Топ-баннер
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалыда қауыз жарған раушан гүл

Қазалыда қауыз жарған раушан гүл

Гүл өсіру кез келген адамның қолынан келе бермейтін нәзік өнер. Ал сол нәзіктікті қатал климатты Сыр өңірінде, әсіресе қыстың қаһарлы күндерінде құлпырту – нағыз ерлікпен тең. Қазалылық кәсіпкер Нұрбек Кешубаев он жылдан астам уақыт бойы осы «тілсіз сұлулықтың» тілін тауып, жылыжай шаруашылығын дөңгелетіп келеді. Оның бау-бақшасындағы кезекті жаңалық – гүл патшасы саналатын раушан гүлдерінің жайқалуы.
Нұрбек Нұрдәулетұлының жылыжайы құдды ертегі әлеміне енгендей күй сыйлайды. Жайқалған алуан түрлі раушан гүлдерінің сұлулығы көздің жауын алады. Аңқыған хош иіс қыстың қытымыр мінезін ұмыттырып, көктемнің шуақты күндеріне еріксіз елітіп әкетеді. Мұнда тек қызыл емес, тазалықтың белгісіндей аппақ, күн нұрындайсары, нәзіктік нышаны күлгін түсті раушандар бірінен бірі өткен сондай сұлу.
– Раушанның әр түсінің өз бабы бар. Ақ раушан кірпияз болса, сары раушан жарықты көбірек қажет етеді. Күлгін түстілерінің хош иісі ерекше. Біз тек гүл өсіріп қана қоймаймыз, адамдарға көңіл-күй сыйлаймыз, – дейді кәсіпкер.
Әрбір бүршіктің уақытылы ашылуы үшін жылы сумен суару, дер кезінде тыңайтқыш беру және түнгі уақытта арнайы жарықшамдармен нұрландыру – Нұрбек ағаның күнделікті атқаратын жауапты ісі. Мақсат – сырттан келетін қымбат гүлдерге тәуелді болмай, өз жерімізде өскен, балғын әрі сапалы өнімді тұтынушыға ұсыну. Кәсіпкердің тәжірибесі – адал еңбек пен отбасылық берекенің үлгісі. Бүгінде оның жылыжайы Қазалының мақтанышына айналып отыр. Алуан түсті раушандардың хош иісі мен сұлулығы өңірдің ажарын ашып қана қоймай, өзге аудандардан сұранысы артқан.Нұрбек Нұрдәулетұлының бұл салаға келуі кездейсоқ емес. Әке қанымен дарыған бейнеткештік пен жер анаға деген сүйіспеншілік оны үлкен істерге жетеледі. Алғашқы қадамын қияр егуден бастаған кәсіпкер бүгінде Голландияның сирек гүлдерін Қазалы топырағында жерсіндіріп отыр.
– Бұл кәсіпті 2012 жылы тәуекел етіп, ең алғаш шағын жылыжай салудан бастадым. Алғашқы өніміміз – қияр болды. Ол наурыз айында бітік шығып, алғашқы нәтижесін берген соң, гүл егіп, бау-бақша өнімдерін өсіруге біртіндеп көштік. Ісіміз оңға басып, өнімімізге сұраныс артқан соң кәсіпті кеңейту мақсатында «Даму» арқылы несие алдым.Қазір жанымда бір тұрақты жұмысшым бар, сонымен қатар зайыбым екеуміз гүлдерді бірге күтіп-баптаймыз. Ал наурыз бен мамыр айлары аралығындағы қауырт маусымда қосымша көмекші жалдаймыз. Соңғы төрт жылдан бері раушан гүлін өсіруге ерекше бет бұрдық. Қазір біздің өнімдерді көршілес Арал, Қармақшы аудандарының дүкендері «жергілікті раушандар» деген атаумен арнайы сатып алады. Алдағы уақытта осы жұмысымызды бұдан да үлкейтсек деген жоспарымыз бар.Жылыжаймен айналысу үшін көп оқып, іздену керек екенін түсіндім. Бала күнімізде әкеміздің қасында жүріп «бақша егеміз» деп бастағанымызбен, әр өсімдіктің өзіне тән күтімі барын ұқтым. Мен жергілікті қиды пайдаланып, жерді табиғи жолмен өңдеуді жөн көремін. Қазір көпшілігі минералды тыңайтқыштарды (удобрение) шамадан тыс береді, ол жердің құнарлығы мен табиғи қалпын өлтіреді.Мен көп дүниені әкемнен үйрендім. Әкем кезінде Алматыдағы зооветеринария институтында оқыған еді. Оның лекциялары мен кітаптары ескі шамаданда жинаулы тұратын. Бала кезімізде оған аса мән бермеппіз. Алайда 50 жасқа қадам басқанда ғана сол шаң басқан чемоданды қайта аштым. Көп нәрсенің сырын, не істеу керегін сол жазбалардан таптым. Тіпті ғаламтордың өзінен мұндай мардымды мәлімет ала алмаған едім. Адам іс барысында ғана тәжірибе жинайды, ал мол тәжірибе жиналған жерде іс әрқашан алға өрлейді, – дейді жеке кәсіпкер.
«Еңбегіне қарай – өнбегі» деген тәмсіл бар. Кәсіпкердің қолынан шыққан ақ, сары, қызыл және күлгін раушандар – үлкен төзімнің және сұлулыққа деген шексіз құштарлықтың символы.Қазалының топырағында жайқалған бұл гүлдер ертең талай жанның қуанышына айналып, мерекелік көңіл-күй сыйлары анық.
Нұрбек Кешубаевтың тәжірибесі – адал еңбек пен отбасылық берекенің үлгісі. Голландиядан келетін қымбат гүлдерге телмірмей, өз ауылымызда өскен балғын раушандарды ұсыну – отандық өнімге деген сенімді арттырады. Кәсіпкердің маңдай терімен келген әрбір бүршік – ауданның атын шығарып, өңірдің көгалдануына қосқан үлкен үлесі емес пе?
Айнұр ӘЛИ

28 ақпан 2026 ж. 20 0

Еңбегі елдің есінде

28 ақпан 2026 ж. 23

Қарғыс ұратыны рас па?

28 ақпан 2026 ж. 24

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728