Сауығуға бастар сенімді жол
Қазалы теміржол ауруханасы ғасырдан астам уақыт бойы үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан өңірдегі іргелі медициналық ұйымдардың бірі. ХХ ғасырдың басында Қазалы уезінде халыққа алғашқы медициналық көмек көрсету мақсатында амбулатория ретінде ашылған бұл мекеме ең әуелі фельдшер мен акушер қызметінен бастау алған. Сол кезеңнен бері аурухана талай тарихи белестерден өтіп, халық денсаулығы жолында қалтқысыз еңбек етіп келеді.Ұлы Отан соғысы жылдарында теміржол ауруханасы госпитальға айналып, майданнан түрлі жарақатпен жеткізілген сарбаздарға медициналық көмек көрсетті. Ақ халатты абзал жандардың жанкешті еңбегі талай жауынгердің өмірін сақтап қалуға сеп болып, Ұлы Жеңіске өзіндік үлесін қосты.
Бүгінде аурухана Қазалы аумағында тіркелген тұрғындарға, сондай-ақ Арал және Қармақшы аудандарында тұратын теміржолшыларға, олардың отбасы мүшелеріне және теміржол саласының зейнеткерлеріне көпсалалы мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Мекеме алғашқы медициналық-санитарлық, консультациялық-диагностикалық қызметтерді кешенді түрде ұсынады.
Аурухана кешені үш қабатты ғимаратта орналасқан және жоспарлы түрде 150 керуетке есептелген. Мұнда хирургиялық, паллиативтік, гинекологиялық, терапиялық, неврологиялық, нейроинсульттік, реабилитациялық, балалар, реанимация бөлімдері жұмыс істейді. Сонымен қатар ақылы қызмет көрсету бөлімі мен күндізгі стационар қарастырылған.
Параклиникалық қызметтер де толық жолға қойылған. Ауруханада клиникалық-диагностикалық, бактериологиялық, биохимиялық, серологиялық, иммуно-ферменттік зертханалар және ПТР зертханасы жұмыс істейді. Заманауи зерттеу әдістері арқылы науқастарға нақты әрі сапалы диагностика жасалады. Сондай-ақ функционалдық диагностика қызметі де үздіксіз жүргізіледі.
Ал аурухананың екінші қабатында орналасқан физиотерапия бөлімі науқастарды оңалту мен қалпына келтіруде маңызды рөл атқаратын құрылымдық бөлімдердің бірі. Физиотерапиялық бөлім халық денсаулығын нығайтуға бағытталған кешенді қызмет ұсынады. Мұнда емдік дене шынықтыру, соққылы толқын терапиясы, омыртқаға арналған арнайы үгу столы, мойынға массаж жасау аппараты, парафинмен емдеу, емдік массаж түрлері қолданылады. Заманауи құрал-жабдықтар мен білікті мамандардың үйлесімді еңбегі арқылы тұрғындарға сапалы әрі тиімді медициналық қызмет көрсетілуде.
Сонымен қатар емдік тұзды және он түрлі дәрілік ванна, кедр саунасы, су асты массажы, джакузи, мануалдық терапия, Су-Джок емі, барокамера қызметі көрсетіледі. Бұл әдістер ағзаны қалпына келтіруге, созылмалы аурулардың алдын алуға және жалпы өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Бөлімді бірінші санатты физиотерапевт дәрігер Ғалымжан Темірбекұлы басқарады. Көпжылдық тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында ол емдеу мен оңалту шараларын ғылыми негізде, әр науқастың диагнозына сай жүргізеді.
Бөлімшенің жауапты мейіргері – бірінші санатты Аманкүл Абжанова. Ол «Қазақстанның құрметті медбикесі» медалімен марапатталған тәжірибелі маман. Сонымен бірге физиотерапия бойынша бірінші санатты мейіргер Гүлнар Жақсылыққызы, емдік дене шынықтыру бойынша бірінші санатты мейіргер Алмаш Тастемірқызы, физиотерапия мейіргері Эльвира Маратқызы бөлім жұмысының сапалы атқарылуына үлес қосуда.
Массаж қызметін тәжірибелі мамандар – Мұхит Қалилаұлы, Қайрат Болатұлы және Бақдаулет Құрманайұлы жүзеге асырады. Олар емдік, классикалық, нүктелік, сегментарлық және басқа да массаж түрлерін кәсіби деңгейде орындайды.
Ғасырлық тарихы бар Қазалы теміржол ауруханасы дәстүр мен заманауи медицинаны ұштастыра білген, өңір тұрғындары сенім артқан медициналық мекеме. Білікті мамандар мен жаңартылған материалдық-техникалық база халық денсаулығын қорғау жолындағы жүйелі жұмыстың берік негізі болып табылады.
Емдік кабинеттер мен қызмет түрлері
Физиотерапия бөлімінде тоқпен емдеу және парафинмен емдеуге арналған жеке кабиналар бар. Сонымен қатар аурухананың үшінші қабатында арнайы жабдықталған массаж кабинеті жұмыс істейді. Барлық кабинеттер санитарлық талаптарға сай жабдықталып, науқастарға жайлы жағдай жасалған.
Бөлімде соққылы толқын терапиясы – тірек-қимыл аппараты ауруларын емдеуде. Тубус-кварц – тыныс жолдары мен тері ауруларында, биоптрон – жарық терапиясы арқылы тіндердің қалпына келуін жеделдету, электрофорез – дәрілік заттарды ток арқылы енгізу сынды заманауи аппараттар қолданылады. Сондай-ақ экран-2, Ультрадыбыстық терапия, Ультратон – қабынуға қарсы және ауырсынуды басу мақсатында, «Каскад-15» парафин жылытқышы – буын және бұлшықет ауруларына, қолға арналған ауа-компрессиялық массажер, аяққа арналған «Шиатсу» массажері мен омыртқаны созу аппараты және аяққа арналған діріл массажы бар. Бұған қоса оттегі концентраторы – тыныс алу жеткіліксіздігінде, Ишоукан тарағы, Дарсонвализация, магнитотерапия мен лазерлік терапия және құрғақ көмірқышқыл ваннасы, сондай-ақ аяққа арналған су-электр массажы жұмыс жасайды. Сонымен қатар ARTROMOT-K1 (Артромот) – буын қозғалысын қалпына келтіруге арналған аппарат та қызметте.
Аталған құрылғылар жүйке жүйесі, тірек-қимыл аппараты, тыныс алу жолдары, буын, омыртқа, қан айналым жүйесі ауруларын емдеу мен оңалтуда кеңінен қолданылады.
Оңалту мен сауығудың кешенді тәсілі
Физиотерапия бөлімінде әр науқасқа жеке ем жоспары жасалады. Медициналық көрсеткіштеріне сәйкес бірнеше процедура кешенді түрде тағайындалып, ем нәтижелілігі тұрақты бақылауда болады.
Емдік дене шынықтыру сабақтары жарақаттан кейінгі және операциядан кейінгі кезеңде ағзаның қозғалыс белсенділігін қалпына келтіруге ықпал етеді. Ал массаж және аппараттық терапия әдістері бұлшықет тонусын реттеп, қан айналымын жақсартады.
Физиотерапия бөлімі емдеумен қатар сауығу мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді орталық. Білікті дәрігерлер мен мейіргерлер, заманауи құрал-жабдықтар және жанашыр қызмет – бөлім жұмысының басты ерекшелігі. Міне осылайша халық денсаулығын нығайту жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан физиотерапия ұжымы – аурухананың сенімді тіректерінің бірі.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА














