Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шығармашылықты шыңдаған алаң

Шығармашылықты шыңдаған алаң

Ойлай алатын, талдай білетін, тың идея ұсына алатын ұрпақ – ұлт дамуының берік тұғыры. Сондықтан жастардың рухани әлемін байытып, оларды әдебиетке, ғылым мен жаңашыл бастамаларға жетелеу – уақыт талабы. Осы мақсатта сейсенбі күні №266 мектеп-лицей базасында «Жауқазын жүрек» атты балалар шығармашылығын дамытуға арналған ІІ облыстық көшпелі әдеби алаң өтті.
Шара басталмас бұрын мектеп фойесінде келушілерді ерекше атмосфераға бөлеген көрме мен шағын концерт күтіп тұрды. Көрмеде оқушылардың шығармашылық жұмыстары мен түрлі композициялары ұсынылып, көпшіліктің көңілін бірден баурады. Осы әсерлі сәттен кейін қонақтар мектептің акт залына бет алып, әдеби алаңның негізгі бөліміне куә болды.
Әдеби жиын аудан мектептерінің дайындалған концерттік бағдарламасымен ашылды. С. Сейфуллин атындағы №165 мектептің оқушыларынан құралған «Жас Өркен» балалар хорының рухты да заманауи әндері залға серпін берсе, №266 мектеп-лицейдің мың бұралған бишілері көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұдан кейін қазақ әдебиетінің алтын қорына енген шығармалардан 8 кейіпкер монолог оқыды.
Атап айтсақ, Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы», Оралхан Бөкейдің «Кербұғы», Шерхан Мұртазаның «Интернат наны», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Дулат Исабековтің «Қара шаңырақ», Әбіш Кекілбаевтың «Бір шоқ жиде» шығармаларынан алынған үзінділер көрерменге терең ой салып, ерекше әсер қалдырды.
Шара барысында «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының директорының орынбасары Гүлжахан Ізбасарова сөз сөйлеп, көшпелі әдеби алаңның маңыздылығына тоқталды.
– «Жауқазын жүрек» жобасы 2024 жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. «Дарын» орталығының басты мақсаты – тек олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысатын дарынды жастарды ғана емес, шығармашылыққа жақын, өнер мен әдебиетке ынталы жас өрендерді де жан-жақты қолдау. Бұл көшпелі шығармашылық алаң әр ауданнан шыққан, сөз өнеріне жақын, ойы ұшқыр, қиялы кең жастарды бір ортаға жинап, тәжірибе алмасуға, өзара шабыттануға мүмкіндік береді.
Өткен жылы бағдарлама аясында драмалық қойылымдар мен жыр-мүшәйралар өткізіліп, жастардың сахналық және поэтикалық қабілеттері шыңдалса, биыл атаулы даталарға орай ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың шығармашылығын жаңа қырынан зерделеуге басымдық беріліп отыр. Әдеби талдауды жасанды интеллект мүмкіндіктерімен ұштастыру арқылы қатысушылар заманауи технологияларды тиімді пайдалануды меңгеріп, көркем мәтінге терең үңіледі, сыни ойлау қабілетін дамытады. Осындай тың тәсілдер жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық ізденістеріне жаңа серпін береді деп сенемін. Барша қатысушыларға шабыт пен сәттілік серік болсын! – деді ол.
«Заңғар тұлғалар шығармасындағы заман шындығы» тақырыбын арқау еткен. шараның негізгі мақсаты – қазақ әдебиетіндегі ірі қаламгерлердің шығармалары арқылы әр кезеңнің әлеуметтік, тарихи және рухани шындығын таныту. Сонымен қатар оқушылардың көркем шығармаларды талдау, жинақтау, заманауи форматта ұсыну дағдыларын дамыту, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру көздейді.
Облыс көлеміндегі әдеби басқосуға Қазалы, Шиелі, Жалағаш, Жаңақорған, Арал, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласынан келген, әрқайсысы бес оқушыдан құралған жеті команда қатысты. Байқауға «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының директорының орынбасары Гүлжахан Ізбасарова, өлкетанушы, ардагер ұстаз Ғалия Орынбасарова, №102 мектептің шебер ұстазы Тамаша Мұратбай, аудандық «Қазалы» газетінің тілшісі Арайлым Жүсіпова, Қазалы аудандық білім бөлімінің әдіскері Жазира Оңғарова қазылық етті.
Шараның бірінші кезеңі – «Bookshot: классиканы жандандыру» деп аталды. Бұл кезеңде командалар өздеріне берілген заңғар жазушының шығармасын буктрейлер форматында креативті түрде таныстырды. Қатысушылар анимация, визуал, мәтіндік графика мен дыбыс элементтерін тиімді қолданып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін шебер пайдалана білді.
Екінші кезеңде Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» шығармасы негізінде афоризмдер талданып, туындыдағы өмір шындығы жан-жақты ашылды. Оқушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мазмұнды сурет коллаждарын әзірлеп, шығарманың идеялық тереңдігін көркем түрде көрсете білді.
Бұл кезеңнен кейін Б.К. Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Мирамкүл Жөлекеш пен Жанаркүл Бекжан қатысушы командаларға сергіту сәтін ұйымдастырып, көтеріңкі көңіл күй мен серпіліс сыйлады.
Үшінші «Live podcast arena» кезеңінде «Атау кере: тағдыр мен ар жолында» тақырыбы аясында адам тағдырына қатысты күрделі моральдық дилеммалар кеңінен талқыланды. Қатысушы командалар шектеулі уақыт ішінде мазмұнды сценарий әзірлеп, эмоциялық тұтастығы сақталған, тың идеяға құрылған подкасттарын көпшілікке ұсынды. Әр топ талқыланған мәселені бүгінгі қоғам шындығымен байланыстырып, ар мен жауапкершілік, таңдау мен тағдыр ұғымдарының қазіргі өмірдегі маңызын ашып көрсете білді.
Шара барысында қатысушылардың еркін ойлай алатыны, тақырыпты кәсіби деңгейде талдап, нақты тұжырым жасай білетіні анық байқалды. Көпшілігінің бойынан спикерлік қабілет пен шығармашылық әлеует айқын көрінді. Әдебиет пен жасанды интеллектті үйлестіре отырып, терең мазмұн тудыра алғандары көпшілікті қуантты.
Қазылар алқасының шешімімен төрт команда төрт бірдей аталым бойынша үздік деп танылып, арнайы сертификаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Үздік Bookshot» Арал құрамасына, «Үздік подкаст» Қызылорда құрамасына, «Үздік сюжет» Жаңақорған құрамасына, ал «Замана шындығын шынайы зерттеуші» Шиелі құрамасына табысталды.
Сонымен қатар жекелей аталымдар бойынша да қатысушылардың еңбегі еленіп, арнайы дипломдармен марапатталды. «Эмоционалдық әсері жоғары талдаушы» аталымы жалағаштық Ақбибі Оразоваға, «Дара дауыс» қызылордалық Мадияр Зейнуллаұлына, «Шебер үйлестіруші» қазалылық Балбөпе Амандосқа, «Терең тұжырым» аталымы қазалылық Сабина Қуантханға берілді.
Сондай-ақ «Сөз бен дәлел шебері» аталымы жаңақорғандық Аңсар Ермекбайға, «Өмір шындығы» номинациясы қармақшылық Раида Мұхамбетқалиқызына, «Ақиқат айнасы» аралдық Ерсаят Іскендировке табысталды. «Классика мен заманауи» аталымын жаңақорғандық Назерке Қайратқызы иеленсе, «Рухани құндылықтар» аталымы шиелілік Мадина Бердімановаға, «Команданың рухани тірегі» шиелілік Шаттық Әбдірашитке берілді. Ал «Үздік таныстырылым» қызылордалық Ақмаржан Сабитоваға, «Көркем шешім иесі» шиелілік Жанберік Сұлтанбековке бұйырды.
Әсерге толы әдеби алаңның қорытындысында «Жауқазын жүрек» ІІ облыстық балалар шығармашылығын дамытуға арналған көшпелі әдеби алаңның арнайы статуэткасы Қармақшы ауданына табысталды. Келесі көшпелі әдеби басқосу келер жылы Қармақшы ауданында жалғасын таппақ.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
14 ақпан 2026 ж. 23 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728