Топ-баннер
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаларды буллингтен қалай қорғаймыз?

Балаларды буллингтен қалай қорғаймыз?

Қазір қай әлеуметтік желіні ашсаңыз да, жаға ұстатар жайт жиілеген. Солардың бірі – балалар арасындағы буллинг мәселесі. Бүгінде бұл тақырып қоғамда жиі кездесетін, бірақ көбіне көзге көрінбейтін ауыр әлеуметтік мәселе айналып отыр. Әсіресе, соңғы жылдары бастауыш сынып оқушыларынан бастап балабақша балаларына дейін буллингтің түрлі түріне ұшырап жатыр. Көз көріп, құлақ естігенде көңіл қынжылады. Бұл жағдайға кім жауапты? Баланы қалай қорғауға болады? Сан сауалға жауап іздеп көрдік.
Термин төркіні
Буллинг – бұл күштінің әлсіз адамға жүйелі түрде бағытталған агрессиясы, яғни біреуді үнемі қорқыту, қудалау немесе психологиялық қысым көрсету әрекеті. Бұл құбылыс физикалық немесе психологиялық сипатта болуы мүмкін және кез келген ортада – мектепте, жұмыс орнында, онлайн платформаларда кездесуі ықтимал. Буллингтің негізгі ерекшелігі – әрекеттің қайталанатын және мақсатты түрде жүзеге асырылуы, яғни бұл тек бір рет болған жанжал емес, тұрақты зиян келтіру әрекеті.
Буллингтің әртүрлі формалары бар. Вербалды буллинг – бұл біреуді сөгу, мазақтау, қорлау немесе лақап ат қою сияқты сөз арқылы жасалатын психологиялық қысым. Физикалық буллинг – адамның денесіне зақым келтіру немесе мүлкін бүлдіру арқылы жүзеге асады, мысалы ұру, итеру немесе заттарын қиратып тастау. Әлеуметтік буллинг – топтан шеттету, өсек тарату, достар арасынан шығарып тастау сияқты әрекеттер арқылы әлеуметтік қысым көрсету. Кибербуллинг – қазіргі замандағы интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жасалатын, мәтіндік хабарламалар, суреттер немесе видеолар арқылы қорқыту мен қоқан-лоқы көрсету.
Буллингтің барлық түрлері адамның психологиялық және физикалық денсаулығына зиян келтіреді, өзін-өзі бағалауын төмендетеді және әлеуметтік ортада қорқыныш сезімін тудырады. Сондықтан бұл құбылысты уақытында тану және оған қарсы тиімді шаралар қолдану өте маңызды.
Елдегі статистика сөйлесін
Қазақстандағы мектептегі буллинг деңгейі алаңдатарлық сипатқа ие. БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) деректеріне сәйкес, еліміздегі мектеп оқушыларының шамамен 60%-ы буллингтің куәгері болған немесе оған ұшыраған. Бұл көрсеткіш балалар мен жасөспірімдердің психологиялық ахуалына теріс әсер етіп, олардың оқудағы үлгерімі мен әлеуметтік дамуына кедергі келтіруі мүмкін.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен ЮНИСЕФ бірлесіп жүргізген зерттеулер нәтижесі бойынша, мектептерде әрбір үшінші бала нақты қудалауға тап болады екен. Бұл әсіресе төмен сыныптар мен мектептегі әлеуметтік топтар арасындағы қатынастарда айқын көрініс табуда. Ал кибербуллингке ұшырағандардың үлесі соңғы жылдары 20%-ға артқан.
Бұл балалардың әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және онлайн платформаларды белсенді қолдануымен байланысты. Мамандардың сөзіне сенсек, кибербуллингтің қауіптілігі – оның 24/7, яғни тәулік бойы жалғасып, жасырын сипатта болуында. Айтуларынша, балалар бұл жағдайда қауіпсіздік сезімін жоғалтып, психологиялық қысымға ұшырайды, кейде өзін-өзі бағалаудың төмендеуі, қорқыныш және депрессияға дейін әкелуі мүмкін.
Мамандардың пікірінше, буллингтің алдын алу үшін мектептерде арнайы бағдарламалар енгізу, мұғалімдер мен ата-аналарды оқыту, балалар арасында ашық қарым-қатынас орнату маңызды. Сонымен қатар балаларға киберқауіпсіздік дағдыларын үйрету және интернеттегі зиянды әрекеттерді уақытында анықтау мен тоқтату да тиімді әдіс болып табылады.

Құрбан қатарына кімдер кіреді?
Буллингтің нақты бір «портреті» жоқ, бірақ зерттеулерге сәйкес, көбіне белгілі бір санаттағы балалар нысанаға алынады. Мысалы, өзгелерден физикалық тұрғыда ерекшеленетіндер – көзілдірік тағатын немесе артық салмағы бар балалар – жиі агрессияға ұшырайды. Сонымен қатар мінезі тұйық, өзін қорғай алмайтын балалар да осындай ықпалға бейім келеді. Отбасының материалдық жағдайы тым төмен немесе керісінше, аса жоғары балалар да кейде құрбандар қатарына кіруі мүмкін.
Психологиялық тұрғыдан алғанда, буллинг жасаушы, яғни агрессор, көбіне өзі де үйде зорлық-зомбылық көріп өскен немесе ата-анасының назарынан тыс қалған бала болады. Мұндай балалар өз ішіндегі қорқыныш, күйзеліс пен ренішті әлсіздерге бағыттап, агрессиясын сыртқа шығарады. Яғни, олардың зорлық көрсетуі көбіне ішкі психологиялық қиындықтардың көрінісі болып табылады.

Қандай жаза қарастырылған?
2024 жылдан бастап Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамалар қатаңдатылды. Негізгі мақсат – мектептерде, қоғамдық орындарда және онлайн ортада балалар арасындағы буллинг пен зорлық-зомбылықты азайтып, жасөспірімдердің психологиялық және физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, кәмелетке толмағандардың буллинг әрекеттері үшін тікелей жауапкершілік қарастырылмайды. Оның орнына, ата-аналары немесе заңды қамқоршылары жауап береді. Айыппұл көлемі 10-20 АЕК аралығында белгіленген. 2024 жылдан бастап кибербуллингке қатысы бар кәмелетке толмағандар үшін арнайы жауапкершілік енгізілді: бірінші бұзушылыққа – 10 АЕК, қайталанған жағдайда – 30 АЕК. 12-16 жас аралығындағы балалар үшін жауапкершілік ата-анасына жүктелсе, 16 жастан асқан балалар өздері айыппұл төлейді.
Егер кибербуллинг нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келсе, мысалы жүйке күйзелісі туындаса, Қылмыстық кодекстің 110-бабы (Азаптау) бойынша 4-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін. Ал егер буллинг суицидке немесе оны жасауға талпынысқа әкеп соқса, кінәлі тұлға Қылмыстық кодекстің 105-бабы (Суицидке итермелеу) бойынша 5-9 жылға дейін жазалануы ықтимал.

Мектептегі буллинг – қоғамның мәселесі
Мектеп – тек білім алу орны емес, әр бала үшін мінез-құлық, сенім мен құндылықтар қалыптасатын алғашқы әлеуметтік алаң. Алайда соңғы уақытта осы алаң қауіпсіздік пен жайлылықтан алшақтап, балалар үшін қорқыныш пен қысым орнына айналуда.
25 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар Г. Имамадин тақырып төңірегінде былай дейді.
«Несін жасырайық, буллинг мәселесі мектептерде жиі кездеседі. Көбі оны балалар арасындағы жай келіспеушілік ретінде қарап, жеңіл-желпі етіп айналып өтуге тырысады. Бірақ шындығында бұл тек екі адамның арасындағы қақтығыс емес, ол ата-ана, мектеп және қоғам үшін де алаңдауға себеп болатын күрделі жағдай. Сол себепті біз балалар арасындағы түсініспеушіліктерді өздігінен шешуге қалдырып, бейтарап қалып, мәселеге бей-жай қарамай, белсенді түрде араласуымыз керек. Балалар арасындағы қарым-қатынасқа барынша көңіл бөлу – бізге ортақ жауапкершілік»,– дейді Г. Имамадин.
«Мен ата-ана ретінде өз баламның қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына қатты алаңдаймын. Мектепте немесе сыртта оның басқалар тарапынан қорланбауын, ешкімнен қысым көрмеуін қалаймын. Баламның өз сезімдерін еркін айтып, қиындықты жасырып қалмауын қамтамасыз еткім келеді. Менің ойымша, ата-ана ретінде ең бастысы – баланы тыңдап, қолдау көрсету, оған сенімділік пен өзін-өзі қорғау дағдыларын үйрету керек. Сонымен бірге мектеппен тығыз байланыста болып, мұғалімдер мен психологтардан көмек сұрап, буллинг жағдайын тез арада шешуге ат салысу маңызды. Үйде де балаларға дұрыс қарым-қатынас үлгісін көрсету, агрессиясыз, сыйластыққа негізделген тәрбие беру – ең дұрыс жол деп есептеймін. Мен әрқашан баламның қауіпсіздігі мен психологиялық дамуын бірінші орынға қоямын, сондықтан буллингке қарсы барлық шараларды бірге қарастыруға дайынмын», – дейді Гүлмира Қараева есімді ата-ана.

Тыс елдегі тәжірибе
Буллинг мәселесі қазір әлемдік маңызды әлеуметтік проблемаға айналды. Балалардың психологиялық және физикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін бұл құбылысты тиімді түрде тоқтату үшін әр ел өзіндік стратегияны қолданып келеді. Әсіресе Скандинавия елдері мен Ұлыбританияның тәжірибесі назар аударуға тұрарлық.
Скандинавия елдерінде қолданылатын Ольвеус бағдарламасы – бұл мектептегі барлық қызметкерлерді, асханашыдан бастап директорға дейін, буллингті тануға және дереу әрекет жасауға міндеттейтін кешенді жүйе. Бағдарлама тек оқушылар арасындағы жанжалдарды бақылаумен шектелмейді, сонымен қатар педагогикалық және әкімшілік құрамға психологиялық қолдау көрсету арқылы мектеп ішіндегі мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Бұл тәсіл оқушыларға қауіпсіз орта ұсынумен қатар, қызметкерлердің жауапкершілігін де арттырады.
Ұлыбритания мектептерінде болса, антибуллингтік саясат кеңінен қолданылады. Мектептерде кез келген буллинг оқиғасы арнайы журналға тіркеліп, оқиға ауырлығы ескеріліп, қажет болған жағдайда полиция мен әлеуметтік қызметтерге хабарланады. Бұл жүйе оқушыларға әділдік пен қауіпсіздіктің кепілі бола отырып, мектеп әкімшілігіне нақты деректер негізінде іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.
Екі тәжірибе де көрсетіп отырғандай, буллингті тоқтату тек оқушыларға ғана емес, бүкіл мектеп қоғамына байланысты. Скандинавиядағы Ольвеус бағдарламасы сияқты жүйелі тәсіл мен Ұлыбританияның тіркеу және есеп жүйесі біріктірілген жағдайда, мектептерде қауіпсіз және ынтымақтастыққа негізделген орта қалыптастыруға болады.
Мектептегі буллингке қарсы тиімді шаралар тек мектеп әкімшілігі мен педагогтардың емес, ата-аналар мен қоғам мүшелерінің де белсенді қатысуымен жүзеге асады. Сондықтан мектеп саясаты тек қағаз бетінде қалмай, күнделікті өмірде нақты нәтиже беруі қажет. Бұл тәжірибелер әлемдік деңгейде үлгі бола отырып, балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығын қамтамасыз етуге жол ашады.

Қалай көмек көрсетеміз?
Жасыратыны жоқ, біз көбіне буллингке ұшыраған баланы кінәлап, «Өзің кінәлісің, намыссызсың, қарсы тұра алмадың» деп айтамыз. Алайда бұл – үлкен қателік. Психологтардың пікірінше, буллингке ұшыраған балаларды кінәлау олардың психологиялық халін одан сайын ауырлатады. Олар үшін ең маңыздысы – қауіпсіздік сезімі мен сенімді орта. Мамандар атап өткендей, бала өзін қорғай алмайтынын сезгенде, ол тұйықталып, өз-өзіне сенімін жоғалтады, бұл келешекте эмоционалдық және әлеуметтік проблемаларға әкелуі мүмкін.
Буллинг – тек жеке баланың «сәл намыссыздығы» немесе «қауіпсіздікке дайын еместігі» емес, ол мектеп пен қоғамдағы бақылаудың жоқтығының, ортаның қатыгездігінің көрінісі. Психологтар балаларға қолдау көрсету, оларды тыңдау, эмоционалды интеллектті дамыту, сенімді және қорғаушы ортаны қамтамасыз ету керектігін баса айтады.
Сондай-ақ кінә тағудан гөрі, қолдау көрсету, қауіпсіздік пен сенімділікті арттыру арқылы балаға өмірде қарсы тұруға мүмкіндік беру маңызды. Осындай тәсіл арқылы ғана біз болашақта мықты, эмоционалды сау ұрпақты тәрбиелей аламыз.

Алдын қалай аламыз?
Қазіргі қоғамда балалардың қауіпсіздігі тек жеке отбасы мәселесі ғана емес, барша қоғамның назарында болуы тиіс басты мәселе. Өйткені балалар күнделікті өмірде түрлі қауіп-қатерлерге тап болуда. Сол себепті, бұл жағдайларды алдын ала болдырмау – маңызды әрі өзекті міндет. Алдын алу үшін ең алдымен сенімді қарым-қатынас орнату қажет. Баланың ата-анасына немесе тәрбиешілерге кез келген мәселені қорықпай айтуы үшін ашық, қолайлы орта құру керек. Мұндай ортада бала өз ойы мен сезімін еркін білдіре алады. Сонымен қатар эмоционалды интеллектті дамыту – балалардың өз сезімін тануы және өзгелердің сезімін түсіну қабілетін қалыптастыру маңызды. Баланы эмпатияға баулу арқылы, ол тек өзіне емес, өзгелерге де жауапкершілікпен қарайды.
Мектептегі бақылауды күшейту де маңызды қадам. Мұғалімдер мен психологтар белсенділік танытып, балалардың өзара қарым-қатынасы мен мінез-құлқын қадағалауы қажет. Мұндай жүйелі бақылау арқылы кез келген проблемалық жағдай ерте кезеңде анықталады.
Ең бастысы, «Үнсіз қалма» қағидатын баланың құлағына сіңіру. Куәгер болған немесе қиын жағдайды байқалған балаларға мұны түсіндіру бірінші кезекте тұруы керек. Олар өз тәжірибесін бөлісу арқылы ғана дұрыс емес әрекеттердің алдын алып қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінер еді.

Тобықтай түйін: Бала – қоғамның айнасы. Егер мектепте немесе көшеде балалар бір-бірін қорлап жатса, демек, үлкендер әлемінде бір шикілік бар. Буллингті тек жазамен емес, мейіріммен, ашық сөйлесумен және жүйелі тәрбиемен жеңуге болады. Баланы қорғау – оған тек тамақ пен киім беру деп емес, оның ішкі жан дүниесіне қорған болу деп түйсінуге тиіспіз.
Арайлым ЖҮСІПОВА
03 наурыз 2026 ж. 25 0

Тарихтан жеткен тағылым

03 наурыз 2026 ж. 25

Жылдам байлық иллюзиясы

03 наурыз 2026 ж. 25

Әсем әндер әуеледі

03 наурыз 2026 ж. 24

Өнермен өрілген ғұмыр

03 наурыз 2026 ж. 23

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031