Атқарылған жұмыс көп, ауқымды істер алда тұр
Бейсенбі күні «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай Қазалы ауданына жұмыс сапарымен келді. Сапар аудан әкімі Алмасбек Есмахановпен кездесуден басталды. Кездесуге жауапты сала басшылары қатысып, тараптар партия мен аудан әкімдігі арасындағы тұрақты әрі жүйелі әріптестіктің нәтижелерін талқылады.Аудан басшысы партияның сайлауалды бағдарламасының Қазалы ауданында сапалы іске асуы атқарушы билік, мәслихаттағы партия фракциясы және партия құрылымдарының үйлесімді жұмысының нәтижесі екенін атап өтті. Өз кезегінде облыстық партия жетекшісі аудандағы әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына оң баға беріп, соңғы жылдары жүзеге асқан бірқатар жобаларға тоқталды. Әсіресе «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларының нақты нәтижелер беріп жатқанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Сапар барысында аудан жастарының бастамалары мен «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан кәсіпкерлік жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Онда мемлекеттік бағдарламалар мен жеке қаражат есебінен іске қосылған бірқатар өндірістік және кәсіпкерлік бастамалар ұсынылды. Атап айтқанда, кондитерлік және наубайхана өнімдері, фастфуд тағамдары, жергілікті брендтік тәттілер, қолөнер және сәндік бұйымдар жасау бағытындағы жобалар таныстырылды.
Көрме аясында пластикалық бөтелке өндірумен айналысатын кәсіпкер Ақбала Шүйіншәлі өз кәсібінің дамуы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, жоба аясында екі адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 6,9 млн теңге көлемінде 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған. Қазіргі таңда өнімге сұраныс артып, көршілес аудандар мен қалалардан да тапсырыстар түсуде. Алдағы уақытта өндірісті кеңейту жоспарда бар.
Кәсіп иелерінің әрқайсысының өнімімен жеке танысқан облыстық филиал басшысы олардың еңбегін жоғары бағалап, «Ауыл аманаты» жобасының ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытудағы маңызын атап өтті. Қазалының кәсіпкерлігі дамыған аудан екенін айтып, мұндай бастамалар тұрғындарды тұрақты табыспен қамтуға жол ашатынын жеткізді.
Сондай-ақ жас талапкер Нұржан Меңдуахастың жасанды интеллект негізінде әзірлеген анимациялық жобасы таныстырылды. Бұл бастамаға қызығушылық танытқан партия өкілі цифрлық технологиялар мен инновациялық жобаларды қолдаудың өзектілігіне тоқталып, ұсыныстарын ортаға салды.
Осы күні «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалы партия активінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, Саяси кеңес пен Бюро мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, ардагерлер және «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – аудандық филиалдың 2025 жылы атқарған жұмыстар. Бұл жөнінде атқарушы хатшы Нұрғиса Жалғасбаев баяндама жасап, сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру аясында өнеркәсіп, кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және жол құрылысы салаларында 67 іс-шара орындалғанын атап өтті. Сонымен қатар депутаттық фракция жұмысы, қоғамдық қабылдаулар мен көшпелі қабылдаулардың нәтижелеріне тоқталды.
Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әділбек Сарабеков партиялық бақылау жұмыстарының негізгі бағыттары мен нәтижелерін таныстырды. Ал «Шипагер» бастауыш партия ұйымының төрағасы Күншығар Әбілов ұйымның жыл бойғы белсенді жұмысына тоқталып, партиялық жобаларға қосқан үлесін атап өтті.
Жиында облыстық филиал төрағасы аудан партияластарының бірлескен еңбегіне жоғары баға беріп, алдағы міндеттерді айқындады.
«Аудандағы партияластарымыздың бірлескен жұмысы өте жоғары деңгейде. Партияның мақсат-міндеттерін, жобалары мен маңызды бастамаларын іске асыруда елеулі үлес қосып отыр. Өткен жылы ауданда сайлауалды бағдарлама аясында ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету, электр желілерін жөндеу, жол құрылысы, әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және басқа да маңызды іс-шаралар табысты жүзеге асырылды. Алдағы жұмыстарда осы ынтымақтастықты сақтап, бірлескен жұмыстарымызды сапалы әрі уақытылы орындау, барлық атқарылған істі халыққа ашық, кеңінен насихаттау, жастар мен әйелдердің саяси белсенділігін арттыру, кооперативтік жобаларды дамыту және партиялық бақылауды күшейту қажет»,–деді төраға.
Сонымен қатар қоғамда қызу талқыланып жатқан Конституциялық реформаларға тоқталып, «AMANAT» партиясы бұл бағытта ашықтықты басты қағида етіп, жан-жақты әрі жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ азаматтармен тікелей, ашық диалог орнатуға ерекше мән беретінін атап өтті. Сонымен қатар партияның барлық мүмкіндігі мен ресурсы осы жұмыстарды тиімді жүзеге асыруға бағытталатынын жеткізді.
Партияның Саяси кеңес Бюросының мүшесі Талайлы Бөріқұлақов өз пікірін білдіріп, партияның атқарып жатқан жұмыстарының ауқымы кең екенін айтты.
Мәжіліс соңында бірқатар партия белсенділері мен «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырып жүрген кәсіпкерлер Алғыс хаттармен марапатталып, жаңа партия мүшелеріне партиялық билеттер табысталды.
Жұмыс сапары барысында облыстық филиал төрағасы аудан әкімімен бірге «Шипагер» бастауыш партия ұйымының жұмысымен танысты. Құрамында 424 мүшесі бар бұл ұйым «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Баланы мектепке дайындайық!», «Таза бейсенбі» сынды жобалар мен акцияларға белсенді қатысып келеді. Ұйым жанынан ашылған қоғамдық қабылдау бөлмесінде партия басшылығы мен депутаттар тұрғындарды тұрақты түрде қабылдайды.
Сондай-ақ аудандық партия филиалының материалдық-техникалық жағдайымен танысу барысында ғимараттың толықтай қажетті жабдықтармен қамтылғаны айтылды. Қазіргі таңда филиалда төрт штаттық қызметкер еңбек етеді. Сапар соңында филиал қызметкерлеріне жұмысты жетілдіру бағытында нақты тапсырмалар берілді.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














