Қазақстандықтарға қытай нөмірлі көлікті кімдер жүргізе алатыны түсіндірілді
Фото: Freepik.comҚазақстан азаматтары қытай нөмірлі автокөлікті елден тыс жерде тұрақты тұрып, оны Қазақстанға уақытша әкелген жағдайда ғана заңды түрде жүргізе алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Жол қозғалысы туралы” заңға сәйкес, халықаралық қозғалысқа қатысатын көліктер Қазақстан аумағында елге кірген сәттен бастап бір жылға дейін бола алады.
Көлік халықаралық қозғалыста деп есептелуі үшін ол Қазақстанда тіркелмеуі, уақытша әкелінуі және шетелде тұрақты тұратын жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі болуға тиіс. Сондай-ақ мұндай көлікті шетел азаматы, азаматтығы жоқ адам немесе Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаты жоқ тұлға басқаруы керек.
2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап заңнамаға тағы бір өзгеріс енгізілді. Енді Қазақстан азаматы да шетелде тұрақты тұратын болса, өзіне тиесілі, елде тіркелмеген және уақытша әкелінген көлікті жүргізе алады.
Яғни, Қазақстан азаматы ел ішінде қытай нөмірлі көлікпен еркін жүре алмайды. Ол үшін шетелде тұрақты тұру мәртебесі – резиденттік, тұруға ықтиярхат немесе виза болуы қажет.
Сонымен қатар елде міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілік сақтандыруынсыз көлік жүргізуге болмайды. Алайда шетел нөмірлі көлікке мұндай сақтандыруды барлық жағдайда рәсімдеу мүмкін емес.
2023 жылы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстанда халықаралық қозғалысқа жатпайтын және ІІМ органдарында тіркелмеген көлікке міндетті сақтандыру шартын жасауға тыйым салынған. Яғни, халықаралық қозғалыс талаптарына сай келмейтін қазақстандықтар мен резиденттер шетел нөмірлі көлікке сақтандыру рәсімдей алмайды. Ал сақтандырусыз көлікті пайдалануға Қазақстанда тыйым салынған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ауаны ластауды азайту үшін көліктердің қозғалысын мемлекеттік нөмірдің соңғы санына қарай шектеу ұсынылған еді. Яғни нөмірі жұп санмен аяқталатын көліктер жұп күндері, тақ санмен аяқталатындар тақ күндері ғана жүруі мүмкін. Бұл бастама Қытай тәжірибесіне сүйеніп ұсынылған.
Экология министрлігінің мәліметінше, Алматыдағы зиянды қалдықтардың 60 пайызы көліктерден шығады. Алайда мұндай тәртіпті енгізу мәселесін жергілікті әкімдік пен мәслихат шешеді. Алматы әкімдігі әзірге мұндай шектеу қарастырылмағанын, бірақ 2029 жылдан бастап ескі көліктерге ақылы кіру жүйесін енгізу жоспарда барын мәлімдеді.












