Атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы
Қазалы аудандық отбасын қолдау орталығы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан жұмыс істеп келеді және бүгінде 16 қызметкер отбасыларға кешенді қолдау көрсетуде.Орталықтың негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды дер кезінде анықтап, оларға әлеуметтік, психологиялық және заңгерлік көмек көрсету. Жыл басынан бері орталыққа жүгінген тұрғындарға жүздеген кеңес беріліп, отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған семинар-тренингтер, профилактикалық іс-шаралар, қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. Полиция, білім, денсаулық сақтау және өзге де сала өкілдерімен бірлескен жұмыстар арқылы зорлық-зомбылықтың, интернет алаяқтықтың алдын алу, қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Сонымен қатар FSM SOCIAL цифрлық платформасы арқылы әлеуметтік осал топтағы отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, жұмысқа орналастыру, материалдық көмек, кеңес беру сияқты шаралар жүзеге асырылуда.
Қазалы ауданы бойынша жыл басынан бері отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында бірқатар құқық бұзушылық деректері тіркеліп, олардың алдын алу және болдырмау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, тұрмыстық жанжалдарға байланысты хабарламалар тіркеліп, заң талаптарына сәйкес қылмыстық және әкімшілік шаралар қолданылды, қорғау нұсқамалары шығарылып, құқық бұзушыларға мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғалар туралы мәліметтер «FSM Social» мобильді қосымшасына енгізіліп, тиісті органдармен бірлескен жұмыстар атқарылуда. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түсіндіру материалдары жарияланып, «Отбасын қорғау», «Қауіпсіз аула» секілді профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, осал топтармен және есептегі тұлғалармен нақты алдын алу, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.














