Өсиет-өлең қалдырам ұрпағыма
Жуырда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Бозкөл ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын – Шындалы Бердібаевтың 100 жылдығына орай «Өсиет өлең қалдырдым ұрпағыма» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.
Жыр бәйгесінің ашылу салтанатында ауыл әкімі Ақылбек Бекқожаұлы мен аудандық мәслихат депутаты Күншығар Әбілұлы сөз сөйлеп, жас ақындарға сәттілік тілесті. Сонымен қатар қай кезден де ақындықтың жалауын жықпай, арда өнердің абыройын асқақтатқан азаматтың ғибратты ғұмырынан жиналған жастарға үлгі алу керектігінде тілге тиек етті.
– Бүгін арда туған азаматымыздың бірі әрі бірегейі, ақын – Шындалы Бердібайұлының 100 жылдығына орай облыстық жазба ақындар мүшәйрасы шымылдығын түргелі тұр. Бұл өлеңге деген құрметі шексіз әрбір қазақ үшін тағы бір рухани серпіліс. Халқымыздың заңғар жазушыларының лайықты ізін жалғаған Шындалы ағамыз құт қонған мекеннің топырағында дүниеге келіп, бала кезден-ақ жырды жанына тұмар етті. Осылайша шабытымен жақұт өлең өрді. Өлең – өмірдің үзіліп түскен бір тамшысы болса, сол тамшыны теңізге айналдырған ақын қаламынан туған шығарманың қайсыбірін алсақ та тұщымды ой, өнегелі тәрбие айқын көрінеді. Ендеше осынау атпал азаматтың ізін жалғап, ақындар мүшәйрасына келген барша сөз жақұтын терген ақындарымызға ыстық ықылас пен шынайы ниетімізді, алғысымызды білдіремін. Ұшқыр ойларыңыз бен шалқар шабыттарыңыз таси берсін! – деді Күншығар Әбілұлы.
Бірнеше кезең бойынша өткен байқауға жас ақындардың өнерін бағалап, саралауға облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы басшысының орынбасары Ділімбетова Рая Дөңесбайқызы, облыстық ақындар байқауының жүлдегері Ағырай Ермекбай мен Төлеш Нұрболат сынды бірқатар азаматтар келіп, қазылық етті. Ақындар мүшәйрасының қорытындысы бойынша бас жүлдені көрерменді тәнті еткен қызылордалық Бексұлтан Санақұл жеңіп алды. Ал Ш.Бердібаев атындағы жүлдеге жаңақорғандық Дәулет Сұлтанғали лайық деп танылды. Бірінші орынды қазалылық Бақытбек Макеев иеленсе, екінші орынға Қанат Сырлыбай мен Еңлік Сахит жайғасты. Үшінші орынды Арал ауданынан келген Мақсат Шөмен мен Бөген ауылының жас ақыны Батыр Сәбитов тең бөлді.
Сонымен қатар «Парасатты ақын» бағамын Сырдария ауданынан келген Тұмарлан Өмірбек, «Ұшқыр ойлы ақын» бағамын Балауса Болатқазы иеленді. Басқа да жыр бәйгесінде бақ сынаған ақындар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетейік, аталмыш мүшәйраға бірқатар аудан және ауылдық округтің сөзден маржан терген он бір талапкері қатысты.
Серік АҚМЫРЗА