Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар буллингке булықпасын

Балалар буллингке булықпасын

Соңғы уақытта теледидарды қоссаң, әлеуметтік желіні ашып қалсаң жасөскіндердің бір-біріне үстемдік жасап, әлжуаздарды ұрып-соғу фактілерін байқайсың. Көбіне бұл жағдайлар жасөспірімдер арасында өтеді. Әрине көптің арасында еркешолжаң, сотқар, жуас, жасқаншақ, жәй ғана зейінін бір бағытқа тоғыстыра алмайтын бала кездесетіні анық. Осындайда еркешолжаңның іс-әрекетіне наразылықтан сотқар типіндегісі өз ережесін құру мақсатында күш қолдана бастайды. Мұндай жантүршігерлік түрлі көріністі көркем фильм желісінен көрсек, қазір ашықтан-ашық қолдағы смартфон арқылы қызықтап түсірген бейнежазбаларды әлеуметтік желілерден жиі байқап жүрміз. Тіптен ауыр соққыдан жантәсілім еткендері тағы бар. Бүгінгідей алмағайып уақытта қоғамда орын алып жатқан мәселемен қалай күресу қажет? Талдап көрелік.

Бұзақы ма, әлде зорлаушы ма?

Бүгінде адамның ар-намысына қол сұғып, оны шеттететін іс-әрекетті халықаралық терминде “буллинг” деп атап жүрміз. Аталған термин ағылшынның “bully” сөзінен шыққан. Қазақша ол “бұзақылық”, “зорлаушы”, “қорқыту” деген мағынаны береді. Басқаша айтқанда – адамды қорлау. Ол қоғамның әртүрлі топтарында, тек мектептерде ғана емес, сонымен қатар жұмыс орындарымен, интернет желісінде де көрініс табуы әбден мүмкін. Буллингтің физикалық, психологиялық, экономикалық, жыныстық зорлық-зомбылық тәрізді түрлері болады. Қорлаудың осы түрлерінің бәрін біріктіретін бір қасиет бар. Бұл – агрессиялық іс-әрекеттің әлсіз, қорғансыз адамға бағытталуы, жәбірлеуі. Әдетте агрессор (қорлаушы) немесе агрессорлар тобының іс-әрекеттері асқақтық сезімі мен аз да болса биліктің дәмін сезінуге бағытталған.
Агрессивті қудалау, ұжым мүшелерінің бірін екіншісіне мазақ ету. Қудалауды бір агрессор ұйымдастырады. Кейде сыбайластарымен және көпшілігі куәгер болып қалады. Қорқыту кезінде жәбірленуші өзін шабуылдардан қорғай алмайды. Осылайша қорқыту тараптардың күштері шамамен тең болатын жанжалдан ерекшеленеді. Қорқыту физикалық және психологиялық формада болуы мүмкін. Ол барлық жастағы және әлеуметтік топтарда көрінеді. Қиын жағдайларда ол топтық қылмыстың кейбір ерекшеліктерін қабылдауы мүмкін.

Қоғамда қорқыту көбейді?

Мамандардың пайымынша, буллингке адамдар үш тараптан қатысады. Жәбірленуші, агрессор немесе куәгер ретінде. Бұл істің ең ауыр психологиялық зардаптарын бірінші кезекте жәбірленуші шегетінін айтпасақ-та белгілі. Жәбірленуші үшін буллингтің қаупі орасан зор. Оның дәлелі ретінде әртүрлі деңгейдегі психологиялық және психосоматикалық аурулардың пайда болуы мен суицидтық ойларды келтіре аламыз. Буллинг жасөспірімдер арасында көптеп кездеседі. Статистикалық мәліметтердің хабарлауынша, 7 мен 15 жас аралығындағы мектеп оқушыларының 44 проценті “буллинг-агресситі” болып келеді. Мектептегі қорлаудың жарқын мысалы ретінде Кеңес дәуірінде жарық көрген “Чучело” атты фильмді келтіре аламыз.
Буллингтің жасөспірімдер мен балаларға деген әсері қоғамда қауіпті нәрсе ретінде бағаланбайды, байқалмайды. Мектептегі мұғалімдер буллингті екі жас арасындағы ерегіс, қақтығыс ретінде ғана қабылдайды. Бірақ ерегіс дегеніміз – мүдделері келіспей қалған, дәрежелері тең адамдардың бәсекелестігі. Ал буллинг – күштінің әлсізге жасаған әлімжеттігі. Кейде ұстаздар оқушылар тарапынан пайда болатын агрессияға көз жұма қарайды. Тек физикалық қорлауды ғана ажыратып, тани алады. Әдетте қорлауды болдырмас үшін агрессормен тәрбиелік әңгіме жүргізу және агрессордан жәбірленушіге кешірім сұрату жеткілікті деп саналады. Дегенмен бұл қате тәсіл агрессордың жәбірленушіге деген ызасы мен көрсететін қысымын арттыруы мүмкін. Оның үстіне жәбірленушінің жан жарасын агрессордың мәжбүрлі түрде айтылған бос сөзімен жазып, емдей алмайсың.
Мектептегі зорлық-зомбылықпен қалай күресу керек? Оқушылар арасындағы буллингтің себебі неде? деген сауалға мамандар жауабына құлақ түрдік.
– Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер мен технологиялардың жаңа деңгейге шығуы балалар арасындағы буллингті де жаңа деңгейге көтерген. Буллинг көп жағдайда физикалық қысымнан ғана тұрмайды. Көбінесе психологиялық шабуыл: қорлау, жаман сөздер айту, келемеждеу, өсек пен өтірік сөз тарату және шеттетуден тұрады. Әсіресе соңғысы балалардың өз ортасынан алшақтап, жалғыздықтан суицидке баруына әсер етеді.
Балалар арасындағы буллинг бұрыннан бар нәрсе. Тек қазіргі уақытта телефонға түсіріп алу, оны таратып жіберу секілді әрекеттер бұл мәселені одан бетер өршітіп жіберді. Сонымен қатар қазір буллингтің физикалық түріне қарағанда психологиялық шабуылы көбірек байқалады. Балалар арасындағы суицидтің көп белең алып кетуі де осыған байланысты. Алайда біз бұдан физикалық буллингке қарағанда оның психологиялық түрі қауіпті болады деп айта алмаймыз. Бұлардың екеуі де қауіпті. Мысалы, физикалық шабуыл кезінде қудалауға ұшыраған баланы итеріп жіберіп немесе ауыр соққы жасаса, психологиялық түрінде баланы шеттету, мазақтау, күлкіге айналдыру болады. Мұның барлығы да ақыл-есі қатпаған жасөспірімге ауыр әсер етеді, – дейді Гүлзира Жарылқапова М.Матаев атындағы №170 орта мектептің педагог-психологы.

Мамандар кеңесі

Буллингтің алдын алу үшін не істеу керек? Психология зерттеушілерінің сөзіне сүйенсек, жасөспірімдер арасындағы буллинг – кешенді тәсілді қажет ететін мәселе. Мектептегі қудалаумен бала жалғыз өзі емес, бүкіл тарап – оқушының өзімен қатар ата-ана мен мұғалім де күресуі тиіс.
Маманның пайымынша, мұндай шырма­лаңда ата-анаға берер кеңес: “Қорлық көрген баланың ата-анасы көп жағдайда кінә, ұят, ашу және әлсіздік секілді сезімдерді басынан өткереді. Осыған байланысты кейде қолдау мен жанашырлықтың орнына олар: “Неге қарсы жауап бермедің?”, “Әлсіз болма!”, “Өзің кінәлісің” деген сарындағы сөздер айтып, баланың өзін айыптайды. Бұл кез келген отбасының басынан өтуі мүмкін екенін ұмытпаған жөн. Бұл жерде ешкімнің кінәсі жоқ, әсіресе баланың. Керісінше, бала мен ата-ананың әңгімесіне “Мен саған сенемін”, “Бұл сенің кінәң емес” сынды қолдау сөздері оң әсер етеді. Бұл балаға кез келген жағдайда өзін жалғыз емес екенін ұқтырады. Осы арқылы балаға мұндай мәселеге тап болып тұрған өзі ғана емес екенін түсіндіру маңызды. “Мен сені жақсы көремін және қайта қауіп төнбес үшін барлығын жасаймын” деу балаға қорғаныш сезімін ұялатып, болашаққа үмітпен қарауына көмектеседі. Балаңыз кез келген жағдайда көмек сұрауға дайын болатындай әрқашан сенімді қарым-қатынас орнатуға тырысқан жөн.
Мұғалім бұл жағдайда мектептегі және сыныптағы буллингпен күрес мәселесі бұл да үлкен тақырып екенін түсінгені дұрыс. Мұғалімдер әсіресе балалардың ата-анасымен тығыз байланыста болуы керек. Өйткені көбінесе ата-анасы баласының сыртқа шыққандағы мінез-құлқынан хабары болмай қалады. Содан соң сыныпта ортақ жағымды атмосфера қалыптастыру маңызды. Бұзақылыққа баратын балаларды сынып арқылы тәрбиелеу жұмысын қарқынды жүргізген абзалырақ. Басқа мектепке ауысу кез келген жағдайда балаға көмегін бере бермейді”.
Баланың өзіне де берер ақыл-кеңес баршылық. Яғни “Жасөспірім өзінің жасына байланысты буллингтен өзін қорғап қала алмайды. Бұл үлкендердің жұмысы. Дегенмен мұндай мәселелердің алдын алу үшін ересектер балаларға түсіндіруі керек негізгі мәселелер бар. Ол өзі сенім артатын үлкендерге болып жатқан қысым туралы айту, қудалауға қатігездікпен жауап берем деп үміттену дұрыс емес. Бұл тағы да басқа мәселелерді тудыруы мүмкін. Егер буллингтің куәгері болған жағдайда, оны назардан тыс қалдырмауды үйрету”.
Не себепті бауырыңыз, балаңыз немесе жақын адамыңыз буллингке тап болады? Бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ, себебі көп. Тым толық, тым арық, тым ұялшақ, тым кедей, тым нашар киінеді, тым әдемі не ұсқынсыз, тым ақылды немесе ақымақ, ерекше мінез-құлық және тағы басқа физикалық ерекшеліктер. Жасөспірімдер кез келген нәрсе үшін жәбірлеп, қорлық көрсете алады. Осы жерде барлығымыз жәбірленушінің жасалған әрекеттерде ешбір кінәсы жоқ екендігін ұғынуымыз қажет.
Себебі буллингтің салдары балалардың психологиялық және физикалық денсаулығына елеулі зиян келтіріп қана қоймай, олардың оқу үлгеріміне және жалпы өмір сапасына теріс әсер етеді.

Буллингпен күресу тәсілдері қандай?

Қорлану кезіндегі жәбірленушіден киімнің жыртылуы, зақымдануы, денедегі жарақаттар (дененің көгеруі), қымбат заттарының “жоғалуы”, тәбеттің төмендеуі, қорқынышты түстер, серуендеу кезіндегі мазасыздықты байқауға болады. Сонымен бірге сыныптастарымен қарым-қатынасқа түсуден бас тарту сынды белгілер көрінеді. Буллинг құрбанына көмектесу үшін оны кінәламай, қолдау көрсетіп, демеу болу қажет. Жәбірленушіге оның жалғыз емес екендігін барынша көрсеткен дұрыс. Оны мазақ етіп, айтқан сөздерін елемеуге мүлдем болмайды. Сондай-ақ жәбірленушіден көрген қорлығы мен тәжірибесі жайлы қайта-қайта сұрай беруге тыйым салынады. Жәбірленушіге агрессорлар өздерінің алдында өз құндылықтарын біреуді қорлау арқылы ғана арттыра алатындығын, сол себепті жазықсызға шүйлігетіндігі жайлы түсіндіру керек. Жәбірленушінің өзін мықты тұлға ретінде көрсетіп, күш қолдана алуы буллингті тоқтатуы мүмкін. Бірақ көп жағдайда жәбірленуші бұндай әрекеттерге дайын емес. Сондықтан көмекке мұқтаждық туады. Егер жақыныңыз буллингтің құрбаны болуы мүмкін деген күдік пайда болса, дереу онымен осы жайтты талқылаңыз. Әңгіме желісіне байланысты әрекет еткен абзал. Мәселенің барлық маңыздылығын ескеріп, жәбірленушінің сізге сенуге деген дайындығын байқаңыз. Жәбірленушіге көмектесу үшін мектеп әкімшілігіне хабарласыңыз, болған жайтты талқылау үшін агрессор мен ата-анасын шақыртыңыз. Осылайша жақыныңызды қорғау үшін бәріне баратыныңызды көрсеткен жөн. Бұл көмектеспесе, құқық қорғау органдарына жүгінуге болады. Сақтықта қорлық жоқ қағидасын ұстанып, жақындарға жанашыр болуды естен шығармаған дұрыс.

Білгеніңіз абзал

Қазіргідей қайнап жатқан қоғамда булингке қатысты түрлі терминнің барлығынан хабарсыз жандар кездесері хақ. Ендеше еске салатын болсақ, соның біріне – газлайтинг деген атау берілген. Алғашында ойлап қаларсыз: көгілдір отынға қатысы бар ма деп, онда оның белгілері, мысалдар, қалай қарсы тұру қажет? Осыны бірге зерделейік.
Жалпы газлайтинг деген не, оны қалай тануға болады? Сонымен бірге оның қиянат­шыдан айырмашылығы және онымен қалай күресеміз?
Gaslighting – қарапайым сөзбен келтіргенде манипуляция. Мақсаты жәбірленушінің шын­­дықты, оның сезімдерін, эмоцияларын және естеліктерін қабылдауына күмән кел­тіруге итермелеу. Серіктесіңізбен ұрысып қалдыңыз делік, ұрыс кезінде ол айқайлады. Кейінірек болған жағдайды талқылауды және серіктесіңізге адамдардың дауыс көтергенін ұнатпайтыныңызды түсіндіруді шешесіз. Ал жауап ретінде олар: «Сен әрқашан бәрін асыра сілтейсің. Мен тыныш болдым» деген тұжырымын ұстанады. Егер өзіңіздің шағымыңызға күмән келтіре бастасаңыз, шатастырдым ба деп ойласаңыз және өзіңізді кінәласаңыз, газ жарығы құрбаны болуыңыз мүмкін.
“Газлайтинг” термині 1938 жылы Ұлы­британия мен АҚШ-та фильм түсірген Британдық “газ жарығы” пьесасының атауынан шыққан. Сюжетте екіжүзді күйеу үйдегі заттарды жасырады, жиһазды қайта реттейді. Осылайша әйелін ақыл-есінен ауысып жатқандығына сендіру үшін шу шығарады. Жұбайы кешке үйде газ жарығы жыпылықтап тұрғанын байқайды. Бірақ күйеуі бұл оған солай көрінетініне сендіреді. Шын мәнінде, газ жарығы шынымен жыпылықтайды. Өйткені күйеуі үйдің басқа бөлігінде газ жарығын қосады. Онда ол тәтесінің жасырын зергерлік бұйымдарын іздейді.
Моббинг (ағылш: mob-көпшілік) – ұжымның бір мүшесін басқалардың қорлауы түріндегі психологиялық зорлық-зомбылықтың түрі. Ұжымның бір мүшесін қорлауға ұжымның басқа да жаңа мүшелері қосылып, буллинг моббингке айналатын жағдайлар жиі кездеседі. Моббингтің көріністеріне бас тарту, түртпектеу, келемеждеу, жала жабу, түрлі сипаттағы қорлау, ұжымдық шеттету жатады.
Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде қауіпті хабарламалар, фотосуреттер мен бейнематериалдар түріндегі кибербуллинг кеңінен таралды. Кибербуллинг – ұялы телефондарды, электрондық поштаны, интернетті, әлеуметтік желілерді, адамды қудалау үшін чаттарды пайдалану, ол туралы құпия ақпаратты жариялау, өсек-аяң, қорлау және балағаттау сипатындағы хабарламаларды тарату.
Мектептегі психологиялық зорлық-зом­былық, қорқыту, қорлау, өсек пен қауесеттің таралуы, құрдастарынан оқшаулану және манипуляцияның басқа түрлері сияқты әртүрлі формада көрінуі мүмкін. Бұл әрекеттер оқушының психикалық денсаулығы мен өзін-өзі бағалауына айтарлықтай әсер етіп, қорқыныш, дәрменсіздік, жалғыздық және стресс сезімдерін тудырады.
Психикалық зорлық-зомбылық – бұл қаса­қана адамның жан дүниесін азаптау. Ол үнемі қорлау, ирония, елемеу, қорқыту, қоғамға жат әрекеттерге мәжбүрлеу түрінде көрінеді. Ол кез келген адамға ауыр эмоционалды шиеленісті; жағымсыз эмоциялардың басым болуын; эмоционалды-ерік саласының дамуын бұзады.
Буллинг құрбандары психологиялық және эмоционалдық тұрғыдан үлкен зиян ше­геді. Буллингке ұшыраған балалар көбіне қор­қыныш, мазасыздық, депрессия, өзіне сенімсіздік сияқты психологиялық мәселелерге тап болады. Буллинг құрбандары мектепке баруға қорқып, сабақтарға қатыспауы мүмкін.
Бұл олардың оқу үлгеріміне тікелей әсер етеді. Мұндай жағдайға ұшыраған балалар көбіне өз құрдастарынан оқшауланып, қо­ғамнан алшақтауы мүмкін. Бұл олардың болашақта әлеуметтік қарым-қатынас орнату қабілетіне кері әсер етеді. Буллингтің алдын алу және оны болдырмау үшін мектептерде буллингтің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
29 қазан 2024 ж. 198 0

Ана сүтінің маңызы

21 сәуір 2025 ж. 66

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930