта мектептің 11-сынып оқушысы, білім мен ізденісті қатар алып жүрген үздік шәкірттердің бірі. Ол тек оқу үлгерімімен ғана емес, қоғамдық белсенділігімен, жан-жақтылығымен ерекшеленеді.
Азамат «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысында аудандық, облыстық, республикалық кезеңдердің барлығынан сүрінбей өтіп, жеңімпаз атанды. Бұл – оның білімге деген құштарлығы мен үздіксіз еңбегінің айқын дәлелі. Осы жетістікке жету жолында ол ұстаздарымен бірге тынбай дайындалып, әр кезеңге үлкен жауапкершілікпен қарады.
Сонымен қатар ол «Ел үміті» премиясының жеңімпазы. Азамат түрлі дебат турнирлерінде, тарих пәні бойынша олимпиадаларда, шығармашылық байқауларда және ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болып, жеңімпаз атанып келеді.
Азаматтың жетістіктері Хабар телеарнасы жаңалықтарында және тележобаларында көрсетіліп, көпшілікке кеңінен таныстырылды.
Жас көшбасшы өз жолы туралы былай дейді:
«Жеңіс – бір сәттің сыйы емес. Ол – күн сайынғы таңдау. Кейде шаршайсың, кейде күмәнданасың, бірақ тоқтамау – ең маңыздысы. Әр адам өз мүмкіндігін толық пайдаланса, алынбайтын асу жоқ,қайта тұруды маған өмір үйретті, ал алға жүруді – ата-анам мен ұстаздарым үйретті», – дейді Азамат.
Азамат – мақсатқа ұмтылған, еңбектенуден жалықпайтын, болашағынан зор үміт күттіретін жас. Оның табандылығы мен ізденісі – құрдастарына үлгі. Осындай жалынды жастар барда еліміздің ертеңі нұрлы болары сөзсіз.
Сондай-ақ дарынды оқушының жетістікке жету жолында қолдау көрсеткен ата-анасы – Бекжанова Кенжегүл мен Досжанов Серікке және №170 мектептің ұстаздар ұжымына алғыс білдіреміз.
Гүлназ ЕРІМБЕТ














