Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қимылдаған, қыр асады

Қимылдаған, қыр асады

Жұмыссыздардың санын азайтудың тиімді тәсілдерінің бірі – кәсіпкерлік саласына бет бұру екені айтпаса да түсінікті. Осындай қосымша табыс тауып отырған Қазалыда жастар қатары баршылық.
Мәселен, Қазалы ауданына қарасты Жалаңтөс баһадүр ауылының тұрғыны Арал Әбдібаев ұстаздықпен қатар жеке ісін ұршықша иіріп жүр. Бүгінде ол математика пәнінің мықты маманы. Он жылдан астам уақыт туған жерде ауыл балаларының білімін жетілдіріп келеді. Құдай қосқан жары Ақбота да ұстаздық жолды таңдаған. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінде физика пәні мұғалімі мамандығын меңгеріп шыққан. Дегенмен бос жұмыс орны табылмағандықтан Аралдың бастамасымен ашылған отбасылық кәсіпке мән береді. Бастапқыда жеті жыл бұрын тәуекелге бел буып, шағын азық-түлік дүкенін ашады.
– Кішкентайымнан асханаға өте жақын болдым. Студент кезде де тәтті тағамдар пісіріп жүрдім. Оқу оқи жүріп, 2013 жылы Алматыда кондитерлік цехта жұмыс істедім. Кейінірек тұрмыс құрған соң, отбасыма және ұлыма арнап тәттілер пісіре бастадым. Содан дастарқан мәзірінен дәм татқан көрші, тума-туыстан сұраныс түсе бастады. Сонымен олар ұнатқанын өздері бір-біріне жарнама жасай бастады. Солай алғашқы тұтынушылар базасы қалыптасты. Жалпы әр бастамама жолдасым қолдау білдіріп, бірге жұмыс істедік, – дейді Ақбота Ақылжанқызы.
Осылайша тек ауыл маңында ғана таратылған өнімдер аудан орталығына да жетеді. Тапсырыс берушілер қатары ұлғайғандықтан Әйтеке би кентінен жалға орын алып, орталықтан кондитерлік өнімдер шығаратын цехты іске қосады.
– Іс оңғарылып, сұраныс артқандықтан тауар саны мен түрлерін көбейту мақсатында қосымша құрылғылар қажеттігі туындады. Мұндайда мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін сезіндім. Жан-жақты ізденіп, кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларымен таныстым. Осылайша «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы арнайы құжаттар түгенделгенде аз пайызбен 8,4 миллион теңге несиеге қол жеткіздік, – дейді Арал Әбдібаев.
Талапшыл жас бөлінген қаражатқа тоңазытқыш, мұздатқыш, кондитерлік өнімдерді әзірлеуге арналған құралдар мен витриналар алған. Кәсіпкер өндірістік мақсатта алынған қаржы жұмыс қарқынын арттырғанын айтады. Еңбекқор жігіт бұрын тәулігіне 20 торт әзірленсе, бүгінде кемі 40 торт жасайтындарын жеткізді. Нәтижесінде жаңадан жұмыс орнын ашып, 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Қазір кондитерлік цехта 8 адам жұмыспен қамтылған. Мұнда жиырмаға жуық торт түрі әзірленеді. Атап айтқанда, бисквиттен жасалған, бал татыған, вупи пай, қызыл барқыт, ностальгия, карамельді-банан дәмімен, құлпынайлы, патшайым, Напалеон, нутелла, бананды, сәбізді, апельсинді, фисташкалы, ванильді, орео, сүтті қыз, сникерс, шоколадты және рафаэлло сынды торт түрлері жоғары сапада дайындалады. Оған қазалылықтардың сұранысы да жоғары.
Арал Ардагерұлы алдағы уақытта шығаратын өнімдердің түрлерін арттырып, кәсіптің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Кәсіпкерлік мақсатта аудан орталығынан жер учаскесін алып, құрылыс жұмысын жүргізуде. Бұйырса цех орнын үлкейтіп, жаңа өнімдер шығаруды қолға алмақ.
– Жуырда нан өнімдері мен тәтті тоқаштарды оқып келдім. Бұл жерде артықшылығы нандарды закваскамен, яғни табиғи ашытқымен дайындау тәсілдері мен түрлі той жиынға арналған безендірілген (декоративный) нан түрлерін үйрендім.
Сонымен қатар күнделікті тұтынатын тәтті тоқаштарды да шеберлік сабақта меңгердім. Қызылорда қаласына барып, нан саласында 10 жылдан астам тәжірибесі бар маманнан сабақ алдым. Бүгінде бізде торттар, тәттілер ( пирог, пирожный, десерттер), ыстық өнімдер, жартылай дайын өнімдер мен нан өнімдері жасалады. Тұшпара, манты, қаттама, екі түрлі самса, жайма, вареники, бауырсақ қамыры, котлет, тефтели, кеспе қамырын да ұсынамыз.
Бір жерде тоқтап тұра алмайтын қасиетімнің арқасында жаңа дүниені меңгеруге ұмтыламын. Адамдарға пайдалы әрі сұранысқа ие және ең бастысы, өзіме ұнаса, оны махаббатпен жасауға барымды саламын. Жалпы ас әзірлегенде тек жүрек қалауы және үлкен сүйіспеншілікпен ғана тағамдар дайындалады, – дейді Ақбота.
Әбдібаевтар әулеті отбасылық кәсіпті жолға қоюға мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламаға алғаусыз алғысын жеткізді.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
08 мамыр 2025 ж. 48 0

Отаныңа қызмет ет!

09 мамыр 2025 ж. 32

Қимылдаған, қыр асады

08 мамыр 2025 ж. 49

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031