Триумф төрінен табылған
«Ат болар тай саяққа үйір» дейді қазақ. Бұл жерде «саяқ» сөзі даралықты, өзгешелікті аңғартады. Осындай ойдың өзегін арқау етуіміз бекер емес. Өйткені мақаламызға өзек болып отырған кейіпкердің болмысынан дәл осы дара қасиетті анық аңғардық.Роллан Ким – өз қатарластарынан оқ бойы озық, талабы таудай ерекше өрен. Жуырда Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатында топ жарып, ел мерейін үстем етті. Жерлесіміздің бұл жеңісі баршамызға зор қуаныш сыйлады. Өткен аптада орталық алаңда оны зор қошеметпен қарсы алып, жас спортшымен аз-кем тілдесудің сәті түскен еді.
Әңгіме барысында Роллан күреске сегіз жасында келгенін айтты. Бұл – жай ғана балалық әуестік емес, саналы түрде таңдалған, үлкен мақсатқа бастайтын жол еді. Қатарластары ойын қуып жүргенде, ол бозкілемге бет бұрып, өз болашағын спортпен байланыстырды. Сол бір бала арманы бүгінде шындыққа айналып, жас балуан биік белестерге батыл қадам жасап келеді.
«Алғашқы арманның ұшқыны мектеп қабырғасында тұтанды. №249 мектеп-лицейі маған тек білім беріп қана қоймай, менің тұлға болып қалыптасуыма, арманымның айқындалуына үлкен әсер етті», – дейді ол шын ықыласпен.
Бүгінде Роллан Алматы қаласындағы К.Ахметов атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернатында оқиды. Мұнда ол тек спорттық шеберлігін шыңдап қана қоймай, білімін де жетілдіруде.
Әр спортшының жетістігі – бапкер еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Ролланның күрес әлеміне қадам басуына жол ашқан алғашқы бапкері – Қанат Жетесов. Ал оның шеберлігін шыңдап, әдіс-тәсілдерін жетілдірген – Ахмет Ізбасханов. Ұстаздарының тәлімі мен табанды еңбегінің арқасында Роллан бүгінгі деңгейге жетіп отыр десек әбден жарасады.
Шәкірті туралы ерекше ілтипатпен сөз қозғаған алғашқы бапкері Қанат Бақытжанұлы Ролланның болашағынан үлкен үміт күтетінін айтып, алдағы сында сүрінбей өтуіне сәттілік тіледі.
«Ролан күреске келген алғашқы күннен-ақ өзінің жауапкершілігімен ерекшеленді. Оның жеңіске деген жігері, әрбір жаттығуда соңғы күшіне дейін сарп ететін еңбекқорлығы бүгінгі нәтижеге алып келді. Тараздағы жеңіс – бұл тек бастамасы ғана. Біз оның бойындағы халықаралық деңгейдегі әлеуетті көріп отырмыз. Азия біріншілігінде Роллан Қазақстанның намысын лайықты қорғайтынына сеніміміз кәміл», – дейді ол.
Орталық алаңда орын алған жайтқа қайта ойыссақ. Жиналған жұрттың қуанышында шек жоқ. Әсіресе, әкесі Русланның толқынысын сөзбен жеткізу қиын. Баласының жеңісіне шаттанған әкенің жүрек лүпілі – кез келген жанды тебірентері анық.
Әсілі, үлкен жетістіктің артында көзге көрінбейтін үлкен күш жатады. Роллан үшін ол – әкесінің қолдауы. Әкесі Руслан ұлының әр қадамын бақылап, оның спортпен алаңсыз айналысуына барынша жағдай жасап келеді. Жарыс сайын жанкүйер болып, әр белдесуінде тақым қысып отырады. Баласының жеңісіне балаша қуанып, жеңілісінде демеу бола білетін әкенің осындай қолдауы – нағыз тірек.
«Балаңның жеңісін көруден асқан бақыт жоқ шығар. Оның әр жетістігі – менің жүрегімдегі мақтаныш отын маздатады. Әр белдесуінде бірге толқып, әр жеңісінде төбем көкке жеткендей күй кешемін. Әрине, әр жарыс тек жеңістен тұрмайды. Бірақ қандай сында да мойымай, қайсарлық танытып, өр мінезді азамат болып қалыптасып келе жатқаны мені ерекше қуантады. Осындай сәттерде «бұл менің де жеңісім емес пе?» деп іштей марқайып қаламын», – дейді Руслан Ким.
Жүздесу барысында Ролланнан спорт жолында кімді кумирі санайтынын сұрағанымызда, ол еш тосылмастан 2024 жылы Парижде өткен XXXIII Олимпиаданың күміс жүлдегері Демеу Жадыраевты және жерлесі, әлемдік додаларда топ жарған Айдос Сұлтанғалиды үлгі тұтатынын айтты. Жас спортшы солардың ізімен жүріп, қазақ күресінің даңқын дүние жүзіне танытуды армандайды.
«Үлкен спорттың табалдырығын аттаған әрбір жастың жүрегінде Олимп шыңын бағындырсам деген асқақ арман ұялайтыны анық. Алайда, сол арманға жету тек ерен еңбек пен болаттай берік төзімнің еншісінде. Мен де ағалар салған сара жолды жалғап, әлемдік аренада Қазақстанның әнұранын шырқатуды армандаймын», – дейді ол ағынан жарыла.
Қош. Биылғы 10 наурызда Таразда өткен ел чемпионаты Роллан үшін үлкен сын болды. 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ол өзінің техникалық шеберлігі мен тактикалық сауаттылығын айқын дәлелдеді. Барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Қазақстан чемпионы атанды. Бұл жеңіс оған алдағы Азия чемпионатына жолдама сыйлады. Енді Роллан тек туған жерінің ғана емес, бүкіл қазақ елінің намысын арқалап, халықаралық додада бақ сынамақ. Тәртіп пен табандылықты ұштастырған жас балуанға алдағы сында сәттілік серігің болып, тағы да триумф төрінен табылуын тіледік.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ












