Тәтті кәсіптің тәтті жемісі
Жұмыссыздықты азайтып, халықтың әл-ауқатын арттырудың тиімді жолдарының бірі – кәсіпкерлікті дамыту. Бүгінде Қазалы ауданында өз кәсібін бастап, адал еңбегімен табыс тауып отырған жастар аз емес. Солардың бірі – Қазалы ауданына қарасты Жалаңтөс баһадүр ауылының тұрғыны Арал Әбдібаев. Ол негізгі мамандығы бойынша ұстаз бола тұра, кәсіпкерлікке де батыл қадам жасап, отбасылық бизнесті табысты жүргізіп келеді.Арал Әбдібаев – ауыл балаларына білім беріп жүрген тәжірибелі математика пәнінің мұғалімі. Он жылдан астам уақыттан бері туған өлкесінде шәкірт тәрбиелеп, олардың білімін шыңдап келеді. Оның өмірлік серігі Ақбота Ақылжанқызы да ұстаздық жолды таңдаған. Ол Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде физика пәні мұғалімі мамандығын меңгерген. Алайда мамандығы бойынша бос жұмыс орны табылмағандықтан, жолдасының бастамасымен қолға алынған отбасылық кәсіпті дамытуға белсенді түрде кіріседі. Жас отбасының кәсіпкерлікке бет бұруы сегіз жыл бұрын шағын азық-түлік дүкенін ашудан басталған. Бастапқыда тәуекелге бел буып, шағын сауда орнын іске қосқан олар біртіндеп өздерінің негізгі бағытын табады.
Ақбота Ақылжанқызының айтуынша, оның тәтті тағамдар әзірлеуге деген қызығушылығы бала кезден қалыптасқан.
– Кішкентайымнан ас әзірлеуге жақын болдым. Студенттік шағымда да түрлі тәтті тағам пісіріп жүретінмін. Алматы қаласында оқи жүріп, кондитерлік цехта жұмыс істедім. Кейін тұрмыс құрған соң, отбасым мен ұлыма арнап түрлі тәтті дайындай бастадым. Дәмін татқан көршілер мен туыстарымыз тапсырыс беріп, бір-біріне жарнамалай бастады. Солайша алғашқы тұтынушыларымыз қалыптасты. Әр бастамама жолдасым қолдау білдіріп, бірге еңбек еттік, – дейді Ақбота Ақылжанқызы.
Алғашында тек ауыл тұрғындарына ұсынылған кондитерлік өнімдер уақыт өте келе аудан орталығына да жетеді. Тапсырыс берушілер саны артқан сайын өндірісті кеңейту қажеттілігі туындап, кәсіпкерлер Әйтеке би кентінен арнайы орын жалға алып, кондитерлік өнімдер шығаратын цех ашады.
Кәсіптің дамуына мемлекеттік қолдау да үлкен септігін тигізген.
– Сұраныс көбейген сайын өнім түрін арттыру және жұмыс көлемін ұлғайту үшін қосымша құрал-жабдықтар қажет болды. Сол кезде кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының тиімділігін байқадым. Құжаттарды жинақтап, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 8,4 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алдық. Бұл қаражат өндірісті кеңейтуге үлкен мүмкіндік берді, – дейді кәсіпкер Арал Әбдібаев.
Алынған қаржыға кәсіпкер тоңазытқыштар, мұздатқыштар, кондитерлік өнімдер дайындауға арналған арнайы құрылғылар мен витриналар сатып алған. Соның нәтижесінде өндіріс көлемі бірнеше есе артқан. Бұрын тәулігіне шамамен 20 торт дайындалса, бүгінде күніне 40-қа жуық торт әзірленеді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылып, бірнеше адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Қазіргі таңда кондитерлік цехта 8 адам еңбек етеді. Мұнда жиырмаға жуық торт түрі әзірленеді. Олардың қатарында бисквитті торттар, бал дәмді торттар, «Вупи пай», «Қызыл барқыт», «Ностальгия», карамельді-бананды, құлпынайлы, «Патшайым», «Наполеон», «Нутелла», бананды, сәбізді, апельсинді, фисташкалы, ванильді, «Орео», «Сүтті қыз», «Сникерс», шоколадты және «Рафаэлло» сынды танымал тәттілер жоғары сапада дайындалады. Дәмі тіл үйірер өнімдерге қазалылықтардың сұранысы жоғары.
Кәсіп иелері тек торт дайындаумен ғана шектеліп қалмай, өнім түрін үнемі көбейтіп келеді. Ақбота Ақылжанқызы бір орында тұрып қалмай, өзін жан-жақты дамытуды ұнатады. Ол Қызылорда қаласына барып, нан өнімдері мен тәтті тоқаштарды дайындаудың қыр-сырын да меңгерген.
– Нан өнімдерін табиғи ашытқы – закваска арқылы дайындау әдістерін үйрендім. Сонымен қатар түрлі мерекелік жиынға арналған сәндік нан түрлерін пісіруге машықтандым.
Қазір біздің цехта торттар мен десерттерден бөлек ыстық өнімдер, жартылай дайын тағамдар мен нан өнімдері де дайындалады. Тұшпара, манты, қаттама, самсаның екі түрі, жайма, вареник, бауырсақ қамыры, котлет, тефтели, кеспе қамыры сияқты өнімдерді де ұсынамыз, – дейді ол.
Еңбекқор отбасының алдағы жоспары да ауқымды. Қазіргі уақытта кәсіпкер аудан орталығынан жер учаскесін алып, жаңа өндірістік ғимараттың құрылысын жүргізіп, жақында салтанатты ашылуына дайындық үстінде. Болашақта цехты кеңейтіп, жаңа өнім түрлерін шығару арқылы кәсіптің ауқымын ұлғайтуды көздеп отыр.
– Менің табиғатымда бір жерде тоқтап қалу жоқ. Әрдайым жаңа дүниені үйреніп, тәжірибе жинақтауға ұмтыламын. Адамдарға пайдалы әрі сұранысқа ие өнім жасау – басты мақсатым. Ең бастысы, өзіме ұнаған істі сүйіспеншілікпен атқару керек. Себебі ас әзірлегенде тағамға ең алдымен жүректегі махаббат қосылады, – дейді Ақбота.
Бүгінде Әбдібаевтар отбасы адал еңбек пен табандылықтың арқасында табысты кәсіп қалыптастырып отыр. Олар отбасылық бизнесті дамытуға мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламаларға алғыстарын білдіреді. Жас кәсіпкерлердің берекелі бастамасы ауыл жастарына үлгі боларлық іс.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА














