Көктем көркі – қызғалдақ
Қазалылық кәсіпкер Нұрбек Кешубаев он жылдан бері жылыжай шаруашылығымен айналысып отыр. Қысы-жазы көкөністер мен бөлме гүлдерін тұтынушыға үздіксіз ұсынып отырған қала тұрғыны биылдан бастап қызғалдақтарды қыстың күні Қазалыда өсірді.
Бала күнінен әкесінің қасында жүріп бау-бақша баптаудың қыр-сырына қанық Нұрбек Нұрдәулетұлына гүл өсіру, көкөніс егу, тал отырғызу сияқты қауырт тірлік таңсық емес. Алайда ерекше күтімді қажет ететін гүлдерді жабық, жылы әрі жарық жерде өсірудің машақаты өзіне жетеді.
– Әкем күні бойы ауладағы алқапты баптап, арамшөптерді жұлып, бел жазбай еңбек ететін. Анам Айна да қолғабыс жасайтын. Бақшада жүзімдер үзіліп, жапырақтары төгіліп тұратын. Біз де сол кісіге еліктеп өстік, жолын жалғастырдық. Қазір маған ұлым Нұрдастан кішкентай көмекші, – дейді кәсіпкер.
Алғашқы жылдары жылыжай жұмысын өз қаражатынан жүргізген кәсіпкер істі қияр егуден бастапты. Өнімнің шығымы жаман болмаған соң, сатқаннан түскен ақшаны гүл өсіру үшін айналымға салады. Жылыжай алуан түрлі гүлдер жайқалып өседі. Сирек кездесетін сальвия, виргиния, шырайгүл, целозиялардың тұқымын арнайы Голландиядан алдырады.
– Қазіргі кезде қызғалдақтарды сатылымға шығардық. Оны қазан айының ортасында отырғызғанмын. Тұқымын Голландиядан алдырадым. Қызғалдақпен қатар өте нәзік гиацинт, крокус гүлдері де тұтынушылар талғамынан шығып, жоғары бағалануда. Гүлдің саудасы, әсіресе, 8 наурыз – әйелдер күнінде қызады. Сатылым жаман емес. Бағасы да қолжетімді. Халықтың қалтасына түсуді құп санамайтын адаммын. Бөлме гүлдеріне деген сұраныс қай кезде де бар. Әр тұқымды егерден бұрын оның қай уақытта бүршік жарып, толық гүлдейтінін алдын ала білу аса қажет. Өйткені кейбір тұқым түрлерінің бүршік жаруы үшін кемі тоғыз, әрі кеткенде он екі ай уақыт керек, – дейді кәсіпкер.
Нұрбек Нұрдәулетұлының жары Базаркүл апай да гүлдерді күтіп-баптауды жақсы меңгерген. Күннің суығында өнімді тоңдырып алмау өте маңызды. Күннің көзіне де зәру болмауы тиіс. Қажет болған жағдайда арнайы жарықшам қосуға тура келетін кездерде болады. Ыждаһаттылық пен ұқыптылықты қажет ететін жылыжай жұмысы оңай шаруа еместігін кәсіпкердің сөзінен аңғардық.
– Жылы сумен уақытылы суарып, дер кезінде тыңайтқыш сеуіп тұрса, еңбегіңе қарай өнбегі болады. Бабы бөлек бұл жұмыс ерекше ынтамен еңбек еткенде ғана нәтиже береді.
Ұ. ЕРБОЛҚЫЗЫ