Жаңашыл ұжым, талапшыл басшы
Қазалы теміржол ауруханасы ғасырдан астам уақыт үздіксіз жұмыс істеп келеді. ХХ ғасырдың басында Қазалы уезінде халыққа медициналық қызмет көрсету мақсатында амбулатория ретінде ашылған. Онда ең әуелі фельдшер және акушер болған. Ұлы Отан соғысы кезінде теміржол ауруханасы госпиталға айналған. Түрлі жарақатпен түскен сарбаздарға ем жасаған. Аурухана қиян кескі ұрыста жеңіске жетуге осылайша өз үлесін қосқан. Дегенмен уақыт талабына сай теміржол ауруханасы атауын өзгертіп отырған.
2018 жылы «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС болып өзгертілді. Екі жылдан соң сатып алу-сату шарты негізінде жарлық капиталы жүз процентті құрайтын «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС мемлекеттік қатысу үлесін жеке тұлға Қ.Ршымбетов сатып алды.
Бүгінде теміржол ауруханасы Қазалы аумағында тіркелген халқына және Арал, Қармақшы аудандарында тұратын теміржолшыларға, олардың отбасыларына, теміржолшы зейнеткерлерге көпсалалы мамандандырылған, алғашқы медико-санитарлық, консультациялық-диагностикалық медициналық көмек көрсетеді.
Жалпы аурухана кешені үш қабатты ғимаратта орналасқан. Жоспарлы түрде аурухана 150 керуетке есептелген. Хирургиялық, паллиативтік, гинекологиялық, терапиялық, неврологиялық, нейроинсульттік, реабилитация, балалар, реанимация, ақылы қызмет бөлімі, күндізгі стационар бар. Сонымен қатар параклиникалық бөлімдер – клиникодиагностикалық, бактериологиялық, биохимиялық, серологиялық, иммуно-ферменттік зертхана, ПТР зертханасы жұмыс істеп тұр. Функционалдық диагностика жүргізіледі. Онда рентгенологиялық, рентгеноскопиялық зерттеулер, маммография, рентген, компьютерлік томография, радиоизотоптық диагностика (МРТ), «С-дуга» рентгенодиагностикалық аппарат, доплерография, барокамера, УДТ-диагностика, эхо-энцефаллоскопиялық, фиброгастроскопиялық, эхоэнцефаллографиялық, доплерографиялық зерттеулер енеді.
Бұған қоса физиотерапиялық бөлім қызметінде – емдік денешынықтыру, соққылы толқын терапиясы, үгу столы, мойын массажын жасау аппараты, парафин, емдік массаж, емдік тұзды және 10 түрлі дәрілік ванна, кедр саунасы, су асты массажы, джакузи, мануалдық емдеу, Су-Джок емдеу, барокамера халықтың денсаулығын түзетуге бағытталған.
– Аурухана құрылымында консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету үшін бір ауысымда 350-400 адамды қабылдауға арналған теміржол емханасы тұрғындарға кеңес береді. Консультациялық-диагностикалық бөлімде 3 терапиялық, 5 педиатриялық, 7 жалпы тәжірибелік дәрігер қызмет етеді. Емханаға қарасты жеті медициналық бекетте 7 фельдшер жұмыс істейді. Әйтеке би кентінде орналасқан 5-кварталда тұратын елді мекендегі халыққа медициналық қызмет көрсету мақсатында 1 медициналық бекет ашылды, – дейді Қазалы теміржол ауруханасы ЖШС-ның бас директоры Құбыл Ршымбетов.
Талапшыл басшының айтуынша, Қазалы теміржол ауруханасының басты мақсаты – тіркелімдегі тұрғындарға, теміржолшыларға және олардың жанұясына сапалы емдеу профилактикалық медициналық көмек көрсету. Сондықтан емделуге жатқызу үрдісі реттеліп, емделушілердің қолжетімді медициналық көмек алу құқығы қамтамасыз етілген. Жоспарлы емдеу кезінде ауруханаға жатқызбай, бас тарту жағдайлары жоқ. Ауруханаға науқастар көрсетілімдері бойынша жоспарлы түрде, ауруханаға жатқызу Портал бюросы арқылы қабылданады. Тәуліктік стационарға жедел түрде түскендер, оның ішінде трасса бойында болған жарақаттар, пойыздан түсіріп алған аурулар емделеді. Қалған науқастар күндізгі ауруханаға жатқызылады.
– Ауыз толтыра айтатын аумақты жұмысымыздың бірі – 2016 жылдың 15 ақпаннан бастап Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, аурухананың төсек қоры шеңберінде 24 төсектік нейроинсульттік орталық ашылды. Сол жылдан бері 10 төсек ерте оңалту бөлімі жұмыс жасауда. Көп ұзатпай қосымша 10 төсек кеш оңалту бөлімі іске қосылды. Мұнда дәрігер реабилитолог, невропатолог, травматолог, кардиолог, педиатр, психолог, логопед, массажист, емдік дене шынықтыру мамандары инсульттік науқастарына және басқа науқастарға медициналық қызмет көрсетуде. Оңалту бөлімдерінде науқастарға қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтылған, – дейді теміржол ауруханасының бас дәрігері Айгүл Жанарыстанқызы.
Бас дәрігердің мәлімдемесіне сүйенсек, 1994 жылдың тамыз айында Қазалы теміржол ауруханасының басшысы болып Құбыл Ршымбетов тағайындалған. Ол сол жылдары жаңа типтік аурухана құрылысының толық аяқталуына және ауруханаға қажетті медицина саласындағы заманауи озық үлгідегі құрылғылармен жабдықтауға тікелей септігін тигізді.
Жаңа ғасырда жаңа белестер
Жаңа ғасырға аяқ басқан жылдары УЗИ, плазмаферез, лазер аппараттары, гастрофиброскоп, «Барокамера», «Маммография», ультрадыбысты доплерограф, Электрокардиограф «ЭК-3Т-01-«Р-Д»» «Россия», анықтаушы процессор, ВС-3000 Автомат гематологиялық анализатор, ИФА аппараты, ВА-88 Жартылай автоматты биохимиялық анализатор, эндовидеолапаротомия, офтальмоскоп әкелінді. Кейін компьютерлік томография және «С-дуга» рентген аппаратына қол жеткізілді. Екі жыл бұрын қосымша залалсыздандыру бөліміне – стерилизатор, ресейлік ауа стерилизаторына қол жеткізілді. Гинекология бөліміне – Видеокальпоскоп СЗ, жоғары жиілікті электрохирургиялық аппарат «Фотек», дәріханаға – медициналық электрлік аквадистиллятор қосылды. Емхана бөліміне – «Жеңіс» рентген флюорографиялық сандық аппараты, NeuViz 16 қайта қолданылатын КT сканерлеу жүйесі, CR AG рентген және маммографиялық бейнелерін диагностикалауға және мұрағаттауға арналған цифрлық аппарат, TPS-IIM стоматологиялық термиялық инжекциялық қондырғы, рентгендік жалпақ панельді сандық детектор, ауа Компрессоры Ajax 220k 50 л, термопринтері бар отоакустикалық эмиссияны тіркеудің портативті құрылғысы, Ajax AJ11 стоматологиялық қондырғысы қойылды. Келушілерді тіркейтін қабылдау бөліміне – 12 арналы электрокардиограф, электрлік аквадистиллятор берілді.
Сонымен бірге жансақтау бөліміне – 9 дана функционалды кереует, физиотерапиялық бөлімге – дененің жоғарғы және төменгі бөліктеріне арналған 2 данадан жаттығу құрылғысы мен велотренажер алынды. Хирургия бөлімінде ота жасауға септігі мол ішкі резервті пайдаланып анестезиологиялық жұмыс станциясы «Fabius Tiro ASBL-0063» диагностикалық аппараттары көмек көрсету үшін сумен емдейтін бөлім ашты.
Қызмет аясы ауқымды
Компьютерлік томография аппаратымен Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарының халқына қызмет көрсетеді. Оның ішінде ауруханаға бекітілген стационарлық науқастар, мүгедектер, зейнеткерлер, жасөспірімдер, «Батыр ана» орденімен, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған әйелдер және медициналық ұйымдардың жолдамасы бойынша пациенттер тегін өткізіледі.
Тұрғындарға сапалы медициналық қызметін уақытылы көрсету мақсатында 4-категориялы шақыртуларға аурухана қабылдау бөлімінен арнайы бригада жедел жәрдем ашылды. Қызмет көрсетуге 2 автокөлік бөлінді. Амбулаториялық деңгейде уақытылы медициналық қызмет көрсетуге үйге шақырту мен белгілі дертімен диспансерлік тіркеуде тұрғандарды аралау үшін 4 автокөлік бар.
Былтыр реанимация бөліміне кіші ота залдарына екі үлкен орталықтандырылған оттегі қосылды. Қосымша жабдықтарымен екі функционалдық керует алынды. Рентген аппаратқа оцифровщик аппараты қосылды. Жаңа типті стоматологиялық құрылғы пайдалануға берілді. Сондай-ақ аурухананың барлық бөлімдерінің үй жайларына ішкі- сыртқы ағымдағы жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізіліп отырады.
Бұдан бөлек зертхана бөлімінен қосымша серологиялық зерттеуге маман оқытылып, лицензия алынды. Барлық қажетті медициналық аппараттармен жабдықталды. Атап айтқанда, жартылай автоматты коагулометр ТС-4000, автоматты биохимиялық анализатор, химиялық сорғыш шкафы, бинокулярлы микроскоп, центрифуга, вакцина сақтайтын мұздатқыштар іске қосылды. ПТР зертханасы ашылып, мамандар білімін жетілдіріп, куәліктерін алды. Орал қаласының «Санат» Республикалық кәсіби дамыту орталығы» ЖШС жұмыс орнында екі апта оқытылды.
Алғаусыз алғыс, шексіз марапат
Аурухана қызметін дамытатын жетістіктері мұнымен тоқталмақ емес. Дәрігерлік диагнозды нақты қоюға көмегі зор GEVolusonE10BT20 ультрадыбысты зерттеу аппараты алынды. Сонымен қатар МРТ аппаратын алуға қаржы бөлінді. Тиісті ережеге сай кабинет дайындалып, мамандар оқытылды. Бұл күні халыққа қызмет көрсетуде.
– Соңғы уақытта теміржол ауруханасы заманауи жабдықтарды іске қосуда. Соның арқасында біз де алысқа сабылмай, қажетті тексеруден тегін өтудеміз, – дейді қазалылық Сәрсен Бекназаров.
Емхана жанынан пациенттерге тегін дәрі-дәрмектерді босату үшін дәріхана ашылды. Амбулаторлық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі диспансерлік есепте тұратын науқастарға бөлінетін дәрілік заттар мен ауру түрлері тізбесінің шеңберінде шешіледі. Індетке қарсы 2 жерден вакцина жасау кабинеті іске қосылды.
Екі дәрігер резидентурада білімін жетілдіріп, невролог және сәулелі диагностика дәрігері қызметінде жұмысқа қосылды. Аурухана дәрігер кадрларын дайындауда өз үлесін қосуда. Яғни невропатолог, отоларинголог, терапевт, гинеколог оқытылып шығарылды.
Қазір резидентурада ең қажетті мамандықтарға травматолог, инфекционист, радиологқа кәсіби біліктілігін арттыруда. Осындай дәрігерлік қызметке деген айрықша құрмет көрсететін Қазалы теміржол ауруханасы ұжымының күн-түн жүрген еңбегі тасада қалмады. Адал тер еш кетпей, ұйқысыз түндер еленіп, түрлі марапаттар ұсынылған. «Қазақстандағы 2010 жылғы №1 әлеуметтік – жауапты жоба» номинациясы бойынша лауреат болып танылды. Қазалы ауданы әкімінің дипломымен еленді. ҚР Ұлттық бизнес рейтингісінен «Медицинадағы Сала көшбасшысы» және «Денсаулық сақтау мақтанышы» құрметті атағы табысталып, қазақстандықтардың игілігі үшін тиімді еңбегі үшін «Алғыс» жариялады. Мұнымен тоқталмаған халық қаһармандары халықаралық энциклопедия мен түрлі кітаптар мен журналдарда үздік мамандар ретінде қатталды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА