Қайта оралған қалам: терілген мәтін емес, терең ой
Фото: ашық дереккөзден алындыЖақында ақпарат айдынынан ақжолтай хабар тарады. Енді қазақстандық оқушылар қайтадан мазмұндама, шығарма, диктант жазбақ. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өз жазбасында бастаманың білім сапасын арттыруға бағытталып отырғанын айтып, сүйіншіледі. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» жобасының жарқын жалғасы болып отыр.
Шығарма жазу адамды шыңдай ма?Ақпараттар ағыны мол уақытта кітап оқу, шығарма, диктант жазу қаншалықты тиімді? Сараптадық.
Адамдарды арманынан адастырды
Шығарма дегенде, ойымызға алдымен өзімізге таныс «Менің атым Қожа» кітабы оралады.
«...Сонда маған Майқанова қалай қарар еді? «Үлкен кезінде ол әйгілі жазушы болған, оның есімі бүкіл дүние жүзіне мәлім. Олай болса, менің оған әкіреңдей бергенім жарамас, жазушыны сыйлау керек» деп, тәубасына келер еді», – деп келетін жолдарды бәріміз жатқа білеміз. Туынды кейіпкердің қиқар, қыңыр мінезін ғана суреттемейді, шығармашыл шәкірттің ой-қиялында астасып жатқан дүниені тануға деген ұмытылыс арпалысын анық аңғартады.
Бала Қожа тап-таза дүниеге өз көзқарасымен жауап іздейді. Өзіне қойылған ат, болашақ мамандығы, өмірде жақсы мен жамандық неге қатар жүреді? Бойын түзейтін амалдарының бәрі ойлау әлеуеті жоғары парасат иесінің бастапқы таным, білімі арқылы қалыптасу баспалдағын көз алдыңа оралтады.
Автордың повест соңындағы «Мөп-мөлдір мына ғажап дүние... «Үш! Самға!» деп, қолтығымнан қанат бітіретін, арман нысанасына қарай алып ұшатын тәрізді. Лаула! Лаула, жігер оты! Самға, қиял құсы!
Асығатыным да, аңсайтыным да ертеңгі болашағым» деген жолдарды оқушы бала ойына лайықтауы тек емес. Көркем шығарма арқылы кеңсітігін кеңітіп, болашағына байлам жасап, ел дамуы, өз саласының мақтаулы, жауапкершіл маманы болған адамдар туралы мысалдар жеткілікті.
«Кешкілік өзіміз білетін «Адам. Зат. Қала» дейтін ойынды отбасы болып 1-2 рет ойнағанбыз. Көп өтпей қызым: «Мама, осы ойынды ойнағалы айналама қарап жүретін болдым», – деді. Сонда әлеуметтік желі мен дайын жауаптар адамды ойлау, армандау қабілетінен айырып отыр», – десе Бағдагүл Қызайбай, оның пікірін замандасы Ұлжалғас Бектанова да қолдайды.
«Балаларым кітап оқымайды. Қызықтырып көруге ынталандырып, әуреленіп едім, онымнан түк шықпады. «Анашым, кішкентай дерек үшін сонша кітапты оқудың не қажеті бар? Қазір ең үлкен байлық біліммен емес, материалдық жағдай, денсаулықпен өлшенеді. Бір кітапқа құртқан 20 күнде мен 20 түрлі жаңа дүниелер үйрене аламын», – деді ұлым», – деді.
Бағдарламадағы олқылық
Ұшқыр ой иелерін шыңдауға жаңартылған білім беру формасының да өзіндік ықпалы тигенін жасыруға болмайды.
«Мектепте 4 оқушы балам бар. Кезінде орта білімді «Қызыл аттестатқа» бітірген адам, жауапты ата-ана ретінде, қолым босай қалса, ұл-қыздарымның сабағын қадағалаймын. Балаларым үздік, екпінді, бірнеше пәннен олимпиадаларға қатысқан. Бірақ сөзік қоры жоқ», – деп әңгімесін бастаған Айтуар Жарылқасынұлы.
Ол мәселенің бастауы оқу бағдарламаларында екенін айтады.
«Жақында әдебиет кітаптарын ашып қарасам, көркем ойға жетелеп, тілдік қолданысты дамытатын шығармалар жоқтың-қасы. Ғылыми-танымдық мәтіндер, публицистикалық мақалалар, ақпараттық мәтіндер, медиасауатқа қатысты тапсырма дегендер. Сонда балаларымыз әдебиет сабағынан ұлттық тілге қанықпаса, қай кезде қанығады?» – дейді ашына.
«Бір шығарманы 5 сағат оқиды», – дейді Алтынай Алтаева.
«Қолыма 5-сыныптың «Әдебиеттік оқу» кітабын алып отырмын. Бағдарлама бойынша «Керқұла атты Кендебай» шығармасын оқушылар 5 сабақ бойы оқиды екен Қазақтың фольклоры, одан кейінгі әдеби жауһарлары тек Кендебаймен бітіп қалған жоқ. Сонда тоқсан бойы 5-6 тақырып қамтылады. Онан да Зерделі, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлының бала жасына келетін шығармаларын енгізуге болады ғой... Мұғалім қаншалықты шебер, бағдарлама терең болса да, бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Біріншіден, бір мәтінді сонша оқу бала түгілі, ересек адамға да қызықсыз. Екіншіден, уақытты алады. Үшіншіден, пәнге қызығушылығын жояды. Қазақ тілі пәні оқулығы жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Аударма кітап сияқты», – дейді.
«Қазақстан Республикасы білім беру бағдарламаларында соңғы жылдары мектеп бағдарламасынан әдеби шығарма жазу толық алынып тасталған жоқ, бірақ форматы мен көлемі өзгерді. Әсіресе жаңартылған білім беру бағдарламасы қолданысқа түскен 2016–2018 жылдардан бастап дәстүрлі ұзақ шығармалардың орнына эссе, әдеби талдау, аргументативті жазба, қысқа жазылым тапсырмалары қатары ұлғая бастады.
11-сыныптағы қорытынды емтихандарда да бұрынғыдай көлемді еркін шығарма сирек кездеседі. Оның орнына нақты тақырыпқа байланысты талдау немесе эссе жазу енгізілді», – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәнімкүл Ізекенова.
Шығарма шыңдай ма?
«Шығарма жазу балаларға қандай дағдыны қалыптастыра алады?» деген сұрақты ұстаздарға қойдық.
«Шығарма жазу оқушының жан-жақты дамуына үлкен әсер етеді. Ең алдымен, ол баланың ойлау қабілетін дамытып, өз ойын жүйелі түрде жеткізуге үйретеді. Оқушы белгілі бір тақырыпты талдау арқылы, оған қатысты өз пікірін білдіруге дағдыланады. Сонымен қатар шығарма жазу барысында сауатты жазу машығы қалыптасып, грамматика мен тыныс белгілерін дұрыс қолдану деңгейі артады», – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақытгүл Есіркепова.
Бақытгүлдің әріптесі Ақмарал Қаманова шығарма оқушының сөздік қорын байытып, тіл мәдениетін жетілдіретінін айтады.
«Көркем сөздерді, тұрақты тіркестерді қолдану арқылы бала ойын әсерлі жеткізуге үйренеді. Бұл жұмыс шығармашылық қабілетті де дамытады. Себебі оқушы қиялын пайдаланып, ойды көркем түрде жеткізуге талпынады. Сондай-ақ шығарма жазу логикалық ойлауды қажет етеді. Оқушы кіріспе, негізгі бөлім және қорытындыны өзара байланыстырып жазуды меңгереді. Өз көзқарасын дәлелдеп, нақты аргумент келтіру арқылы өзіндік пікір қалыптастыру қабілеті дамиды», – дейді бастауыш сынып мұғалімі.
Қос мұғалімнің пікірінен ұғынғанымыз, шығарма жазу – тек жазба жұмысы ғана емес, ол оқушының ойлауын, тіл байлығын, шығармашылығын және тұлғалық қасиеттерін дамытатын маңызды құрал. Мектеп бағдарламасына диктант пен шығарма жазуды қайта енгізу: сауаттылықтың жаңа дәуірі немесе дәстүрлі құндылықтардың оралуы болар еді.
Халықаралық зерттеулер диктант арқылы оқушылардың жазу fluency яғни өткірлігі артатынын, когнитивтік жүктемені азайтатынын көрсетеді. Бұл әсіресе қазақ тілі сияқты агглютинативті тілдерде маңызды, өйткені сөз түрлендіру ережелері күрделі.
Бүгінгідей цифрлық дәуірде қысқа хабарламалар мен жазбалар үстемдік еткенде, толық мәтін жазу қабілеті когнитивтік «суперқуат» болып саналады.
Норвегиялық ғылым және технология университетінің нейропсихология профессоры, ми зерттеушісі Одри ван дер Меер мен когнитивті психология профессоры Рууд ван дер Веел адамның миының дамуы, оқу процесі, қолмен жазудың әсері туралы зерттеулер жүргізіп, қолмен жазу теруге қарағанда мидың байланыстарын көбірек белсендіреді деген әйгілі зерттеуді жариялаған.
Сондай-ақ қолмен жазу кезінде мидың сенсорлық-моторлық аймақтары, есте сақтау және оқу орталықтары белсенді жұмыс істейтіні айнықталған. Бұл процесс тербеліс арқылы жаңа ақпаратты терең кодтауға көмектесетіні көрсетілген.
Қолмен жазу жадыны және түсіну деңгейін жақсартатыны мысалдармен келтірілген. Теру кезінде оқушылар көбіне «көшіріп» қойса, жазу ойлантады. Диктант аудиторлық назар мен жұмыс жадысын дамытады. Бұл нейро даму бұзылысы немесе назар тапшылығы бар балаларға да пайдалы екендігі айтылады.
Техас Университетінің ұзақ жылдар психология профессоры болған Джеймс Пеннебейкер шығарма жазу – экспрессивті жазу терапиясының негізі екенін дәледеген. Оның пікірінше, адамдардың өз ойларын құрылымдау стресс, мазасыздықты азайтып, эмоционалдық реттеуді жақсартады.
Шығарма жазу – ойдың құрылымы болса, шығарма – оқушының ішкі әлемін, әдебиетті түсінуін және қоғамдық мәселелерге көзқарасын көрсететін жанр.
Бүгінге дейін тақырып туралы зерттеулер шығарманың критикалық ойлауды дамытып, эмпатия мен эмоционалдық интеллектті күшейтіп, ұзақ мерзімді жоспарлау дағдысын қалыптастырып, жеке дауыс пен авторлық стильді шыңдайтынын дәлелдеген.
«Қазіргі балалардың экран уақытының көптігінен ұсақ моторика және тұрақты назарлары төмендеген. Диктант пен шығарма бұл олқылықтарды толтыра алады. Сонымен қатар, жазу процесі баланың өзін-өзі бағалауын және жауапкершілігін арттырады – қате жіберсең, өзі көре, түзете алады», – дейді психолог Айгүл Жұбаназарова.
Реформа негізі нені ұғындырады?
Оқу-ағарту министрлігінің соңғы мәлімдемесі қоғамда қызу талқыға түсуде. Министр Жұлдыз Сүлейменова мектеп бағдарламасына мазмұндама, шығарма және диктант жазу жұмыстарын қайта енгізуді жариялауы – оқушылардың тілдік сауаттылығын, ойлау қабілетін және жазба дағдыларын жетілдіруге бағытталған бағдарламаның бір бөлігі болып отыр.
Реформаның негізі туралы сұрақты филология ғылымдарының кандидаты Нағи Әмитұлына қойдық.
«Соңғы онжылдықта цифрлық технологиялардың дамуымен бірге мектептерде жазба жұмыстарының рөлі азайды. Көптеген мектептерде диктант пен толыққанды шығарма орнына тест, эссе үзінділері немесе қысқа жауаптар басым болды. Нәтижесінде оқушылардың орфографиялық сауаттылығы, пунктуациясы және күрделі ойды жүйелі жеткізу қабілеті төмендеді.
Министрліктің пайымынша, дәстүрлі жазба жұмыстары оқушылардың тілдік дағдыларын тереңдетіп, аналитикалық ойлауды дамытады. Диктант есту және көру қабілетін, есте сақтауды, грамматикалық ережелерді автоматтандыруды қалыптастырады. Ал шығарма жазу – шығармашылықты, логикалық құрылымдауды және эмоционалдық интеллектті дамытатын құрал», – дейді.
Маманың тұжырымынша, диктант – сауаттылықтың негізі. Мақсаты тек қана «қате табу» емес. Ол дыбыстық есту мен әріп сәйкестігін жетілдіреді. Қысқа мерзімді есте сақтауды күшейтеді. Мәселен, бірнеше сөйлемді жаттап, дұрыс жазуға дағдыландырады. Сонымен бірге автоматты грамматикалық бақылауды қалыптастырып, назар шоғырландыру және стресске төзімділікті арттырады.
Тақырып төңірегінде қарсы аргументтер және қиындықтар да жоқ емес.
«Цифрлық дағдыларды елемеуге болмайды. Десе де бұл оқушыларға қосымша жүктеме болуы мүмкін. Мұғалімдердің дайындығы да жеткіліксіз. Меніңше, әдістемелік қолдау қажет.
Бұл орайда бағалау критерийлері объективті болуы тиі. Субъективтілікке жол бермеу қажет», – десе Мәдина Ахметова, өзін Руслан Мырзаұлы деп таныстырған модератор мұғалім мәселелерді шешу үшін министрлік әдістемелік нұсқаулықтар, мұғалімдерге тренингтер және кезең-кезеңмен енгізу жоспарын әзірлеуі қажеттігін айтады.
Бұл реформа дұрыс жүзеге асса, Қазақстанның жаңа буыны сауатты, шығармашыл және психологиялық тұрақты болатынына сенімді Гүлнар Жанаева.
«Диктант пен шығарма жазуды қайта енгізу – бұл тек «ескі дәстүр» емес. Бұл саналы сауаттылыққа, терең ойлауға және эмоционалдық зияткерлікке бет бұру. Цифрлық әлемде адамның ең құнды дағдысы – күрделі ойды түсінікті, әдемі және дәл жеткізу болады», – дейді Гүлнар Әбжәмиқызы.
Үздік тәжірибе – үлгілі үрдіс
Шығарма жазудың мақсаты – оқушының сыни ойлауын, сөздік қорын және өз ойын жүйелі жеткізу қабілетін дамыту. Әр елде бұл процесс әртүрлі аталып, түрлі форматта өткізіледі.
Батыс елдері АҚШ, Ұлыбритания, Канадада шығарманы жазуда көбіне әдеби талдаудан бөлек, аргументтік эссе жазуға басымдық береді.
Штаттарда жоғары сынып оқушылары SAT немесе ACT сияқты стандартталған тесттердің құрамында міндетті эссе бөлімі болады.
Ұлыбританияда гуманитарлық пәндер бойынша емтихандардың 80-90 проценті эссе жазудан тұрады.
Шығарма жазу мәдениеті өте жоғары дамыған ел – Франция. Француз оқушылары тіпті математика бағытында білім алса да, философиядан міндетті түрде көлемді эссе жазады. Бұл олардың білім беру жүйесінің «алтын стандарты» іспеттес.
Шығыс Азияның жетекші елдерінде шығарма – мемлекеттік емтиханның ең қиын бөлігі саналады.
Аспанасты елінің ұлттық емтиханы кезіндегі шығарма тақырыптары бүкіл елде талқыланады. Жақсы жазылған шығарма оқушының беделді университетке түсуіне тікелей әсер етеді.
ТМД елдері де шығарма жазуға көңіл бөлінеді.
Қазақстан, Ресей, Өзбекстанда классикалық әдеби шығармалар әлі де маңызды. Оқушылар көркем шығармаларды талдау арқылы кейіпкерлерге мінездеме беріп, автордың идеясын ашады.
Шығарма жазу үшін алдымен оқушы не білім алушы кітап оқиды. Соңғы уақытта Қазақстанда кітап оқу мәселесі мемлекеттік деңгейде жиі айтыла бастады. Бұл – жай ғана тренд емес, ұлттық стратегияның бір бөлігі.
Президент Қ.Тоқаевтың бұл мәселені көтеруінің бірнеше маңызды себебі бар. Біріншіден, интеллектуалды ұлт қалыптастыру. Себебі қазіргі әлемде табиғи ресурстар мұнай, газ емес, адами капитал басты орында. Кітап оқитын адам ақпаратты сараптай алады. Жалған ақпаратқа сенбейді және сыни ойлай біледі.
Екінші мақсат, тілді дамыту. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін тек сөйлеу жеткіліксіз, сапалы әдебиет оқу арқылы сөздік қорды байыту қажет.
Үшіншіден, креативті экономика. Жаңа технологияларды ойлап табу үшін қиял мен білім керек, ал кітап — соның негізгі көзі.
2020 жылы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев мынандай қаулыға қол қойған. Түрмелерде «Кітап сүйер сотталушы» байқаулары өткізіледі. Белгілі бір тізім бойынша кітап оқып, одан емтихан немесе мазмұндама тапсырған сотталушылардың тәртібі «түзелді» деп есептеліп, олардың мерзімі қысқартылуы мүмкін. Бұл қылмыскерді жазалап қана қоймай, оның санасын өзгертіп, қоғамға пайдалы азамат ретінде қайтару мақсатында қолға алынған шара. Мұндай тәжірибе алғаш рет Бразилияда басталған. Онда әрбір оқылған кітап үшін сотталушының жаза мерзімі 4 күнге, жылына максималды 48 күнге дейін қысқарған.
Ал қытайда иероглиф білу – ақылдылықтың белгісі саналады. Көрші елдің мәдениетінде иероглиф саны мен білім деңгейі арасында тікелей байланыс бар. Күнделікті өмірге 2000-3000 иероглиф жеткілікті. Алайда, жоғары білімді, зиялы адамдар 5000-нан астам иероглиф біледі. Тәжірибе көрсеткендей, мыңдаған күрделі таңбаны жатқа білу — мидың нейрондық байланыстарын керемет дамытады. Сондықтан, иероглифті көп білетін адамды «зейінді, еңбекқор және білімді» деп құрметтейді. Бұл мемлекетте «Бүкілхалықтық оқу» бағдарламасын белсенді жүргізеді. Тіпті метроларда, саябақтарда цифрлық кітапханалар өте көп.
Қытай мемлекеттік емтихандарында классикалық әдебиет пен тарихи мәтіндерден сұрақтар кездеседі.
Италия 18 жасқа толған әрбір жасөспірімге кітап, мұражай немесе театр билеттерін сатып алу үшін 500 еуро көлемінде «Мәдени бонус» беріледі. Оңтүстік Корея кітап дүкендері мен кітапханаларды заманауи коворкинг орталықтарына айналдырған. Кітап оқу — тренд және бедел. Франция«Кітап дүкендерінің заңы» бойынша, ірі маркеттер кітап бағасын тым төмендете алмайды. Бұл кішкентай, жайлы кітап дүкендерінің сақталып қалуына көмектеседі.
Жапония мен Оңтүстік Корея сияқты елдерде эссе, сұхбат, логикалық ойлау арқылы адамның дүниетанымы бағаланады.
««Ой — ниет — амал» тізбегі адам миында нақты механизмдер арқылы жүзеге асады.
Сіз бір нәрсе туралы жиі ойлағанда, мидағы нейрондар арасында электрлік сигналдар жүреді. Егер ой қайталана берсе, сол бағыттағы нейрондық жолдар нығая түседі. Ми «бұл ақпарат маңызды» деп шешеді де, оны жай ғана ойдан «мақсатқа» айналдырады. Психологияда бұл «Доминанта» принципі деп аталады», – дейді Айгүл Мақсат.
Кітап оқу арқылы жетістікке жеткен және жазу арқылы арманын орындаған әлемдік тұлғалар туралы психологиялық коуч нақты фактілерге негізделген қызықты мысалдарды атап өтті.
Әйгілі Илон Маск балалық шағында ол күніне 10 сағат бойы кітап оқыған. Ракета жасауды университетте оқымаған, тек кітаптардан үйренген. «Ракетаны қалай жасауды білдің?» деген сұраққа ол: «Мен кітаптар оқыдым» деп жауап береді. Оның SpaceX компаниясы осы өзіндік білімнің арқасында пайда болды.
АҚШ-тағы афроамерикалықтардың құқықтарын қорғаған танымал қайраткер, шешен және адам құқықтары белсендісі Малкольм Икс түрмеде отырған кезінде сөздіктің барлық бетін қолмен көшіріп, оқуды үйренген. Түрмеден шыққан соң ол АҚШ-тың ең ықпалды қайраткерлерінің біріне айналған.
Британдық жазушы, әлемге әйгілі «Harry Potter» кітаптар сериясының авторы Джоан Роулинг әлеуметтік көмекке тәуелді күйде өмір сүрген жұмыссыз, жалғызбасты ана. Қағазға жазған «Harry Potter» идеясы алғашында 12 баспадан бас тартылған. Бірақ ол тоқтамайды. Бірінші кітап 1997 жылы шыққан. Қазір еңбек тарихтағы ең көп сатылған кітаптардың бірі, ал өзі миллиардер
Кедей отбасынан шыққан америкалық Стивен Кингтің алғашқы кітаптарын қабылдамаған. Тіпті бір жолы қолжазбасын қоқысқа тастағанда, әйелі алып қалған. Үнемі жазуды жалғастырды. Қазір ол әлемдегі ең танымал жазушылардың бірі, кітаптары жүздеген миллион дана сатылған.
ҚР Оқу-ағарту Министрі жазбасында: «Мектеп бағдарламасы жаңартылып жатыр. Енді 5-7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8-9 сыныптарда «Заң және тәртіп» оқытылады. Ал жоғары сыныптарда «Құқық негіздері» пәндері міндеттеледі. Бұл өзгерістер балалардың тек білімін емес, тәртібі мен жауапкершілігін күшейтуге бағытталған», – дейді.
Бас мұғалім сондай-ақ химия, биология, физика бір пән болуы мүмкіндігін жеткізді. Қазір пәндерді біріктіру жайы талқылану үстінде. Жаңа пәндер «Адал азамат» бағдарламасы аясында енгізілмек. Сондай-ақ экологиялық тәрбиеге мән беріліп, кей пәндер қайта оралады деп күтіліп отыр. Мәселен 8-9 сыныптарда «Қазақстан географиясы» аптасына екі сағаттан оқытылады. Бұл қадамды мектеп бағдарламасының тек білім беруге емес, тәрбие мен заңды құрметтеуге бағытталуы түсіндірді Жұлдыз Сүлейменова.
Өзгеріс тек білім беру емес, ұлттық ойлау мәдениетін қалыптастырудың маңызды қадамы болмақ.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА













